Инфрақұрылым • 18 Тамыз, 2023

Қолайлы инфрақұрылым, жайлы шаһар

155 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жыл өткен сайын ортасы толып, құлашы кеңге жайылған Аста­на­ның даму динамикасы бір сәт те баяулаған емес. Тіпті осынау қарқынды үде­ріс­тің әсерінен елорданың бастапқы Бас жоспарына бір емес, бірнеше мәрте (2001, 2011, 2016 жылдары) түзету енгізілді. Биыл Мем­­лекет бас­шы­сының елор­даны одан әрі дамыту жөніндегі тапсырмасын жіті назарға ала отырып, қаланың 2035 жылға дейінгі Бас жоспары түзіліп жатыр.

Қолайлы инфрақұрылым, жайлы шаһар

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Бас жоспарға сәйкес қазірдің өзінде  Астанада жүйесіз салынып жатқан ны­сан­­дар құрылысын ретке келтіру жұ­мы­сы басталып кетті. Талапқа сай кел­ме­гені үшін 83 нысан­ның құрылысы тоқтатылды. Сонымен қатар жаңа сын-қатерлерді ескере отырып, елордада инженерлік-коммуникациялық және әлеу­меттік инфрақұрылымды дамыту бойынша жүйелі шаралар қабылданып жатыр.

Астана халқының саны тез өсіп, 1,5 млн-ға жеткенімен, соның әсерінен көшеде туындаған кептелісті түйіні тар­қамайтын түйткіл деуге келмес. Өйт­кені қалада кез келген нүктеге 30 минутта жетуге болады. Әуелгі жоспар бо­йынша бас шаһар Есілдің жағасын бойлай қонып, соның негізінде дамып келеді. Соған сәйкес Есілдің үстіндегі көпірлердің кептелісті реттеудегі рөлі маңызды. Мәселен, былтыр ғана Ұлы дала көшесінің жалғасы ретінде пайдалануға берілген көпір орта­лық көшелерге түсетін қаншама жүкті же­ңілдетті. Сол сияқты Тәуелсіздік даңғы­лын Есіл үстінде ұзар­татын көпір жыл соңына дейін іске қо­сылып, көлік ағынын әжептәуір азайт­пақ. Сонымен қатар елорда әкім­дігі алдағы жылы Есілдің жоғарғы ағысы, Тұран даңғылы маңында да екі көпірдің құрылысын бастамақ ниетте. Осылайша, Есілдің арғы жағы мен бергі жағын қаланың әр тұсынан жалғау арқылы кептеліс дейтін күрмеу тарқатылмақ.

Бұған қоса кептеліс мәселесін реттеуде Сергек бағдарламалық кешені тиімді болып отырғанын атап өткен жөн. Орталық басқару жүйесіне қосылған бейнекамералар жүргізушілерді тәртіпке шақырып қана қоймай, кептеліс бағыт­тарын анықтап, оны дереу шешуге септігін тигізіп жатыр.

Қала халқы санының өсуін назарға ала отырып, қызмет көрсету сапасын жақ­сарту мақсатында биыл 400 автобус қо­ғамдық көлік қатарын толықтырмақ. Бұған қоса маршруттар саны артып, 31 тамыздан бастап №49 және №57 екі жаңа бағдар іске қосылады деп жоспарланып отыр. №49 бағдар Мамандандырылған ХҚО-ны Бас мешітпен байланыстырады. Бұл «Көктал-1» – «Көктал-2» тұрғын алаптары және «Көктал» паркінің «Жағалау» тұрғын алабымен көлік байланысын жүзеге асырып, Ш.Айтматов, Сығанақ және Бас мешіт көшелеріне көліктік қызмет көрсетуді жақсартады. Ал №57 бағдар «Нұрлы жол» теміржол вокзалы мен Қазыбек би көшесін біріктіреді. Бұл бағытты іске қосу Төле би көшесінде қызмет көрсетуге, Сығанақ, Сарайшық, А.Байтұрсынұлы көшелерінде көлік қатынасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Көше қозғалысын реттеу мәселесі сөз болғанда 10 жылдан бері жыры бітпей, әбден мазаны қашырып, бас­ты қатырған ЛРТ құрылысын айтпай кету мүмкін емес. Табанға қадалған тікендей қала тіршілігіне жайсыздық тудырған бұл тіреуіштерді тегістеп тас­тайын десең, қып-қызыл шығын, ал құрылысты жалғастырайын десең, тағы да қомақты қаржы қажет. Не істемек керек? Бұл мәселені шешуде бірінші кезекте тұрғындардың мүд­десі ескерілуі керек-ақ. Қай шешім азамат­тар­дың мүддесіне сәйкес келген болса, сол шешім дұрыс болмақ. Осы тұрғыдан келгенде, егер 10 жылдан кейін қала халқы 2,5 млн адам болатын болса, баламалы қоғамдық транспорттың болуы шарт. Онсыз да қалада трамвай, троллейбус жоқ. Тұрғындар тек автобустармен қатынайды. Таксимен жүретіндер қан­шама? Бұның өзі қаладағы көлік кептелісіне қосымша қысым екені анық. Осы ретте өзін-өзі ақтамаса да, халыққа тигізер пайдасы маңызды ЛРТ жобасының жалғастырған жөн. Бірақ алдағы уақытта ЛРТ-ның келесі даму сатысы халықтың кең талқысынан өтуі қажет. Өз кезегінде қала басшылығы бүгінде ЛРТ құрылысын қайта жалғап, үдере жұмысқа кірісіп кетті. Жоспар бойынша 2025 жылы алғашқы жолаушылар Астананың жерүсті метросымен қатынайды.

Қаланың құрылыс жоспарына сәйкес барлық қоғамдық ғимарат маңындағы тұ­рақтардың көлемі бекітіледі. Құрылыс нор­маларында бекітілген көлемдегі авто­тұрағы жоқ қоғамдық нысандар қол­данысқа берілмейді.

Елордада әлеуметтік нысандардың да құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Мәселен, қазіргі уақытта 14 мек­теп­тің құрылысы жүргізіліп, оның 11-і жаңа оқу жылы ішінде ашылмақ. Мемлекет басшы­сының тапсырмасы бойынша Астанада алдағы екі жылда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 24 мектеп салы­нады. Мұның барлығы 90 мыңға жуық оқушы орнын (2 ауысымды) қамтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ осы жазда жаңа Оқушылар сарайы да есігін айқара ашпақ. Тұран даңғылында орналасқан 5 қабатты ғимарат жеке инвестициялар есебінен салынып, 1 қыркүйекте ашылады. Бұған қоса 3 жыл ішінде 15 Оқушылар сарайын салу жоспарда тұр.

Елорданы көркейту мақсатында қа­ла­ның барлық ауданында аулалар мен қоғам­дық кеңістіктерді абаттандыру жұмысы жүріп жатыр. Биыл 150-ден аса аула мен қоғамдық кеңістік (саябақ­тар, гүлзарлар, желекжолдар) абаттан­ды­рыл­мақ. Әкімдік абаттандырумен қатар көгалдандыру мәсе­лесіне де ерекше назар аударып отыр. Биыл қалада бір миллион жасыл желек (ағаштар, бұталар, көшеттер, т.б.) отырғызу жоспарланған. Оның 500 мыңы  қаланың жасыл белдеуі аумағында.

Қаланы газдандыру жұмыстары да жалғасып жатыр. Бүгінгі таңда 10 тұр­ғын алабы және 3 шағын аудан газға қо­сылды. 650 шақырым газбен қамту желісі салынды. 200 мыңға жуық адам газға қол жеткізді. 17 әлеуметтік нысан газға қосылған. Биыл аудандық «Тұран», «Тельман» қазандықтары мен «Ильинка», «Тельман», «При­город­ный», «Семейный поселке», «Өндіріс» темір­жол вокзалына газ құбырларын тарту жұмыстары жалғасып жатыр. Тұтастай ал­ған­да тұрғын үй аумақтарын газдандыру және энергия көздерін газға көшіру атмосфераға шығындарды жылына 40 мың тоннаға қысқартуға, сондай-ақ газ баллондарын пайдаланумен байланысты төтенше жағдайларды барынша азайтуға мүмкіндік береді. Бұған қоса қаланың тіршілігі тұраламауы үшін «Тұран» және «Оңтүстік-Шығыс» газ жылу стансалары және ЖЭО-3 нысанының құрылысы жүргізіліп жатыр.

Осындай қарқынды жұмыстармен қала инфрақұрылымы жетіле түсіп, тұрғындардың жайлы өмір сүруіне қыз­мет ете бермек. Ас­та­наны дамыту бағытындағы тың әрі тиімді ше­шімдер – қолайлы қала қалып­тасты­ру­дағы маңызды қадам ғана емес, еліміздің басқа өңірлеріне де үлгі. Бұл ретте Президенттің қадағалауымен қай­та жасақталып жатқан Бас жоспар елор­даның бет-бедерін одан сайын айшықтап, беделін асқақтата түседі.