Аймақтар • 01 Қазан, 2023

Екібастұзда жылу беру маусымы басталды

168 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Екібастұзда жылу беру маусымын бастау үшін облыс әкімі жылуды іске қосу процесін өзі барып қадағалауға алған, деп хабарлайды Egemen.kz өңір әкімдігіне сілтеме жасап. 

Екібастұзда жылу беру маусымы басталды

Фото: gov.kz

Мұндағы қайта жаңартылған № 2, 5, 8, 12 төрт жылу магистраліне жүргізілген гидравликалық сынақтар мен желілерді жуу жұмыстары сәтті аяқталған. Қазір магистральдар химиялық тазартылған сумен толтырылып жатыр.

Көктем мен күз мезгілдеріндегі гидравликалық сынақтар кезінде анықталған барлық ақаулар жойылған. Желілер жылу және ыстық сумен қамтамасыз ету үшін жылу энергиясын беруге дайын тұр.

Қалаға жылу беруді бастау мақсатымен Екібастұзға келгенін және қалада үш күн болатынын айтқан облыс әкімі: «Іске қосу кезінде жылу желілері қызметкерлерінің, энергетиктердің және жергілікті әкімдіктің жұмысы жылумен жабдықтаудың барлық жүйесін теңдестіруге бағытталатын болады. Бұл реттеуді қажет ететін технологиялық тұрғыдан күрделі жүйе, сондықтан, қазан айының басында біз оны тәулік бойы бақылайтын боламыз. Барлық желілер дайын. Екібастұзда барлығы 400 шақырымға жуық желі бар, оның 74 шақырымы ауыстырылды, бұл 20%-дан сәл ғана төмен. Өкінішке қарай, қалған 80%-ы ескі желілер және оларда жылу бергенде жедел түрде жойылатын кішігірім ақаулар орын алуы мүмкін. Өткен жылы болған жағдайға жол бермейміз», деді.

Жылу беру барысында анықталған ескертулерді жедел жою үшін 19 жөндеу бригадасының кезекшілігі ұйымдастырылған.

Екібастұз ЖЭО-да 4 қазандық агрегаты (3 энергетикалық және 1 су жылыту) дайын. 10 қазанға дейін тағы 2 су жылыту қазандығы іске қосылады, ал, қалған 4 қазандық қазан айының соңына дейін аяқталады.