Шымкент • 02 Қазан, 2023

Сапаға мән берген кәсіпорын

159 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Президент Жолдауында монополияның табысын инфрақұрылымдарды жаңартуға жұмсауды қамтамасыз ету тапсырылған еді. Осыған орай «Тарифті инвестицияға айырбаста» тарифтік саясаты қабылданды. Өйткені бүгінгі таңда елімізде инфрақұрылымдық жүйелердің жартысынан астамының тозығы жеткен. Бұларды тариф есебінен жаңалау күн тәртібіндегі мәселеге айналды.

Сапаға мән берген кәсіпорын

Осы аталған саясатты тиімді жүргі­зіп отырған мекеменің бірі – Шымкент­те­гі «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС. Жуырда ғана 25 жылдық мерейто­­йын атап өткен кәсіпорынның ең бірін­ші стратегиялық қадамы – суды есеп­теу құралдарын орнатты. Аз уақытта тұты­ну­шыларға жеке су өлшегіш орнат­қан рес­­публикада бірінші шаһар атанды. Нә­тижесінде, 1 адамға шаққанда су мөл­­­шері тәулігіне 456 литрден 125 литр­ге дейін азайды. Халық судың бағалы екенін біліп, үнемдеуді үйренді. Қала тіршілік нәрін 2 су көзінен алады. Үшеуі резервте тұр. Ескі темір құ­бырларды плас­тик­ке ауыстыру апаттарды төмендетті. ТМД елдерінде судың орташа шығыны 30%-дан асса, Шымқалада – 17%.

Мекеме басшысы Анарбек Орман­ның айтуынша, инвестиция арқылы су құбырын, кәріз желілерін жаңарту, жаңа жабдықтар мен техникалар сатып алу жүріп жатыр. Кәсіпорын алғаш рет 2009 жылы Еуропалық Қайта құру және даму банкімен несие шартын түзді. Қаржы институтынан бүгінге дейін 18,7 млрд теңге несие алды. Игерілгені – 15,4 млрд, қайтарылғаны – 13,2 млрд теңге. Инвестициялық қаражатқа су қа­былдағыш қондырғыларына жаңа сор­ғы орнатылды. Ең маңыздысы, 1 текше метр суды өндіріп тасымалдауға жұмсалатын энергия шығыны 0,87 КВт-дан 0,06 КВт-ға азайды. Жаңа тех­нологияның нәтижесінде сұйық хлор­ды пайдаланбайтын болды. Ауыз суды зарарсыздандыру үшін тұз таблет­ка қолданылады. Бұл – ағзамызға қауіпсіз. Жалпы, ауыз судың сапасы мен қауіпсіздігіне айрықша көңіл бөлінеді. Сынақ зертханасы күн сайын сынама алып, су сапасын тексеріп отырады. Бір жыл ішінде 70 мың сынама алынады.

ва

Сумен қамту жүйесін оңтайландыру үшін қысым реттегіштері мен бақы­лағыш­тар, электр клапандары және жүйе­дегі су қысымын қашықтан басқаруға мүмкіндік беретін заманауи жабдықтар орнатылды. Бұл да құбырларда апатты барынша азайтуға мүмкіндік берді, демек жөндеу жұмыстарына кететін шы­ғындар азайды. Кәсіпорынның инвес­тициялық бағдарламасының негізінде 1 115 шақырым су құбыры, 89,9 шақырым кәріз желісі жаңартылды. Қайта құру және ауыстыру жұмыстары жалғаса бе­реді. Кәсіпорын биогаз қондырғысын орнатты. Бұл шайынды суды өңдеп, метан алуға мүмкіндік береді. Және кәсіпорын өзіне қажетті электр энергиясын осы қон­дырғыдан өндіреді. Нәтижесінде, өзін-өзі жылумен қамтып, электр энер­гия­­сы шығынын 60%-ға түсірді. Бір сөз­­бен айт­қанда, «Су ресурстары-Марке­тинг» ЖШС-ның биогаз қондырғысы – Ор­талық Азия елдерінде теңдесі жоқ жоба.

Президент тапсырмасына сәйкес, «Та­­рифті инвестицияға айырбаста» бағ­дарламасы аясында 2023-2026 жылдары 38,3 шақырым кәріз жүйесін жаңартуға қаржы қаралды. Және 300 шақырым су құбырын жаңарту жоспарда бар. Мега­полисте халық санының өсуіне байланысты биыл тәулігіне 50 мың текше метр шайынды су өңдейтін қосымша ны­сан салына бастады. Бұл тәулігіне 200 мың текше метр шайынды су өңдеуге қауқарлы. Қажетті қаржы Еуропалық Қайта құру және даму банкінен және мемлекеттік субсидия есебінен қаралды.

Келесі кезеңде NB-Iот деректерін ­қа­шықтан бақылау жүйесінің көме­гі­мен жеке есептеу құралдарының көрсет­кіш­терін жинау автоматтандырылады. Орталық диспетчерлік қызметтің әдет­тегі телефон байланысынан бөлек, кә­сіп­орынның әлеуметтік желілердегі ашық аккаунттары, электронды пошта және мессенджерлері де жұмыс істейді. Абоненттер кәсіпорын қызметіне байланысты барлық сұрағына жауап ала алады. Telegram мессенджерінде «виртуалды көмекші» қызметі іске қосылған. Чат-Ботта тұтынушы электронды түбір­тегін көре алады, балансын біліп, онлайн төлем жасайды және басқа да пайдалы ақпараттарға қанығады. Шымкенттік тұтынушылардың 80%-ы «виртуалды көмекшіге» жүгінеді. Мекемеде жас мамандардан мықты техникалық резерв құру бойынша жұмыстар қолға алынған. Басшылық тоқсан сайын жұмысшылар арасында техникалық сынақ ретінде конкурстар өткізеді. Жеңімпаздар қаржылай сыйлықтармен марапатталып, резервке ілінеді.

Жалпы халыққа көрсеткен қызметі үшін «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС Президенттің «Алтын Сапа» мен «Па­рыз» сыйлықтарымен марапатталған.

 

ШЫМКЕНТ