Кітапхана • 22 Тамыз, 2023

Мектеп кітапханасындағы цифрлық технология

1204 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда ұлт келешегіне кепіл болатын өзекті мәселелерді ортаға салды. Оқу – өскелең ұрпақтың білімін, тәрбиесін және мәдениетін арттырудың маңызды факторы. Ал балалардың көпшілігі алғашқы кітаппен мектеп қабырғасының кітапханасында танысады. Бүгінгі таңда мектеп кітапханаларының жағдайы қалай? Кітапханашылардың жалақысы қанша? Мектеп кітапханаларының цифрландыру сатысына өту үдерісі қалай басталып, жүзеге асырылып жатыр? Осы туралы Оқу-ағарту министрлігі Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапханасының директоры Әлия САЙДЕМБАЕВА айтып берді.

Мектеп кітапханасындағы цифрлық технология

– Әлия Шуратқызы, мәртебесі айқын­далмаған, көшке ілесіп келе жат­қанымен, әлеуметтік ортадағы наси­хатының кемдігінен яки басқа себеп­пен жұмысы көлеңкеде көрінбей жа­татын білім саласындағы нәзік мәсе­лелердің бірі кітапхана қызметі бол­са керек. Кітапханалардың бүгінгі ахуалы қалай?

– Бүгінгі таңда көптеген мектеп кі­тапха­наларының жұмыс форматы сын көтер­мейді. Кейінгі жылдары кітапха­на­шылардың мәртебесін арттыру, олар­дың еңбекақысын көтеру және жұмысы­ның жаңа талаптарға сай болуы қайта қарастырылды. Оларды педагогикалық кадрлар санатына енгізу бойынша бас­тама көтерілді. Себебі білім саласын­да кітапханашылардың жалақысы әркез ең төмен болып келді. Былтыр мәде­ниет саласында жұмыс істейтін кітапха­на­­шы­лардың жалақысы көтерілді, бірақ мектеп кітапханашыларының жалақысы сол күйінде қалды. Енді кітапханашылар­ға педагог статусын тағайындап, жалақы­сын көтеру мәселесі де жақын арада ше­шімін таппақ. Бұл – керемет бастама. Сол сияқты қазіргі жастардың көбі ақпаратты цифрлық технологиялар арқылы пайдаланатынын ескере отырып, кітапханаларды цифрландыру сатысына да келдік.

– Бүгінгі таңда елдегі кітапхана қоры туралы толыққанды ақпарат жоқ. Сол себепті Қазақстандағы мектеп кітапханаларының жұмысын авто­мат­тандыру және цифрландыруға бай­­­ланысты бірқатар іс-шара тізбегін жү­зеге асыру ісі қолға алынған болатын. Нәтижесінен хабардар ете аласыз ба?

– Өңірлердің кітапханала­рында кейін­гі жылдары кітап қоры еш толықпаған. Цифрландыру атымен жоқ. Жыл сайын цифрландыру бағдарламасына сәйкес электронды кітаптарға өту мәселесі алға тартылады. Алайда кітаптарды толық­тай электронды жүйеге енгізу – қазіргі күннің біз әлі жетпеген белесі. Бірде-бір мектеп кітапханасында электрон­ды кітаптар жоқ. Сондай-ақ Оқу-ағарту министрлігі­нің сайтында жүктелген кітап қорының барлығы қолжетімді емес. Себебі олар планшет пен смартфон телефондарында ашыла бермейді. Атап өтсек, қолданыстағы автоматтандырылған бағ­дарламалар кітапханалық жазбаларды тек өз кітапханасының шегінде жүргізу­ге арналған. Бұл ретте деректер базасын басқа кітапханалармен синхрондау жоқ, сәйкесінше еліміздің кітапхана қоры туралы толық ақпарат жоқ. Сондай-ақ қолданыстағы автоматтандырылған кітапхана бағдарламалары бастапқы нұс­қа негі­зінде жұмыс істейді, яғни еш­қан­дай бағдарлама жаңартуынсыз жұ­мыс істеу. Бұдан басқа, автоматтан­дыр­ыл­ған кітапхана бағдарламаларын­да қауіп­сіздік және деректерді сақтау үшін резервтік көшірменің болмауы да елеу­лі кемшілік. Egov және Ұлттық білім беру дерекқорымен синхрондау жоқ. Жүйені жетілдіру және жаңарту бо­йынша кітапханашылармен жұмыс жүр­гізілмейді. Осы автоматтандырылған кітапханалық есепке алу және мәлімет­тер базасындағы кітапхана қорын есепке ­алу кезінде кеңейтуге және өзгер­ту­ге ­бол­майды. Тіптен кітапхана қорын кодтан­дырудың бірыңғай үдерісінің бол­мағаны біздің цифрландыру дәуіріне қадам басуымызды тежеді.

– Соның салдарынан қазіргі күні бірыңғай кітапханалар қызме­тінің жоқтығынан еліміздің білім сала­сын­дағы кітапханалар бір­тұтас кітапха­налық жүйе ретінде қалып­таспай отыр. Солай ма?

– Ең үлкен мәселе – әр өңірдің өз бағ­дарламасын сатып алуы. Бағдарлама­ның тиісті түрде жұмыс істеп жатқанын білім басқармалары тексере бермейді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2022-2026 жылдарға арналған білім беруді дамыту тұжырымдамасын іске асыру туралы Жолдауында жергі­лікті атқарушы органдар 2023 жыл­дың желтоқсанына дейін мектеп кітапха­наларын трансформациялауды, электронды ақпараттық ресурстардың дерек­қоры бар қосымша білім беру алаң­дарына айналдыруды жүзеге асы­руға тиіс болатын. Осы жолда бір жыл­дың ішінде біраз жұмыс атқарылды.

– Осы ретте елімізде кітапхана қо­ры­ның толық технологиялық цикл­дерін жетілдіріп жүзеге асыратын «Qazaq mura» кітапханалық жұмысты автоматтандыру жүйесі қолданысқа енгізілгенін білеміз.

– Аталған жүйенің тиімді тұста­рының бірін айта кетсем, мәселен, бұрын кітапхана қызметкерлеріне инвентаризация жасау бiрнеше аптаға созылса, бүгінде ол 15 минутта жасалады. Жаңа кітаптарды базаға жүктеп, оларды тіркеу­ге апталап уақыт кететін. Ал қазір бар­лық мектеп кітапханалары Ұлттық кітап палатасымен интеграцияланған ор­тақ жүйеде жұмыстары жолға қойылған. Яғни «Qazaq mura» жүйесі арқасында кітапханашылар мен олардың жұмыс барысы толықтай оңтайландырылған. Жаңа жүйе кітапхананы автоматтандырып қана қоймай, сонымен қатар оқушылар үшін «OQU» мобильді қосымшасын ұсына­ды. Бұл жерде әрбір оқушы кез кел­ген кітапқа тапсырыс беріп қана қоймай, қажет кітаптың қорда бар-жоғын тексере алады. Сондай-ақ жүйеде мектеп кітапханаларының қолданыстағы кітаптарының электронды нұсқасы мен 300-ден аса басқа да Оқу-ағарту министрлігі ұсынған кітаптар тізімі тегін әрі қолжетімді.

Кітап – ғылым мен білімнің бұлағы. Кітапхана ісі еліміздің мәдени саласы ретінде ақпараттық білім беру қызметінің жемісі болып саналады. Сондықтан Жаңа Қазақстанда кітапхана ісі қайта жанданып, мәдени мекемелер арасында жоғары дәрежеге ие болып, мәртебесі биіктей түссе, нұр үстіне нұр болар еді. Бұл ретте қазіргі автоматтандыру технологиясы дамыған заманда мектеп кітапханалары өз жұмысын автоматтандырып, цифрлық ресурстармен жұмыс істеуге толығымен көшсе, мемлекетіміздің болашағы – жас ұрпаққа заман талабына сай білім беру­дегі рөлі арта түсетініне күмән жоқ.

 

Әңгімелескен

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»

 

АЛМАТЫ