Өнер • 05 Қыркүйек, 2023

Шотландиядағы қылқобыз үні

173 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еліміздегі EEGERU заманауи музыка ансамблі әлемдегі ең ірі өнер фестивалі – Edinburgh Festival Fringe-де (Эдинбург Фриндж) өнер көрсетті.

Шотландиядағы қылқобыз үні

Шотландия астанасындағы фестиваль қалыптасқан дәстүр бойынша тамыз айында үш апта бойы өткізіліп, көріністері мен концерттерін жыл сайын екі миллионға жуық көрермен тамашалайды. Аталған фестиваль көрермендерінің назарына Қазақстан өнері алғаш рет ұсынылды. EEGERU ансамблінің фестивальге сапары «Дара» қайырымдылық қоры қолдауымен ұйымдастырылды.

EEGERU концерті Queen’s Hall сахнасында өтіп, ансамбль қазақстандық композиторлардың шығар­маларын, сондай-ақ шетелдік авторлардың бірнеше композициясын орындады. Атап айтқанда, Эдинбургте алғаш рет Қуат Шілдебаевтың «Қаракемер» және Артық Тоқсанбаевтың My Respect to You, Mr. Tattimbet туындылары орындалды. Концерттің ерекше нөмірі – шотланд композиторы Клэр Джонстонның EEGERU ансамблі үшін арнайы жазған Call of The Mountains композициясы. Композитор шығармасына тек классикалық акустикалық және цифрлық аспаптарды ғана емес, сондай-ақ қазақ қылқобызын да қосқан.

Сонымен қатар концерттен кейінгі күндері – 28-29 тамызда, EEGERU-дің ерекше қажеттіліктері бар музыканттар мен композиторлардың мүмкіндігін кеңейтумен айналысатын Шотландияның жетекші инклюзивті өнер ұйымы Drake Music Scotland-та өнер көрсетті. Қазақстан әртістері шотландиялық әріптестеріне шеберлік сабағын өткізіп, оларды қыл-қобыз ұлттық аспабымен, оның мүмкіндіктерімен таныстырды.

«Осындай ауқымды фестивальде өнер көрсету бізді жігерлендіреді әрі инклюзивті музыкалық білім беруде шетелдік әріптестерімізден тәжірибе алуға жол ашады. Қазіргі әлемдегі инклюзивті оқыту жаңа технологиялармен тікелей байланысты және шотланд музыканттары бұл бағытты көптеген жыл бойы дамытып келеді. Қазақстанда инклюзия мәселелерімен жүйелі түрде «Дара» қоры айналысады. Біз шотланд музыканттары мен музыка әуесқойларының қазақ музыкасына деген құштарлығын оята алдық деген үміттеміз», дейді EEGERU ансамблінің директоры Раушан Жұманиязова.