Экономика • 03 Тамыз, 2023

ФРЖ пайыздық мөлшерлемені неге көтерді?

158 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

АҚШ-тың Федералдық резервтік жүйесінің (ФРЖ) жоғары пайыздық мөлшерлемелерінің дәурені қанша уақытқа созылатыны бас­ты мәселе болғалы тұр. Халықаралық сарапшылардың айтуынша, АҚШ экономикасы мөлшерлеменің он бірінші рет көтерілуіне қарамастан тұрақты болып отыр. Құрама штаттарда жұмыспен қамту деңгейінің өсуі баяулады, бірақ көрсеткіш бұрынғысынша жоғары болып қала береді. Ал жұмыссыздық деңгейі – әлі де рекордтық төменгі деңгейге жақын, небәрі 3,6 пайыз ғана.

ФРЖ пайыздық мөлшерлемені неге көтерді?

Bloomberg атап өткендей, ФРЖ инфляцияны тежеу мақ­са­­тында 1980 жылдан бері өзі­нің ең агрессивті қатаңдату нау­қа­нын жүргізіп келеді. Бұл өткен жылдың маусымында 40 жылдағы ең жоғары көрсеткіш – 9,1 пайызды құрады. АҚШ-та 2022 жылға арналған жылдық инфляция 8 пайызбен аяқталды. Шілдеде мөлшерлеме бойынша шешім қабылдай отырып, ФРЖ американдық экономиканың қалыпты өсуін атап өтті. Инфля­ция­ бұрынғысынша жоғары, бірақ баяулады. ФРЖ-ның шешімі экономикалық белсенділікке, жалдау мен бағаның өсуіне қысым жасауы мүмкін екенін мойындайды. Бірақ қанша екені әлі белгісіз. Сонымен қатар ФРЖ 2 пайыз инфляция мақсатына жету үшін саясатты одан әрі қатайту қажет болуы мүмкін екенін ескертті.

Жалпы, сарапшылар ФРЖ­нің шілде айындағы ше­ші­мі нарықтарды тағы да қор­қыт­қысы келетін пиғылдан алыс екенін айтып жатыр. Бірақ жа­қын арада мөлшерлемені тө­мен­дету туралы әңгіме айтылып жатқан жоқ. АҚШ Федералды резерв жүйе­сі­нің төрағасы Джером Пауэлл қыр­күйектегі келесі отырыс­та­ пайыздық мөлшерлеменің көте­рілуі мүмкін екенін, бірақ бәрі шешім қабылданар сәттегі фак­тор­лар­ға байланысты екенін айтыпты.

ФРЖ-ның негізгі мақсаты – инфляцияны мақсатты 2 пайызға дейін төмендету болып қала береді. АҚШ-та маусым айында жылдық инфляция 3 пайызға дейін төмендейтіні айтылған болатын. Ал болжам 3,1 пайыз ғана екенін айтып жатыр. Қазір нарық барлық жағдайға оптимистік көзқараспен қарайды: Ал сарап­шылар болса қыркүйекте, қарашада және желтоқсанда ФРЖ пайыздық мөлшерлемені бұрынғы деңгейде қалдырады, ал 2024 жылдың қаңтарында ақша-несие саясатын біртіндеп жұмсартуды бастауы мүмкін екенін алға тартып отыр.

Өткен аптада доллар­ ин­дек­сі де (DXY) жазу кезін­де­ 100,55 па­йыздан 102 пайыз­ға­ дейін көтерілді. DXY АҚШ валютасының жалпы күшін көрсетеді және АҚШ долла­ры­ның алты негізгі әлемдік валюта­ – еуро, иен, фунт стерлинг, кана­да­лық доллар, швед кронасы және швейцариялық франктен тұра­тын қоржынға қатынасы ретін­де есептеледі.

АҚШ Федералды резерв­тік­ жүйесінің пайыздық мөлшер­ле­месін арттыру басқа елдер мен олардың ұлттық валюталарына әсер етуі мүмкін. Осылайша, АҚШ-тағы мөлшерлеменің көтерілуі АҚШ-тың қаржылық активтерінің тартымдылығын арттырып жатыр. Осының нәтижесінде инвесторлар әдетте дамушы елдерден өз қаражатын алып, оларды АҚШ-қа аудара бастайды, экономикасы тұрақты және тәуекелі аз. Бұл дамушы елдерде шетел инвестициясының азаюына және несиелендіру құнының өсуіне әкелуі мүмкін.

Тұтастай алғанда, АҚШ Феде­­­ралдық резервтік жүйесінің пайыз­дық мөлшерлемесін көтеру даму­шы елдердің орталық банк­те­рін өз экономикаларының ықти­мал теріс салдарынан қор­ғ­а­у үшін осындай шараларды­ қабылдауға ынталандыруы мүм­кін. Бұл жаһанданудың ықпа­лы­мен және бір елдегі өзгерістер басқа елдерге таралуы мүмкін қаржы нарықтарының өзара байланысымен қатысты болып тұр.

Дамушы елдердің орталық банктері өз активтерін инвесторлар үшін тартымды ету үшін пайыздық мөлшерлемелерін көтеруге мәжбүр болуы мүм­кін екенін сарапшылардың бәрі айтып жатыр. Мәселен, Қазақстанның Ұлттық Банкі шілде айының басындағы отырысында базалық мөлшерлемені +/-1 пайыздық тармақ дәлізімен жылдық 16,75% деңгейінде қалдырды. Осының барлығы теңгедегі депозиттер көлемінің өсіп, ал шетел валютасындағы депозиттердің, керісінше, азаюына ықпал етеді. Мұндай динамика қазақстандық валюта бағамына да оң әсерін тигізуде.

«2023 жылдың бірінші тоқ­са­нында халықтың теңгедегі депозиттерінің өсімі 367,8 млрд теңгені құрады, ал олардың үлесі жеке тұлғалар депозиттерінің жалпы көлемінің 67,3 пайызына жетті. Нәтижесінде, депо­зит­­­­тер­дің­ долларлануы 2010 жыл­ғы бірін­ші тоқсанның соңында 32,7 пайызға, тағы 1,2 пайыз­дық тармаққа төмендеп, тари­хи төменгі деңгейлерді көр­се­туді жалғастырды. Дол­лар­лану шетел валютасына айқын сұра­ныс­тың жоқтығын және теңге жинақ­тарына қызы­ғу­шылықтың жоғарылауын сипаттайды. Бұған айырбас­ бағамы динамикасының тұрақ­ты­лығы мен салыстырмалы болжамдылығы, сондай-ақ теңге­дегі депозиттер бойынша­ тартымды мөлшерлемелер ықпал етеді. Жеке тұлғалардың депо­­зиттері бойынша шекті сыйақы мөлшерлемесі бірінші тоқсанда өзгеріссіз қалды. Мұ­ның­ бір себебі – Ұлттық банк­тің­ инфляциямен күрес аясында база­лық мөлшерлемені 16,75 пайыз деңгейінде ұстап тұруын жалғастыру», деп хабарлады Қазақстанның депозиттерге кепіл­дік беру қорының баспасөз қызметі.

Екінші жағынан, ФРЖ па­йыз­­­­дық мөлшерлемелерді бір­тіндеп төмендету үдерісін бас­та­­ғанда бұл ұлттық валютаны ны­ғайтудың оң факторы болуы мүм­кін. Дегенмен Қазақстан Ұлт­тық Банкінің де базалық мөл­шер­лемені төмендететінін ескеру­ қажет.

KASE-дегі доллар/теңге валю­та­ жұбының бүгінгі саудасына ке­ле­тін болсақ, олар бір доллар үшін­ 445,01 теңгеден басталды. Бір күн ішінде ұлттық валюта­
1 дол­лар үшін 444,96-446,13­­­ тең­ге аралығында саудаланды. Соң­­ғы мәміле қазірдің өзінде бір­ доллар үшін 445,50 теңгемен жа­был­­ды. Астана уақытымен 15.30-дағы жағдай бойынша Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттық барысында жалпы сомасы 111,6 млн доллар болатын 614 мәміле жасалды. Нәтижесінде, Ұлттық банктің алдағы күндерге ресми бағамы 445,68 теңгемен тоқталып тұр. Бұл өткен аптаның соңындағы бағамнан 1 теңгеге аз. Әзіргі болжам доллар қымбаттайды деген пікірді құптап тұрған жоқ.