Өнер • 01 Қазан, 2023

Суреткер Алатау биігінен көз салады...

151 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің ең ірі өкілдерінің бірі, сырлы суреткер, өр Алтай­дың Кербұғысы, асқақ жыршысы атанған Оралхан Бөкейдің 80 жыл­ды­ғына орай өзі өмір сүріп, жастық шағы өткен, азамат болып қалыптасып, әде­биет­ке қалтқысыз қызмет еткен Алматы қаласында бірқатар айтулы іс-шара­лар шеруі өтті.

Суреткер Алатау биігінен көз салады...

Қоңыр күзде туып, шығармаларында нәзік мұң кешкен дарабоз қаламгерді босаған көңілмен бебеу қағып іздейтін, сағынып сыр шертуден шаршамайтын замандасы мен артына қалдырған баға жетпес мұрасы туралы толғанып еске алар қаламдасы бұл қалада қалың шоғыр. О дүниеге асығыс аттанғанына отыз жылды орталаса да, оқырман Орал­ханын жоқтаудан жалыққан емес. Ұлт­тық кітапханада өткен «Өр Алтайдың асқақ жыршысы» атты конференцияға әдебиет көгінде қанаттасып ұшқан үл­кен-кіші қаламдас, шығармаларын із­деп жүріп оқитын кітапсүйер қауым қа­тарын бұзбай келіп тегіс қатысты. Алаш жұртының сүйікті перзентіне ай­налған арда азаматтың тағылымды ізін, әдебиетке сіңірген өлшеусіз еңбегін, елін сүйген үлкен жүрегін аңсай отырып, есте­лік­тер тиегін тоқтаусыз ағытты.

Жиынға ақын, филология ғылым­да­рының докторы Бауыржан Жақып модераторлық етті. Ал­ма­ты қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев сабақтап, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің құттықтау хатын оқып берді. Іс-шараға жазу­шының әпкесі Клара Мағзұмова қатысып отырды.

Бас баяндамашы, филология ғылым­да­рының докторы, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері Нұрдәулет Ақыш «Кестелі сөздің Кербұғысы» атты баян­дамасында әдебиетті түсінетін оқыр­манды бей-жай қалдырмай, оң баға­сын алып қойған дүниелеріне қайыра бір шолу жасап, жазушының дара стилін аңдатқан көркем атрибуттар – кестелі көркем тіл мен көркемдік тәсіл­дері туралы айта келіп, туынды түбіне жасырылған, сыншылардың өзі аңда­ма­ған астарлы иірімі туралы кеңінен әңгі­меледі. «Кейбір сыншылар Оралхан шы­ғар­маларын талдаған кезде, жеткілікті тани алмай жататыны бар. Мәселен, «Сарыарқаның жаңбыры», «Терісаққан» әңгімелерін табиғат туралы десе, «Бура» мен «Кербұғыны» зоологиялық та­қы­рыпқа арналған дегендер де бар. Шығармалардың астарын жете түсінбей қалған деуге болады. Автордың өзі ол жөнінде: «Терісаққан» мен «Бурада» қазақ халқының трагедиялық тіршілігін символ арқылы берген едім. Оны сыншылар сол қалпында қабылдап жүр» дегені бар» дейді әдебиеттанушы ғалым. Сондай-ақ, ғалымның баяндамасында келтірген: «Кербұғыда» бұғылар ара­сын­дағы шайқас та табиғат ортасында ашық суреттеледі ғой. Сондай тартыс адамдар арасында да болып жатады. Жазушының өз байламы қызық: «Не нәрсе сұлу болса, отап тастауға, не нәрсе биік болса, құлатып тастауға, не нәрсе әппақ болса, қаралап тастауға, не нәрсе сау-саламат болса, жаралап тас­тауға, не нәрсе адал болса, арамдап тас­тауға әуес жұмырбасты пенденің өз оңбағандықтарынан аяқталар «ақиқат» әрқашан дайын» деген Ор-ағаңның пәлса­палық ойы бүгінгі күнмен тіпті үйлесімді қабылданады.

Әдебиеттанушы, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің профессоры Гауһар Балтабаева дайындаған «Оралхан Бөкейдің прозасындағы тәуел­сіздік идеясы» атты қосымша баяндамада айтылған ой-пікір жазушы тұлғасын Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жыр­шыларының бірі ретінде жан-жақты ай­шықтай түсті.

О.Бөкейдің шығармашылыққа о баста журналистика арқылы келгені белгілі. Журналистика мен әдебиет – қаламгердің қос қанаты сынды жазу аспанында еркін қалықтатты. Жас шағында журналистігі атойлап алдыңғы орынға шыққан тегеурінді мақалалардың авторы қазақ көсемсөзінің тарихындағы сирек таланттың бірі екенін тұстастары түгел мойындайды. Оның жазу мәнеріне, саф ауа сынды мөлдір әрі нәзік стиліне еліктеп әдебиет есігінен аттаған қаламгер шоғырының өзі бүгінде бір қауым ел. Оралхан өзінен кейінгі буынның әдебиетті сүюіне, қалам ұстауына және сол қаламға адал болуына әсер еткен ықпалды қалам­герлердің бірі болды. Шақырылған қонақ­тардың естелігінде әдебиеттегі бұл ерекше құбылысты атамай, айналып өткені некен-саяқ.

Белгілі адамның беймәлім қыры туралы көзкөргеннен асып кім айтар? Елең­деп, ел естелігін тыңдауға асық­қан екеу, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары Кәдірбек Сегізбаев пен Бексұлтан Нұржеке – жазушының ең жақын достары. Көзіне жас алып отырып, адал достың есімін жаңғыртып айтқан жүрекжарды әңгімеге жұрт айрандай ұйыды. Оралхан қайтыс бола салып, сағынып үлгерген, іздеуден талмай келе жатқан ел жүрегіндегі махабатты осы ардақты азаматтар мәнді естелігімен маздата түсетіндей. Қаламгердің өзі өмірден озса да, тұлғалық тұрпатының уақытпен көлегейленбей, керісінше, халықтың жүрегіне берік орнығып, алыстаған сайын бірте-бірте биік тартып бара жатқан бейненің жұмбаққа толы сырына тоқталып, көпшіліктің назарын аудара айтқан әңгімесі, рас, әсерлі өрілді.

ТҮРКСОЙ Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, әдебиет сыншысы Әмірхан Меңдеке, қазақ Пен-клубының төрағасы Бигелді Ғабдуллин, халықаралық «Алаш» сыйлы­ғы­ның лауреаты Қуандық Түменбай, жазушы, Мемле­кеттік сыйлықтың лауреаты Әлібек Асқаров әдебиет классигі көтерілген биіктің деңгейі, азаматтық дүниетанымы, адами ынта-зары туралы толғамды ой айтты. Конференцияға қатысушылар жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған кітап көрмесі мен суретшілердің туындыларымен танысты. Кеңсайдағы қаламгер қабіріне зиярат жасалып, Құран оқылып, ас берілді.

Сондай-ақ Оралхан Бөкейді еске алуға арналған рухани шаралар желісін аламан айтыс өнері жалғастырды. «Алатау» дәстүрлі өнер театрында өткен сөз сайы­сына еліміздің беткеұстар 14 айтыскер ақыны қатысты. Олардың қатарында Әсем Ережеқызы, Жансая Мусина, Серік Қуанған, Аспанбек Шұғатаев, Шұғайып Сезімхан, Қазірет Бердіхан, Мұхтар Ниязов, Ардабек Ақбаба, Нұрзат Қаруқызы, Мейірбек Сұлтанхан, Ақниет Жұбаныш, Төлеген Жаманов, Ержан Әміров, Фархат Марат бар. Кіл жүйрік бақ сынасқан сөз додасының тізгінін әйгілі айтыскер ақын Аманжол Әлтай ұстады. «Алматының халқы айтысты сағынып қалған екен. Ине шаншар жер жоқ, зал толып отырды. Жыр арқауы – қазақ әдебиетінің заңғар тұлғаларының бірі, классик жазушы Оралхан Бөкей ағамыз. Айтысқа ағамыздың да тікелей қатысы бар. Ол 90-жылдардың кезінде өзі ұйытқы болып, Алматыда бірнеше мәрте айтыс өткізген. Ал бүгін оның мерейтойында ақындар келіп, Оралхан ағаны жырға қосып отыр. Кітап оқитын, әдебиет сүйетін ұлт бар кезде ағамыздың бейнесі жадымыздан өшпек емес», – деді Аманжол Әлтай. Қазылар алқасының шешімімен республикалық аламан айтыс­тың бас жүлдесін шашасына шаң жұқтырмай шын жүйрік екенін танытқан Мұхтар Ниязов жеңіп алып, оған 2,5 миллион теңгенің сертификаты табысталды. Қазірет Бердіхан І орынды жеңіп алса, ІІ орынның төріне Шұғайып Сезімхан мен Жансая Мусина жайғасты. Ал ІІІ орынды Серік Қуанған мен Төлеген Жаманов өзара бөлісті. Осы кеште Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенттері О.Бөкейдің «Қар қызы» повесі желісімен театрландырылған көрініс сахналады. Сондай-ақ сөз додасын тамашалауға келген құрметті қонақтар мен игі жақсыларға «Оралхан Бөкей – 80» мерейтойлық медальдары тапсырылды.

 

АЛМАТЫ