Экономика • 21 Қыркүйек, 2023

Экономика тірегі – реформа

233 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Пандемиялық дағдарыстан кейін әлемдік экономиканың қозғалтқышы жаңа күшпен іске қосылған еді, бірақ соңғы 1,5 жылда бұл кеңістікті бір белгісіздік жайлап алды. Батыс елдері мен Қытай арасындағы «мылтықсыз майданның» салдарынан алпауыт елдер экономикаға ақша салуды кейінге қалдырып, алыптар текетіресінің немен аяқталарын болжай алмай отыр.

Экономика тірегі – реформа

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

«Ескі рецепттер» енді жұмыс істемейді...

Сол себепті әлемдік экономика на­рықтың индикаторына айналатын қоз­ғау­шы күшке «экономиканың досы» деп баға беріп, оны өз елдерінің мүм­кіндіктеріне қарай бейімдей бастады. Әзірге ықылас креативті экономика- инновация мен ақпараттық техно­ло­гия­ға ауып тұр. Әлемдік тренд алда­ғы бесжылдықтарда экономикалық өсімге жол ашатын, басқаша айтқанда, эконо­ми­каның негізгі «досына» айналатын тренд-бағыттар осы болуы мүмкін еке­нін айтады.

Экономикадағы инновация ұғымын 1911 жылы АҚШ экономисі Джозеф Шумпетер айналымға енгізіпті. Ол өзінің «Экономикалық даму теориясы» кітабында өсу мен экономикалық даму арасындағы айырмашылықтарды енгізді, әртүрлі типтегі инновациялардың мәнін анықтап, жіктеп шықты. Шумпетер өсу мен даму арасындағы айырмашылықты былай түсіндірді: «Теміржол болмаса миллион вагоныңыздың өзі тек темір-терсек қана». ІТ-технологиялар жаңа экономикалық құрылымның өзегі болып қана қоймай, бәсекеге қабілетті дербес салаға айналуға тиіс. Біздің ал­ды­мызда стратегиялық маңызды мін­­дет тұр – Қазақстанды IT-елге айнал­дыру. Бұған қазірдің өзінде негіз бар. Қазақстан электрондық үкімет пен финтех даму индексі бойынша әлемдік көшбасшылардың қатарында. Отандық IT саласының көлемі 2022 жылы 5 есе өсті, ал биылғы жылдың соңына қарай ол 500 миллион долларға жетуі мүмкін. Үкіметтің мақсаты – 2026 жылға қарай IT қызметтерінің экспортын 1 миллиард долларға дейін жеткізу.

Бұған ірі шетелдік IT-компаниялармен бірлескен кәсіпорындар ашу септігін тигізеді. Жасанды интеллектті дамыту саласында жетекші халықаралық компаниялармен ынтымақтастық орнатып, мамандарды даярлауға көңіл бөлу қажет. Кем дегенде 3 беделді университет осы салада оқыту және зерттеу жұмыстарын жүргізуі керек. Біздің еліміз жаһандық ойыншыларға есептеу қуатын сататын платформа бола алады. Сондықтан ірі дата орталықтарының құрылысына инвестиция тарту үшін барынша тартымды жағдайлар жасау қажет.

Сарапшы Тоғжан Қожалының айуын­ша, біздің елдегі адам капиталының мүм­кін­дігі экономиканы «өкпелетіп» алатын деңгейде емес. Қазақстаннан шыққан IT мамандары, солардың өнімдері әлемнің барлық елінде сұранысқа ие. Банк саласының ақпараттық технологиямен интеграциялануы бойынша – Орталық Азияда көш басындамыз. «Бірақ оларды сынақтан өткеру, айналымға енгізетін ортаның мүмкіндігі шектеулі. Сондықтан балаларымыз қыр асып кетіп жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-ЖомартТоқаев ақпа­ратты технология өнімдерінің экспорты көлемін арттыру туралы тапсырма берді. Егер осы міндетті орындасақ, елде IT база қалыптастыруға мүмкіндік береді», дейді Т. Қожалы.

Осы ретте Т. Қожалы біздің жағ­дайы­мызда экономиканың «досын» анықтамас бұрын оны халықтан алыстатып тұрған факторлардың басын ашып алу қажеттігін айтады. Қолданыстағы жүйе негізінен «бәрі достар үшін, қал­ғаны заң бойынша» қағидасына ыңғай­лас­тырылып тек ірі құрылымдарға қыз­мет көрсетуге бағытталғаны осыған де­йін де ашық айтылды. Іс жүзінде бұл жүйе эко­номикадағы олигополияны одан әрі күшейтті, бәсекелестікті тұн­шық­тырды.

 

Квази сектор – мемлекет ішіндегі «мемлекет» пе?

«Осы жүйенің кері зардабы дамуға кедергі. Қазір республикадағы ең төменгі жала­қы 70 мың теңгені құрайды. Прези­дент келесі жылдың қаңтарынан оның мөлшерін 85 мың теңгеге дейін көтеруді тапсырды. Мемлекет басшысына «85 мың теңгеге өмір сүруге болады» деген мәлі­метті дайындаған тұлғалардың басында не барын білмеймін. Бірақ күні кеше ғана Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов «85 мың теңге өмір сүруге жетеді» де­ген Еңбек және халықты әлеу­мет­тік қорғау вице-министрін орнына қойды. Бұл жерде халықтың назары Қазақстандағы ең жоғарғы жалақы мен ең төменгі жалақының арасындағы айыр­машылыққа ауып кетіп тұр. Кей­бір компания басшыларының айлық жала­қыға деген тәбетін тежей алмайтын дәр­менсіздігімізге назар аударып отыр. Қа­зір халық пен билікті бір-бірінен алыс­татып отырған фактордың бірегейі – осы. 500-700 млн теңге бонус алатындар ор­тамызда жүргенде әлеуметтік тең­дік немесе бәсекелестік жайлы айту, тіптен күл­­кілі. Квази сектордағы қызмет­­кер­лер санын қысқарту немесе ұлт­тық ком­па­­ниялардың ішкі-сыртқы шы­ғынын үнем­деу арқылы да бюджеттің шы­ғыс бөлігін қыс­қартуға болады», дейді сарапшы.

Мемлекет басшысы Жолдауында айтылған мақсаттардың тереңдігі мен ауқым­дылығы бір емес, бірнеше бесжыл­дық­тың «шекпеніне» сыймайтынын байқап қалдық.

Экономикалық даму парадигмасы бәсекелестік, содан кейін өзге елдерден ерекшелендіріп тұратын артық­шы­лық­та­рымызды тиімді пайдалану болып қала береді. Алда талай қиындықтар күтіп тұрғанын бұл жолғы Жолдау жасырып қойған жоқ, бәрін ашып айтты. Бірақ Жолдауда ашық айтылған жайлардың қалтарысында жасырынып қалған шын­дықтарды ел көріп-біліп отыр. Елдің адами капиталының әлеуетіне, ресурс­тық базасына біраз жұрт қызығып қарай­тынын алыс-жақын шетелдерге жасаған сапарларымыз кезінде талай рет байқап қалған едік.

Жолдауда тау-кен өнеркәсібі алдағы уақытта да ұлттық экономиканың сенімді өсу көзі болуы керектігі ашық айтылды, табиғи байлыққа бай елдің геологиялық картасына көптен өзгерістер енбегенін Мемлекет басшысы ашып айтты. Бұл сыннан кейін қоғамдық санада тау-кен саласын басқару жүйесін жаңғырту қажет деген пайым шегеленіп қалды. Себебі қазір Мәжіліс депутаты, заңгер Бақытжан Базарбек «Қазақмыс» корпорациясы, «АрселорМиттал Теміртау», «Теңізшевройл», «Қарашығанақ» сияқты ірі компаниялардың жер қойнауы пайдалану бойынша келісімшарттарын тексеруіміз керек деп айтып жүр. Себебі мұндай деректердің жабық болуы ел ішінде әртүрлі бағыттағы пікірлердің тарап кетуіне себепші.

Мәжіліс депутаты Абзал Құспанның айтуынша, 30 жыл бойы осындай ірі, алпауыт компаниялар айналасында репутациясы күмән тудыратын әртүрлі деңгейдегі қазақстандық және шетелдік фирмалар қаптап кеткен. «Кейбір деректер бойынша ондай фирмалардың саны мыңдап саналады. Олардың міндетіне қызмет көрсету, жұмыс жасау емес, ТШО сияқты алпауыт компаниялардан ірі тапсырыстар алып, оның аз бөлі­гін қазақ­стандық компанияларға бөліп, қалған ірі бөлігін шетелге заңсыз шы­ғару кіреді», дейді Абзал Құспан.

Аты аталып жатқан бұл шетелдік компанияларға Қазақстандағы жер қой­­науын игеру құқығы тұңғыш Пре­зи­денттің тұсында берілген. Келісім­шартта нақты не жазылғаны көпшілікке жұмбақ. Олардың табысының миллиардтармен есептелетінін салық төлем­де­рінен де байқауға болады. Қазақстан Салық кодексінің 130-бабының 3-тар­мағына сәйкес мониторингке жататын ірі салық төлеушілердің тізбесі белгіленеді.

Соңғы мәліметтер бойынша бұл тізімге 354 ұйым енген. Ірі көлемде салық төлейтін 10 компанияның тізіміне кіретіндер:

  • «Теңізшевройл» – салық төлемі 4,6 трлн теңге;
  • «Қарашығанақ Петролеум Оперей­тинг Б.В.» – 1,4 трлн теңге;
  • «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ – 434,9 миллиард теңге;
  • «Өзенмұнайгаз» – 269,7 миллиард теңге;
  • «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н. В.» – 239,1 миллиард теңге;
  • «Қаражанбасмұнай» – 205,9 миллиард теңге;
  • «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ – 190,2 миллиард теңге;
  • «Азия газ құбыры» – 166,5 миллиард теңге;
  • «Philip Morris Kazakhstan» – 161,8 миллиард теңге;
  • «Ембімұнайгаз» – 159,3 миллиард теңге.

 

Жер-ананы сауықтыру керек

Президент Үкіметтің алдына қой­ған міндеттерінің бірі – 2026 жылға қарай геологиялық-географиялық барлау алаңын қазіргі 1,5 миллионнан ке­мін­де 2,2 миллион шаршы шақырымға дейін кеңейту. Елдің тағы бір байлығы – оның кең-байтақ ауылшаруашылық жерлері. Стратегиялық мақсат – Еуразия құрлығының жетекші ауыл шаруа­шы­лығы орталықтарының біріне айналу. Экономист Қуаныш Айта­хановтың айтуынша, бізге бірін­ші кезекте Жер-ананы сауықтыру бағдарламасын қабылдау керек. 1991 жылмен салыстырғанда суармалы жер көлемі 298 мың гектарға азайған. 575 мың гектар суармалы жер ауыл шаруашылығы айналымынан шығып қалған. Ал пайдаланылып жатқан суармалы жерлердің су мен кәріздік желілері уақтылы тазаланбай ұйық басып, жердің сорлануына, тұздануына және өнімділігінің төмендеуіне әкеп соғуда. «Суармалы жерлердің ауыспалы егіс жүйесінде жемшөп дақылдарының көлемі ғылыми негізделген 32 пайыздың орнына 11-ақ пайызды құрайды. Сондықтан да суармалы жерлерде аса бағалы жоғары белокті жемшөп дақылдарының көлемін 2-2,5 есеге ұлғайту керек. Бұл тек пайдаланылмай жатқан жерлерді айналымға енгізу арқылы ғана іске асуы мүмкін. Ол үшін суармалы жерлердің мелоративтік жағдайын жақсартуға тиісті көлемде субсидиялар мен несиелер берілуі шарт», дейді Қ. Айтаханов.

Мемлекет басшысы салық саясатын қайта қарауды пайдалана отырып, агро­өнеркәсіп кешеніндегі өнімді қайта өңдеу үлесін үш жыл ішінде 70 пайызға жеткізу міндетін қойды, бұл өңдеуді ынталандыруға тиіс.

Әлемдік Солтүстік пен Оңтүстікті, Шығыс пен Батысты байланыстыратын сауда жолдарының торабына айналатын аумақтық кеңістіктерді де ресурс деп санауға болады. Президент көлік-логистика саласы елдің экономикалық дамуының драйверлерінің біріне айналуға тиіс екенін атап өтті. Қазақстан Ресеймен және Қытаймен ынтымақтастықты жал­ғас­тырады, сондай-ақ Транскаспий бағытын нығайтады. Президент Парсы шығанағы порттарына жол ашатын «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық дә­лізін маңызды деп атады, онда осы ба­ғыт­тың теміржол бөлігінің өткізу қабі­леті екі есе артады.

Президент еліміздің Еуразиядағы негізгі транзиттік хаб ретіндегі ұстаны­мын нығайтуға және уақыт өте келе толық­қанды көлік-логистикалық держа­ва­ға айналуға шақырды.

Заманауи технологиялардың жоқты­ғы тиімді экономикалық саясатқа деген ұмтылысты жоққа шығарады және жай ғана елді шикізатқа негізделген экономика позициясында қалдырып, технологиялық жағынан тәуелді етеді. Сондықтан ресурстық базаны кеңейту міндеттері оларды технологиялық өң­деу­дің өсуімен байланысты.

Өткен аптада Қазақстан Президенті өз Жолдауында екі отандық қор бир­жа­сының «бірін-бірі қайталай­ты­нына, кейде тіпті бір-бірімен бәсеке­ле­сетініне» назар аударды.

Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы Мәдина Әбілқасымова журналистерге биржаларды біріктіру мәселесі «пысықталатынын» айтты.

Сондықтан соңғы бастама туралы айту әлі ертерек. Мұнда біз күшіне енетін және еліміздің қор нарығына әсер ететін заңнамалық өзгерістерге талдау жасайтын боламыз. Инклюзивті өсу жағдайындағы еңбек өнімділігі Инклюзивті тұрақты экономикалық өсу тұжырымдамасы 2008-2009 жылдардағы дағдарыс кезінде дүниеге келді, содан бері саясаткерлер мен зерттеушілер оны әлеуметтік-экономикалық дамудың ерекшеліктеріне байланысты сандық және нақтылауға ұмтылуда.

Еске салайық, инклюзивті өсу – бұл ел халқының барлық топтары үшін өмір сүру сапасын жақсарту және мүмкіндіктер теңдігін қамтамасыз ету үшін қолайлы жағдайлар жасаумен қатар жүретін экономикалық өсу. Агроөнеркәсіп кеше­ніне агроғылымды дамыту және оны ауыл шаруашылығында іс жүзінде қолдану қажет. Осының негізінде Ұлттық ауыл шаруашылығы ғылыми-білім беру орталығы тік біріктірілген агротехникалық хабқа айналады. Су сая­саты озық технологияларды қолдануда өз орнын алады. Суды үнемдейтін технологияларды енгізу үдерісі тезірек жүруі керек, деді Президент. Судың негізгі тұтынушысы болып табылатын ауыл шаруашылығындағы шығын кейбір аудан­дарда 40 пайызға жетеді. Жағ­дайды түзету үшін ең алдымен озық үнемдеу технологияларын жылына 150 мың гек­тарға дейін енгізуді жеделдету жоспарлануда.

Жолдауда еңбек ресурсы халықтың білім­ділік қабілетін арттыру және эко­­но­миканың түрлі салаларындағы қыз­­мет­керлердің біліктілігін арттыру тұрғысында көбірек айтылды. Деген­мен, халық тарапынан еңбек өнімді­лігін арт­тыруға шығармашылық көзқарас бар. Президент дарынды және шығар­ма­шыл азаматтардың әлеуетін іске асы­ру тақырыбына жеке тоқталды, олар үшін нақты сектормен тығыз үйлестіре отырып, өңірлік жоғары оқу орындарының базасында барлық облыс орталығында біртұтас инновациялық экожүйені құру қажет. Шығармашылық индустрия БАҚ, кино, музыка, дизайн, білім беру, ақпараттық технологияларды қамтиды және экономикалық өсудің тағы бір нүктесі бола алады.

Президенттің айтуынша, креативті экономика дарынды шығармашылық адамдарды тартатын ірі қалаларды да­мы­тудың қозғаушы күшіне айналуда. Қазақстанда бұл сала әлі дамымаған. Шығармашылық индустрияның ІЖӨ-ге қосқан үлесі 1%-ға жетпейді, ал оның жұмыспен қамту құрылымындағы үлесі өте аз. Қазір шығармашылық ин­дус­трияның орталықтары үш ірі қалада – Астана, Алматы, Шымкентте шоғыр­лан­ған. Дарындарды тарту орталықтары – Шығармашылық индустрия орталық­тары әр облыс орталығында болуы керек. Олар қатысушыларға өз өнім­де­рін коммерцияландыру туралы сұрақтар бойынша көмектесуі керек. Сонымен қатар Президент кәсіпкерлікті қолдау бағ­дарламаларына ұқсас «креатив­ті­лерді» қолдау бойынша арнайы шаралар кешенін әзірлеуді ұсынды. Осы ретте көп көңілінде қордаланып қалған сауалдар жеткілікті. Олар – мемлекет қаржыландыратын орталықтар шығар­ма­шылық тұлғалардың мемлекеттік қол­дауға жүгіну қабілетін бағалайтын «көркемдік кеңестерден» қандай айыр­ма­шылықтары бар? Болашақ жұлдыздың жарқырауының дамуын бағалау және болжау критерийлері болуы мүмкін бе?»...

Бірінші кезектегі экономикалық мін­деттерге тоқталған Президент эконо­ми­каға ақша керек екенін айтты. Бірақ банктер экономиканы қажетті көлемде несиелемейді, бұл бағытта ұлттық қорлар белсендірілмейді, қор биржалары инвес­торлардан капиталды нақты секторға аудармайды. Президент шенеуніктерге Ұлттық банк төрағасын ауыстыра отырып, экономиканы несиелендіруді жақ­сар­ту мәселесін жан-жақты ойластыруды тапсырды. Банк иелерінің қаржылық институттары несиелік өтінімдерді жиі мақұлдайтын қиын кезеңге тап болады. Ақша тартудың тағы бір дәлелденген жолы – тікелей инвестиция. 2022 жылы рекордтық 28 миллиард доллар тікелей шетелдік инвестиция тартылды. Экспорт та көңіл көншітпеді – 84 миллиард доллар. Инвесторларды тарту үшін салаларда барабар тарифтік және реттеуші саясат құрылады, мемлекеттің экономикаға қатысу деңгейі төмендейді, жекешелендірудің келесі толқыны жос­парлануда. Шенеуніктердің Президент тапсырмаларын қалай жүзеге асыруға кіріскені осы жылдың соңындағы есептерде айқындалып, нәтижесі 2026 жыл­­дың соңына қарай белгілі болмақ. Со­ны­мен әзірге біздің экономиканың досы – инновация немесе ақпараттық технология емес, экономикадағы олиго­полияның қысымын әлсіретуге мүм­кіндік беретін реформа. Үкіметтің «таба­нының» бүрі қаншалықты мықты екенін соның барысына, нәтижесіне қарап бағалайтын боламыз...

 

АЛМАТЫ