Алматы • 13 Қыркүйек, 2023

Kitap Fest Almaty: 5 мың кітап тегін таратылды

212 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алматыда Baurzhan foundation қоры ұйымдастырған Kitap Fest Almaty фестивалі өтті. Еліміздің халықаралық деңгейдегі алғашқы кітап фестивалі болып саналатын мәдени-бұқаралық іс-шара Алматы қаласы әкімдігі Мәдениет басқармасының, Алматы қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесінің қолдауымен 2014 жылдан бастап жыл сайын өткізіліп келеді. Ауқымды жобаның өткеніне көз жүгіртсек, 9 жыл ішінде ол шығармашылық кездесулердің негізгі алаңына айналып, онда авторлар мен баспалар­дың қатысуымен 200-ден астам кітаптардың тұсаукесері өтіп, жәрмеңкелерге 3­00-ге жуық кітап дүкені қатысқан. Жыл сайын кітап фестивалінің арқасында 5 000 кітап тегін таратылады.

Kitap Fest Almaty: 5 мың кітап тегін таратылды

Ұлттық мемлекеттік Кітап палата­сы­ның статистикасын келтірсек, 2022 жылы Қазақстанда кітаптар мен брошю­ралар­дың 4 044 атауы тіркелген. Ең көп кітап ­пен брошюра Алматы, Алматы облыста­рын­да жарық көрген: 1 749 кітап пен брошюра тіркелген. Еліміздегі кітаптар­дың басым бөлігі педагогика саласында (әдістемелік құралдар, кітаптар) жарық көрді. Кітаптар саны – 1085. Көркем әдебиет жанры бо­йынша: қазақ әдебиеті – 664, поэзия – 166, драма – 3, проза – 286.

Baurzhan foundation қорының құрыл­тайшысы, кітап фестивалінің алғашқы ұйымдастырушысы Жұлдыз Омарбектің айтуынша, Kitap Fest – шығармашылық­пен шұғылданатын дарынды адамдарға арналған бірегей алаң. Биыл қала күнімен тұспа-тұс келген Kitap Fest Almaty фести­ва­лі «Ұлттық әдебиет. Ұлттық тіл. Ұлт­тық дәстүрлер» атты тақырыпты арқау етті.

мсчи

«9 жыл ішінде Kitap Fest алматылық­тар­дың ең сүйікті іс-шарасына айналды. Елорда күніне орай шілде айында кітап фестивалін Астана қаласында екінші рет өткізген едік. Оқу мәдениетін ілгерілетуге арналған біздің фестиваль, жазушылар мен оқырмандар үшін бірыңғай алаң құ­рып, балалар мен жастардың кітап­қа деген қызығушылығын арттыруды көздейді. Кітап фестивалі отандық жазушылармен кездесулерден бастап, балаларға арналған танымдық шеберлік сабақтары­на дейінгі интерактивті ортаны біріктіре­ді. Біз көпшілікті оқуға тарту, кітап­тың, мәдениет пен білімнің маңызын арттыру, жазушылар мен әдеби шығарма­лар­ды насихаттауға жәрдем­десу үшін жұмыс істеп жатырмыз», деді Kitap Fest кітап фестивалінің бас үйлестіру­шісі Майра Әлжанова.

Алматы кітап фестивалі отандық жа­­зу­­шылардың жаңа кітаптарын таныс­тырып, кітапсүйер қауым үшін ауқым­ды бағдарлама дайындады. «Оффлайн кітаптар туралы» шатырында танымал жазушылар, қоғам қайраткерлері мен блогерлер пікір алмас­ты. Алматылық­тар­ға иллюстрацияланған кітап көрмесі, шеберлік сыныптары, түрлі байқау мен акция, еліміздің ірі бас­палары мен кітап дүкендерінің жәрмең­кесі ұсынылды. Баспагерлер және кітап дүкендері өз өнімдерін көрмеде 30%-ға дейінгі жеңіл­дікпен сатты. Биылғы жылы кітап фес­тивалінде 50-ден аса кітап дүкендері мен баспалар өз өнімдерін ұсынды. 28 жаңа кітаптың тұсауы кесілді.

Фестивальде 40-қа жуық пікір көш­­басшылары сөз сөйледі: Смағұл Елубай, Досым Сәтбаев, Ділдәр Мамыр­баева, Елдос Тоқтарбай, Бейбіт Сарыбай, Абылай Юсупов, басқа да көптеген танымал әдеби тұлға қазіргі әдебиеттегі үр­діс туралы сөз қозғады. Сондай-ақ ­«Ме­нің алғашқы ертегілерім», «Tarmaqtar», бас­қа да жаңа кітаптардың тұсауке­сері өтті.

Белгілі саясаттанушы, публицист, бас­пагер Досым Сәтбаев Павел Коктышев және Әлім Хамитовпен бірге «Как оседлать единорога?» кітабының тұсауын кесті. Оның пікірінше, онжылдықта Kitap Fest шығармашыл тұлғалар мен кітапсүйер қауым үшін беделді және қуатты алаңға айналды.

Мұндай іс-шара­ларды өткізу өте маңызды. Кітап оқитын адам сана көк­жиегін кеңейтеді, логикасын, ойлауын дамытады, есте сақтау қабілетін жақ­сартады. Осы ретте Kitap Fest оқыр­ман қауымды біріктіріп қана қоймай, ­жаңа мүмкіндіктерге жол ашып жүр», деді саясаттанушы.

Сонымен қатар фестиваль қонақ­та­ры әкелінген кітаптармен алмасуға, ұнаған кітаптарды жеңілдікпен сатып алуға немесе оларды толығымен тегін алуға мүмкіндік алды. Биылғы кітап фестивалінде әртүрлі жанрдағы 5000 кітап тегін таратылды.

Балаларға арналған ойын-сауық бағ­дар­ламасында аниматорлар, аквагрим мен түрлі қызықты байқау мен викторина келген қонақтарға тамаша көңіл-күй сыйлады. Дәстүр бойынша фестивальде «Ауылға кітап» акциясы өткізілді, онда кез келген оқырман өз үйінің сөресінен кітап әкеліп, ауыл кітапханаларына тапсыруға атса­лысты. Биылғы фестивальде 3 мыңға тарта кітап жиналды.

 

АЛМАТЫ