Ауыр атлетика • 17 Қыркүйек, 2023

Зілтеміршілер жүлдесіз оралды

138 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сауд Арабиясының бас шаһары – Эр-Риядта ауыр атлетикадан ерлер мен әйелдер арасындағы кезекті әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. Жер-жаһан­ның әр қиырынан Араб түбегіне жиналған 700-ге жуық зілтемірші әлемдік доданың бас жүлдесінен бөлек, келесі жылы Парижде алау­ы тұта­натын Олимпия ойындарының жолдамаларын да сарапқа салды. Өкінішке қарай, әлемдік додада өнер көрсеткен жерлестеріміздің бірде-біреуі жүлде­герлер қатарынан көріне алмай, елге құралақан оралды.

Зілтеміршілер жүлдесіз оралды

Эр-Риядтағы дүбірлі додада ел намысын ерлер және әйелдер құрамасынан 12 спортшы қорғады. Олардың қатарында 2016 жылғы Рио Олимпиадасының қола жүлдегері, 2016 жылы Ташкентте ұйымдастырылған Азия чемпионатының жеңімпазы, 2017 жылы Тайпейдегі Дүниежүзілік универсиаданың бас жүлде иегері Денис Уланов, жастар ара­сындағы әлем чемпионы, бірқатар дүбірлі додада жеңіс тұғырына көтерілген Ақ­молда Сайрамкез, Қазақстан чемпионы, халық­аралық жарыстардың жүлдегері мен биылғы ел Спартакиадасының жеңімпазы Еламан Сейітқазы, жастар арасындағы әлем чем­пио­натының күміс жүлдегері Надежда Ли сияқты көпті көрген әрі тәжірибелі спорт­шы­­лар болса да, жанкүйерлерді қуанта алмады.

Әлем чемпионатының қорытындысы бойынша жерлестеріміз арасында ең үздік нәтижеге Еламан Сейітқазы қол жеткізді. 81 килоға дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынаған отандасымыз қоссайыста 345 (154+191) килоны еңсеріп, бесінші орынға табан тіреді. Бұл салмақтың бас жүлдесі қоссайыста 356 кило зілтемірді еңсерген италиялық Оскар Рейеске бұйырса, күміс пен қола жүлдені индонезиялық Рахмат Эрвин Абдулла (354 кг) мен өзбекстандық Мухам­мадкодир Таштемиров (352 кг) иеленді.

Еламан Сейітқазы былтыр Боготада (Колумбия) ұйымдастырылған әлем чемпионатына да қатысып, сол жылы 342 (156+186) килоны бағындырып, 8-орыннан көрінген еді. Биыл ол өз нә­тижесін үш килоға жақсартқан. Деген­мен жұлқа көтеруде көрсеткіші екі килоға төмендеген болса, серпе көтеруде алға ілгерілеу байқалады. Бұл жолы ол былтырғыға қарағанда бақандай бес килоға көп көтерген. Ал дәл осы сал­мақ­тың В тобында өнер көрсетуге тиіс болған Рио Олимпиадасының қола жүл­дегері Денис Уланов жарыс жолына шықпады.

Сонымен қатар 89 килоға дейінгі салмақта бақ сынаған Сергей Петрович С тобында жарыс жолына шығып, 358 (164+194) киломен өз тобында көш бастады. Дегенмен жалпы есепте небәрі 9-орында қалып қойды. Сондай-ақ 67 килодағы Ақмолда Сайрамкез 280 (120+160) киломен 12-ші, ең жеңіл салмақтағы Ерназ Алпысов 233 (106+127) нәтижемен 13-ші, қыздар арасында 49 килода бақ сынаған Айнұр Әбдіқалықова 151 (68+83) кило зілтемірді еңсеріп, 30-орынға табан тіреді. Кейінгі екі-үш Олимпиада мен әлем чемпионаттарынан жүлдесіз қайтпаған толағайларымыздың соң­ғы жылдардағы нәтижесі тым нашарлап кетті. Қайбір жылдары қос-қостан жүлде алып, әлемдік ауыр атлетика спортының державасына айналған Қа­зақ­стан құрамасы допинг дауына байланысты қазір тоқырау кезеңін бастан өткеріп жатыр. Егер жағдай бұлай жал­ғаса беретін болса, келесі жылғы Па­риж Олимпиадасында жерлестерімізді көр­меуіміз де мүмкін.