Елорда • 27 Қыркүйек, 2023

«Жасыл Астана» экологиялық айлығы

136 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Айналасының тазалығына бейжай қарамайтын, қоршаған ортасының көркейіп құлпыруына бейілді азаматтардың көбеюімен қоғамда экологиялық мәдениеттің қалыптасуы беки түседі. Осынау үлгілі үрдістің бір көрінісі елордада өтіп жатқан «Жасыл Астана» экологиялық айлығынан байқалып, көңіл қуантты. Аталған айлықтың алғашқы аптасында-ақ қоғамдық іске 66 мыңнан аса қала тұрғыны атсалысты.

«Жасыл Астана» экологиялық айлығы

16 қыркүйекте басталған дәстүрлі «Жасыл Астана» экологиялық айлығы 14 қазанға дейін жалғасады. Осы айлық аясында өткен сенбіде жалпықалалық сенбілік өтті. Бұған білек сыбанып, қала тұрғындары белсене қатысты. Сондай-ақ тазалық іс-шарасына бизнес өкіл­дері, кәсіпорындар, ұйымдар, оның ішінде «Қазақстан Ғарыш Сапары», «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ атсалысты.

Коммуналдық сенбілік аясында 1 240 жасыл желек отырғызылды. Сенбіліктер аясында бүгінге дейін ауданы 1 млн 360 мың шаршы метрден аса саябақтар мен алаңдар тазартылды. 108 бірлік тиеу техникасы және 215 бірлік жүк техникасы жұмылдырылды.

Жалпы, 16 қыркүйек пен 23 қыркүйек аралығындағы кезеңде сенбілікке 66 мыңнан аса адам қатысты. 2 400-ден аса жасыл желек отырғызылды. Астана қаласындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонына 108 тоннадан аса қалдық жиналып, тасымалданды.

Осынау игі бастама жалғасын тауып, айлық аясында қалалық қызметтерді, еңбек ұжымдарын және белсенді қала тұрғындарын жұмылдыра отырып, бірнеше коммуналдық және жалпықалалық сенбілік өткізіледі.