Сенат • 28 Қыркүйек, 2023

Қандастар қазақ екенін дәлелдей алмай жүр – Сенатор

330 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сенатор Ғалиасқар Сарыбаев  Премьер-министр  Ә.Смайыловтың атына депутаттық сауал жолдап, шеттегі тарыдай шашыраған этникалық қазақтарға қолдау көрсетуге, қандастарға көмектесуге үндеді, деп хабарлайды Egemen.kz жоғарғы палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қандастар қазақ екенін дәлелдей алмай жүр – Сенатор

Фото: senate.parlam.kz

Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдаған сенатор  шетелде 4 миллионға жуық, ал бейресми мәліметтерге сәйкес 7 миллионға жуық қазақ тұратынын айтты.  Депутат олардың көпшілігінің тарихи отанына оралу ниеті бар екенін,  бірақ олардың атажұртқа көшіп келуіне  тұсау болатын бірқатар себеп барын да айтты.

«Қандастардың өздерінің ұлты қазақ екендігін дәлелдей алмауы,   менталитеттегі, білім беру саласындағы айырмашылықтар, тілдерді білмеуі олардың мүмкіндіктерін шектеп жатыр. Сыртқы істер министрлігінің дипломатиялық мекемелерде құрған арнайы комиссиялардың жұмыстарын қайта жандандыру керек. Әртүрлі себептермен шетелде жүрген отандастарымыздың қиын жағдайларға тап болғанда оларға көрсетілетін көмекті қайта зерделеуді және 1990-2000 жылдары бала кезінде шетелдіктер асырап алған жетім балалардың жағдайлары туралы толық ақпарат беруіңізді сұраймын», деді Ғ.Сарыбаев.

Депутат халықтың көші-қон мәселелеріне қатысты қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге жиі өзгерістер мен толықтырулар енгізілетінін, бұл Қазақстанға оралғысы келетін қандастарда олардың заң талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты алаңдаушылық туғызатынын да айтты.  Осыған байланысты Үкіметтен көші-қон саласында жүзеге асып жатқан мемлекеттік бағдарламалар туралы хабардар етуді сұрады.