Тарих • 28 Тамыз, 2023

Аралтөбенің «Алтын адамы»

390 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлы даланың ежелгі тұрғындарының бірі – сармат. Бұл қауым б.з.б. VІІІ ғ. – б.з. VІІІ ғасыр аралығында еліміздің батыс өңірі – Орал-Жайық алқабын мекендеген.

Аралтөбенің «Алтын адамы»

Соның бір дәлелі – Атырау облысы Жылыой ауданы, Құлсары қа­ласынан 70 шақырым жерде орна­лас­қан, уақыт тұрғысынан б.з.д. ІІ – І ғасыр аралығына жататын Аралтөбе қор­ған­дары. Бұл нысан 12 бөліктен тұрады.

Осылардың ішінен таңдап алын­ған үш қорғанға 1999 жылы археолог Зей­нолла Самашев қазба жұмыстары жүр­гізіп, бірінші қорғаннан – адам сүйек­терін, қанжардың сынығын, жүз­ден астам оғы бар қорамсақ, екінші қор­ғаннан – садақ жебелерін, қыш құ­мыралар, моншақтар және б.з.д. І ғ. – б.з. І ғ. жат­қызылған темір қылыш тапты.

Ал жартылай тоналған үшінші қорғаннан – Алтын адамның мүрдесі қазып алыныпты. Аралтөбеден та­былған Алтын адамның сауыт-сайманын безендіріп тұрған алтын жапсырмалар мен асатаяғы және құрбандыққа шалынған екі жылқы мен бүркіттің сүйек қалдықтары зерттеушілер назарын аударады.

45-55 жас шамасындағы кө­сем­нің киімі – алтын заттармен безен­дірілуімен қатар, шашын түйген байламшасы, қару-жарақтары, қорамсақ жиектері, асатаяғындағы самұрық бейнесі де алтынмен апталған. «Бұн­дай қымбат артефактілер – адам­ның тайпа көсемі екендігіне дәлел», дейді мамандар.

Сөйтіп, ғылыми ортада «Сармат көсемі» деген атқа ие құнды жәдігердің ғылыми жаңғыртпасы (З.Самашев, Қ.Алтынбеков) жасалды. Бұл істі атқарғанда, сарматтар мен Ерте Темір дәуіріндегі басқа да тайпалардың жерлеу орнынан алынған материалдарға сүйене отырып, көсемге әуелі сәнді көйлек жабылып, оның сыртынан алтын әшекейлі қысқа күртеше мен бұтына тар шалбар кигізіліпті.

Одан кейін беліне алтынды белдік тағылып, оның доғалығына қошқар мүсіні жапсырыла­ды. Ал аяғына қысқа қонышты был­ғары етік сай келсе, кө­семнің алдына қазбадан табылған темір қылыш көл­денең тартылып, сол жақ бүйіріне қорамсағымен қоса садақ асындырылып, оң қолына алтын плас­тиналы ұзын асатаяқ ұстатылған екен.