Музей • 29 Тамыз, 2023

Тарихтан сыр шерткен туынды

197 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлттық музейде суретші, графика шебері Батухан Байменнің «Nomad: Black&White» атты авторлық көрмесі ашылды. Көрме графика, оның ішінде линогравюраға арналып отыр. Суретшінің айтуы бойынша, аталған өнер түрі елімізде даму жағынан кенже қалған. Оның себебі – линогравюра ұзақ уақыт пен қажырлы еңбекті қажет етеді.

Тарихтан сыр шерткен туынды

Көрмені ұйымдастырудағы мақсат – графика, оның ішінде линогравюра мүмкіндіктерін көрсету және оны көпшілікке насихаттау.

Көшпелілер өмірінен сыр шер­тетін графикалық көр­­­меге келген сурет­шілер, өнер­танушылар мен қо­нақтар автордың еңбегіне жылы лебіздерін білдіріп, шы­ғар­ма­шылық көзқарастарын та­нытты.

Жазушы-публицист Шар­хан Қазығұлов: «Үлкен ауқым­да ой айтатын адам. Адам мен әлемнің байланысы, қа­зіргі қоғам мен адам, біздің салт-дәстүр мен мәдениетіміз – Батухан Бай­мен­нің шығарма­шылығының ең не­гізгі тақы­рыптары», деді.

Суретші, профессор, «Құ­ланшы» қа­зіргі заман өнер орталығы ку­раторлық кеңес­інің төр­аға­сы, Еуразиялық Өнер акаде­мия­сының президенті Лейла Махат: «Жалпы, гра­фиканың ішінде гравюра – су­ретшілер сирек айналысатын сала. Автор өз шығармалары арқылы тұтас қоғам мен ондағы әлеуметтік мәселелерді көрсетіп отыр. Бұл туын­дылардың басты құн­дылығы – қол жұмысы. Бір жұмысты әзірлеуге апталап, кейде тіпті айлап уақыт кетеді, ал бұл жерде 80-ге жуық туынды қойылған».

Өнертанушы, Өнер акаде­мия­сының академигі Нел­ли Шиврина: «Графиканың линогравюра тәсіліне ден қойған суретші қағаз орнына матаны қолдана отырып, үлкен туын­дылармен жұмыс істейді. Ал оның көлемі тұрғысында ай­тар болсақ, әлемде дәл осындай алып лино­гра­вюраға қиын­дығымен қатар техни­калық күрделілігі үшін екінің бірі оңайшылықпен беттей алмайды», деді.

Батухан Байменнің мәңгілік құнды­лықтарды арқау еткен шығармашылығы кең ауқымды, эпикалық тақырыптарға терең бойлайды. Суретші күллі дү­ниені дүр сілкіндірген түркілер тарихы мен Алтын орданың дәуірлеген шақтарын ерекше бейнелеген.

Суретшінің жеке көрмелері еліміздің ірі қалаларында, сон­дай-ақ Германия, Түркия, Қыр­ғызстан, Өзбекстан, Кипр ел­дерінде өткен.

Көрме Ұлттық музейдің 4 қабаттағы №2 Бейнелеу залына қойылып, 78 дана туын­ды ұсынылды. Көрме 2023 жыл­­дың 30 қыр­күйе­гіне дейін жал­ғасады.