Алматы • 07 Қыркүйек, 2023

Алматыда BAIQONYR кинофестивалі басталды

182 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

6-10 қыркүйек аралығында Алматыда VIII халықаралық BAIQONYR кинофестивалі өтеді, оның басты мақсаты – жас талантты кинематографистерді қолдау.

Алматыда BAIQONYR кинофестивалі басталды

Фото: baribar.kz

Дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан кино мерекесіне әр жылдары Тбилисиден Якутияға, Ташкенттен Лиссабонға дейін 85 кинематограф BAIQONYR-дың лауреаттары атанған. Биылғы жылы өткен Қазақстан киносыншылары қауымдастығы ұлттық сыйлығының жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде BAIQONYR-дың президенті Әнуар Кенжебаев «Фестиваль қозғалысына қосқан үлесі үшін» арнайы сыйлығының иегері болды. Бұл фестиваль беделінің өскенін көрсететін жарқын мысал. Фестивальдің тағы бір ерекшелігі, осы жылдар ішінде кинофестиваль мемлекеттің қаржылық қолдауынсыз өткізіліп келеді.

Фестиваль Дархан Төлегеновтің «Ағайындылар» фильмімен ашылды. Бұл шығармашылық жолын «Байқоңырдан» бастаған режиссердің толықметражды дебюті. Картина шетелдік фестивальдарде бірнеше марапатқа ие болды, олардың ішіндегі ең маңыздысы – Германиядағы беделді Oldenburg International Film Festival қазылар алқасының арнайы жүлдесі. Туынды осы күзде прокатқа шығады.

«Дархан Төлегеновтің «Ағайындылар» фильмінен басқа, бізде Михаил Кулунаковтың «Соқпақ» фильмінің конкурстан тыс көрсетілімі болады. Екі режиссер де кезінде фестивальдің қысқаметражды фильмдер байқауына қатысқан. Енді бізге толықметражды дебюттерімен қайта оралып отыр. Меніңше, бұл тамаша жетістік», дейді Baiqonyr кинофестивалінің бағдарламалық директоры Ержан Жұмабеков.

Биылғы жылдың тағы бір жаңалығы, BAIQONYR аясында жеке анимациялық кинофестиваль – ALMATY ANIMATION FESTIVAL өтеді.

Көрермендер «Арман» киноорталығында тамашалайтын жалпы конкурстық бағдарлама былайша түзілген:

BAIQONYR фестивалі, оның ішінде халықаралық көркем және деректі қысқаметражды фильмдер байқауы (6 елден 18 фильм) және ұлттық көркем және деректі қысқаметражды фильмдер байқауы (20 фильм);

ALMATY ANIMATION FESTIVAL фестивалі, оның ішінде негізгі байқау (21 фильм, 4 ел, сондай-ақ Ресей, Франция және Канада бірлесіп шығарған фильм) және халықаралық студенттік анимациялық фильмдер байқауы (23 туынды).

Конкурстан тыс бағдарлама да қызықты болады деп күтілуде. Кинофестиваль аясында ТМД елдерінің кинотанушылары мен сыншыларының II форумы өтеді, оның жұмысына әртүрлі елдерден 20-дан астам маман қатысады. Білім беру бағдарламасының аясы да кең: танымал шеберлердің дәрістері, киноиндустрияның өзекті мәселелері бойынша дөңгелек үстелдер, жаңа жобалардың тұсаукесерлері қамтылған.

8 қыркүйекте өтетін Корей анимациялық киносы күні конкурстан тыс бағдарламаның маңызды оқиғасы ретінде жоспарланған. Ол корей-қазақ анимациясының арнайы ауқымды жобасы аясында өткізіледі. Корей тарапынан серіктес – Пучхондағы Халықаралық анимация фестивалі (BIAF).

Іс-шараға Оңтүстік Кореядан анимация режиссерлері Ли Сон Ган мен Им Черин келеді. Олар өз туындыларын ұсынып, көрермендерді қызықтырған сұрақтарға жауап береді. Сонымен қатар Черин дәріс оқиды, ал Ли Сон Ган қазақстандық жас авторларға шеберлік сабағын өткізеді.

Кинорежиссерлармен бірге K-pop музыкасының танылып келе жатқан жас жұлдызы Пэк А Ён-де келеді, ол фильмдердің бірінде басты кейіпкерді дыбыстаған. K-pop жанрының жанкүйерлерін үлкен тосын сый күтіп тұр – олар Пэк А Ённің екі әнін жанды дауыста тыңдай алады.

Фестиваль дәстүрлі түрде ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Мемлекетаралық гуманитарлық ынтымақтастық қорының қолдауымен өткізіледі.