Өнер • 24 Тамыз, 2023

Әуе гимнасшыларының жеңісі

138 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шымкенттің цирк өнері майталмандары жуырда XIV халықаралық «Азия жаңғырығы» фестивалінен алтын жүлдемен оралды. Астанада 11 мемлекет өнерпаздары арасында өткен осы халықаралық жарыста әуе гимнасшылары Закиржон Сайдуллаев пен Елизаветта Штыб Carpe Diem, яғни «Сәтті қағып ал» атты нөмірмен бас жүлде жеңіп алды.

Әуе гимнасшыларының жеңісі

З.Сайдуллаев бір жылдан астам уақыт бойы осы нөмірді, оның костюм­дерін, реквизиттерін дайында­ғанын айтады. Қойылымда нәзік жанды ару­дың ер-азаматты бір колмен демеп кө­тергенінен өзге де қауіпті, әсерлі мезеттерді көр­ген көрермен демін іші­не тартып отыр­ды. Бұл жұртқа оның бас­қа өнер­ге ұқ­самайтын, қажырлы еңбек­ті талап ететін, ерекше өнер түрі екенін ұғын­дырды.

Ал кілең мықтылар жиналған осы тартысты додаға цирк өнерінің «жі­лігін шағып, майын ішкен» төрешілер қазылық жасады.

Жалпы, аталған байқау цирк өнерін дамытып, насихаттауға және халықтың арасында осы өнер жайлы кең түсінік қалыптастыруға бағытталған. Ал алтын жүлде жалғыз цирк мекемесінің емес, бүкіл Шымкенттің мерейін асыр­ған қуаныш.

«14 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан фестиваль Қазақстан цир­кі үшін асыға күтетін, маңызды оқи­ғалардың бірі деуге болады. Өнер додасы алғаш рет 2007 жылы өткі­зіл­ген. Содан бері өзін ең беделді халық­аралық фестиваль ретінде дәлелдеді. Оның басты ерекшелігі – үздік цирк нөмірлерінде. Сондықтан оған әлемнің көптеген елінен келіп қатысуға асығады. Жүлдеге жас та, атақты цирк әртістері де бірдей таласады. Биылғы маусым айында Алматы қаласында Almaty Circus Festival ха­лық­аралық фестивалі өтті. Оған әлем­нің 15 елінен өнерпаздар жиналды. Бұл сайыста Сергей Мустафин жетекші ететін өнерпаздар «Подкидная дос­ка» нөмірін қойды. Көрерменді ерекше таңғалдырған Шымкент-цирк мекемесінің әртістері сол жарыстан елге жүлдемен оралды. Шымкент қа­ласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының қолдауымен біздің ұжым бұдан да жоғары белестерді бағындыруды алдына мақсат қойып отыр. Және сол сенім үдесінен шығып келеді», деді Шымкент-цирк мекемесінің басшысы Нұрлан Әділханов.

Сонымен бірге мегаполис циркі ұжымының жетекшісі алдағы уақытта әлемді аузына қаратқан Монте Карло цирк фестиваліне шақырту алса, шымкенттік өнерпаздардың да бұл халықаралық сайыстан жүлделі оралатынынан үмітті.

 

ШЫМКЕНТ