Қазақстан • 02 Қыркүйек, 2023

Әйгілі Панфилов дивизиясының соңғы сарбазы қайтыс болды

208 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл туралы Ұлттық ұлан өкілі Данара Тәңірбергенқызы facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Әйгілі Панфилов дивизиясының соңғы сарбазы қайтыс болды

Фото: facebook.com/danaratanirbergen

Аты аңызға айналған Панфилов дивизиясының соңғы сарбазы Қайырлы Жоңқабаев туралы Д.Тәңірбергенқызы facebook парақшасында жазба арнап, майдангердің жақындарына көңіл айтқан.

Шығыс Қазақстан облысының Самара ауданында дүниеге келген Қайырлы Жоңқабаев еңбек жолын 1940 жылы сол облыстың Құлынды орта мектебінде мұғалім болып бастаған.

1941 жылы қазан айында Панфилов дивизиясының 23 гвардиялық полкінің қатардағы жауынгері ретінде Қызыл Армия қатарына шақырылады.

8-гвардиялық атқыштар дивизиясының құрамында пулеметші болған. Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллинмен бір ротада соғысқан. Беларусь, Польша, Эстонияны азат ету майдандарына қатысқан. 1943 жылы Ржевск шайқасында жарақат алған. Дрезденде жеңіске жеткен.

Соғыстан кейінгі жылдарда Самара аудандық атқару комитетінің жалпы бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істеген. 1970 жылдан бастап Алматыда тамақтану жүйесінде шаруашылық есеп директоры болып, 1983 жылы демалысқа шыққан. Бес бала тәрбиелеп өсірген.

102 жасқа қараған шағында өмірден озған Қайырлы Жоңқабаев екінші дүниежүзілік соғыста көрсеткен ерліктері үшін бірнеше ордендермен және медальдармен марапатталған.