Қоғам • 10 Қазан, 2023

Израильдегі отандастарды эвакуациялау үшін арнайы рейс ұйымдастырылды

115 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Air Astana» әуекомпаниясы Тель-Авивтегі қазақстандықтарды Алматыға алып келу үшін арнайы рейс ұйымдастырды, деп хабарлайды Egemen.kz аталған әуекомпаниясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Израильдегі отандастарды эвакуациялау үшін арнайы рейс ұйымдастырылды

Фото: Air Astana

«Бүгін сағат 08:00-де Air Astana ұшағы Алматыдан Тель-Авивке ұшты. Ұшақ Алматыға жергілікті уақыт бойынша шамамен 23:45-те қайта келеді», делінген хабарламада

Естеріңізге сала кетейік, палестиналық ХАМАС тобы сенбі күні Израильге шабуыл жасады. Салдарынан Израиль соғыс жағдайына енгенін хабарлады. Сондай-ақ бірқатар мемлекет Израильден азаматтарын эвакуациялауды ұйымдастыруға асығып жатыр.

Израиль армиясының өкілі дүйсенбі күні таңертең Израиль барлық елді мекендерді бақылап отырғанын және Израильде қазіргі уақытта ешқандай шайқас жоқ екенін айтты. Сонымен бірге ол Израиль аумағында әлі де ХАМАС содырлары бар екенін мойындады.

Жақында Хамастың Тель-Авив әуежайын зымыранмен атқаны белгілі болды. Сонымен қатар Израиль қорғаныс министрі Йоав Галлант Газа секторын толық қоршауға алғанын, онда электр қуаты, азық-түлік және жанар-жағармай жоқ екенін мәлімдеді.

Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров министрлік мессенджерде жедел штаб пен арнайы чат құрғанын, оның құрамына Израильде уақытша және тұрақты тұратын 200-ге жуық Қазақстан азаматы кіргенін айтты.

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, Газа секторында 25-ке жуық қазақ отбасы бар.