Технология • 02 Қазан, 2023

Отандық технологияға арқа сүйеген кәсіпорын

165 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі өңірлерде «Отандық өндіріс» медиажобасын қолға алды. Жоба мақсаты – отандық өндірісті насихаттау және кәсіпорындардың беделін көтеру. Соған орай БАҚ өкілдері арасында баспасөз туры ұйымдастырыла бастады. Журналистер жуырда медиажоба іс-шарасымен «Alageum Electric» холдингтік компаниясының құрамына кіретін «Кентау трансформатор зауыты» АҚ мен Шымкенттегі «Asia Trafo» ЖШС-да болып қайтты.

Отандық технологияға арқа сүйеген кәсіпорын

«Кентау трансформатор зауытының» басқарма төрағасы Бауыржан Құдай­бер­генов кәсіпорынның тарихы мен бү­­гінгі жетістіктері жөнінде баян­дап, өндіріс орнындағы цехтарды ара­лат­­ты. 1997 жылдың 17 қарашасы – за­уыт­тың жаңа шежіресі басталған күн. Кә­сіп­орынға екінші тыныс берген инвес­тор – Сайдолла Қожабаев. Сол уақытта банкротқа ұшыраудың алдында тұрған зауытты құтқарып қалған. Ол бюджет пен жалақыға қарыз миллиондаған ақшаны  өтеп қана қоймай, кәсіпорын өнімін нағыз отандық брендке айналдыра білді. Бүгінде зауыт бірнеше маңызды шикізатты шетелден алдыратыны болмаса, қалған бөл­шектер мен құрастыруды өздері жасайды. Тіпті инженерлік-конструкторлық бюрода болашақ трансформатор сызбасын қағазға түсіріп, оның математикалық дәлдіктерін есептеп, жап-жаңа дүние жасап шығарады. Басқарма төрағасының айтуынша, өндірістің мықтылығы оны ойлап табу мен технологиясында жатыр. Бұл екі артықшылығы жағынан «Alageum Electric» холдингі Қазақстанда көш бастап тұр. Себебі жоғарыда келтіргеніміздей, сызбалары да, технологиялары да өзінікі. Ширек ғасырдан астам уақыт тарихында кә­сіпорын өнімдерінің түрін көбейтіп үлгерді. Қазіргі таңда ол 400-ден асады. Алғашқы кезде он-ақ түрі шығарылған. Негізінен өндіріс қуаты жылына 12 мың дананы құрайды. Былтыр 8 мыңнан астам трансформатор шығарды. Мыңнан астам адам жұмыс істейтін зауытта орташа жалақы 300 мың теңгенің үстінде. Дәнекерлеушілер одан да көп айлық алады. 500 мыңнан жоғары саналады.

«Кентау трансформатор зауыты» не­гі­зінен кернеуі 10, 20, 35, 110 кВ болатын майлы және құрғақ трансформаторлар, қосалқы стансалар, төмен және жоғары вольтті ұяшықтар, ваккумдық ажыратқыштар және тағы да басқа электр жабдықтарын өндіреді. Кәсіпорын 2017 жылы елордада өткен ЭКСПО көрмесінде салмағы 125 тонна, кернеуі 110 кВ, қуаты 80 мың кВА келетін 4 трансформатор орнатты. Бұл құрылғылар халықаралық көрмеде ЭКСПО кешенін үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз етті. Шетелдік қондырғылардың шамасы кел­меген соң, отандық өнімге мұқтаж­дық­тары артқан. Іс-шара аяқталған соң ұйымдастырушылар кәсіпорын бас­шы­лығына арнайы алғысын білдіріпті. Ше­тел­діктердің өзін мойындату – за­уыт­тың үлкен жеңісі», деп есептейді Б.Құдайбергенов.

Өндіріс орнында Еуропаның, Жапо­ния­­ның заманауи қондырғылары ор­на­тылған. Осы өндіріс желілерінің көме­гімен өнім шығару ісі автоматтандырылып, еңбек өнімділігі артты. Бұрын сырттан келетін жабдықтар осын­­да шығарылатын болған соң транс­фор­ма­тор­дың бағасы арзандап, әрбір өнімді жасауға кететін уақыт та қыс­қара түсті. Соның нәтижесінде бәсе­келі нарықта өз орындарын тауып, отан­дық өнімге деген сұраныс шетел­дің өзінде арта бас­тады. Бұл күнде компания өнімінің 60 пайызын ішкі нарыққа жөнелтсе, қалғанын алыс-жақын шетелге экспорттайды. Оның ішінде Ресей, Түркия секілді өндірісі дамыған елдер де бар. Осының өзі кәсіпорын өнімінің сапалы, заманауи технологияға сай екенін білдіреді. Кәсіпорында ең алдыңғы қатарлы жабдықтар орнатылғанын айт­тық. Мәселен, швейцариялық қондыр­ғымен металды кесу мен тесу 15 секунд уақыт алады. Бұрын бұл жұмысқа 4-5 сағат жұмсалатын. Мемлекеттік грант есебінен де жартылай ақшасын төлеп сатып алған заманауи қондырғылар бар.

«Біз құрғақ трансформатор өндірісін дамытып жатырмыз. Қазір Еуропа осы технологияға көшкен. Себебі мұн­дай трансформаторлар қауіпсіз әрі эколо­гиялық таза болып келеді. Бірақ оларды жасау да қиын. Сол себепті бағасы қымбат болады. Өнімдеріміздің жартысын шетелге шығарамыз. Құрғақ трансформатор өндірісі Орта Азияда бізде ғана бар. Келешекте майлы трансформатор қалады.  Дамыған елдер құрғақ түріне көшіп жатыр. Сол үшін өндірісті осы бағытқа қарай бұрып, қуаттылықты арттырамыз ба деген ойдамыз. Неміс халқын өндіріске жақын ұлт деп мақтаймыз. Қазақ та олардан кем емес. Бір кездері Ресейдің компаниясы Тайвань елінің қондырғысын орнатты. Сонда олар бізге күлген еді. «Біз өзіміз бір жыл дегенде әрең іске қостық, сендер мұны тіптен жүргізе алмайсыңдар да», деп кеткен. Жігіттеріміз намысқа тырысып, 6 айда техниканың тілін меңгеріп шықтық. Ресейден келген компания өкілдері кейін көріп бастарын шайқады. Біздің мақсатымыз – қазақты бүгінгі ғылымның, технологияның маманына айналдыру. Осы ниетпен Кентаудан қазақ-неміс политехникалық колледжін аштық. Жыл сайын бітіруші жүзден астам түлектің 20-30 шақтысы біздің кәсіпорында жұмысқа қалады. Немесе холдингтің басқа өңірлердегі кәсіпорындарына жібереміз. Колледж шәкірттері дуальды жүйемен білім алады. Зауыт жанынан оқу-өндірістік база аштық. Студенттер сонда макеттер арқылы болашақ маман­дықтарының қыр-сырын меңгереді. Сонымен бірге кәсіпорын Кайдзен жүйесі бойынша жұмыс істейді. Бұл үшін мамандар арнайы Жапонияға барып оқып келді. Кайдзен философиясы жұмыс сапасын күшейтуге, жауапкершілікті арттыруға әр адамның өзін жеке дамытуына мүмкіндік береді», деді басқарма төрағасы Б.Құдайбергенов.

Ал Шымкенттегі «Тассай» индус­триял­ық аймағында орналасқан «Asia Trafo» кәсіпорны Кентаудағы зауытпен салыстырғанда 110, 220, 500 кВ құрайтын жоғары кернеулі трансформаторлар шығарады. Өндіріс орнын құруға 19 млрд теңгедей қаржы кеткен. Оның 8,7 миллиар­дын Қазақстан Даму Банкі несие түрінде берген. Индустриялы аймақта зауытқа бөлінген жер 2 гектар аумақты алып жатыр. Жалпы, кәсіпорындар шоғырланған алаң – 22 гектар. 12 гектар жер игерілді. Енді қалған аумақта жобаларды іске асырудың ІІ кезеңі басталады. Компанияның басқарма төрағасы Омар Асановтың айтуынша, кәсіпорынның жылдық қуаттылығы 120 дана трансформаторды құрайды. Бұл кәсіпорын да 300-ден астам жұмыскері бар үлкен ұжым саналады. Нағыз өндірісте істейтін жұмысшылар саны – 230 адам. Жұмыс өтілі жоғары дәнекерлеушілер 500 мыңнан аса айлық алады. Зауыт қаладағы М.Әуезов атындағы және Алматыдағы Қ.Сәтбаев атындағы университеттермен келісім жасаған. Оқу орнының арнайы кафедрасында оқитын студенттер осында өндірістік іс-тәжірибеден өтеді. Дуальды оқыту жүйесімен аудиторияда алған білімдерін өндірісте шыңдайды. Мұнда шығарылған өнімдер негізінен өңірлер мен ірі қалалардағы қосалқы стансаларға арналған.

Біз осы зауытқа келгенімізде тарихи сәттің куәсі болдық. Қазақстанда тұңғыш рет салмағы 295 тоннаны құрайтын, кернеуі 500 кВ, қуаттылығы 250 000 кВА үш фазалы автотрансформатордың сынақтан сәтті өтіп, KEGOC компания­сының Оралдағы қосалқы стансасына жөнелтілгелі тұрған сәтінің куәсі болдық. Бір Шымкенттің электр қуаты 300 000 кВА, ал бұл қондырғы 250 000 кВА қуаттылыққа арналған. Ендеше, трансформатор күшінің қаншалықты дәрежеде екенін бағамдай беріңіз.

«Бұл қондырғы – кәсіпорын тарихында алғаш рет KEGOC компаниясының тапсырысымен офф-тейк келісімшартымен жасалған алғашқы жоғары кернеулі трансформатор. Қазақстанның электр желілері 500 кВ-ға арналған. Аз шығын­мен электр энергиясын қашықтыққа тасымалдау үшін ортада қосалқы стансалар болуы қажет. Мына қондырғы – сол мақсатта қолданылатын трансформатор. Өзіміздің инженерлік-конструкторлық бюрода жасалған. Яғни отандық құ­рас­ты­ру­шылардың еңбегі. Орта Азияда біздегідей зауыт жоқ. Мұндай қондырғы бұрын тек импортталатын. Екі ай жо­ба­лауға кетсе, жасап шығаруға кеткен уа­қытты есептегенде жарты жылда бітір­дік. Жабдықтың 80 пайызы отандық өнім деп айтуға болады», деді басқарма төрағасы О.Асанов.

Кәсіпорында жұмысшылар жан-жақты әлеуметтік көмекпен қамтылған. Мәселен, босанған әйелдерге 400 мың теңге беріледі. Үйленген жас жұбайларға 103 мың теңге қарастырылған. Кәсіп­орында 10 ерлі-зайыпты жұмыс істейді. Соңғы 3-4 жылда зауытта істеп шаңырақ көтерген азаматтар үш-төрт отбасына көбейді. Баспана да проблема емес. Зауыт жанында жатақхана дайын тұр. Әрі кәсіпорын білікті мамандарға үй алуға 50 пайыз баспана құнын төлеп береді. «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасымен келгендерге за­­­уытта тұрақтап қалуға мүмкіндік жасалған.

 

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ –

ШЫМКЕНТ