Өнер • 02 Тамыз, 2023

Аттан түспегін, Алаш циркі!

224 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ұлттық ойын-сауық пен тұрмыстық салт-жоралардың негізінде пайда болған Қазақстанның цирк өнерінің тарихында тұңғыш рет бес күн бойы 15 мемлекеттің 80-нен аса әртісі өнер көрсеткен Халықаралық цирк фестивалі дүбірлеп өтті. Қазақ мемлекеттік циркінің дөңгелек күмбезінің астында бес күнде
8 мың адам жүрек жұтқан таланттардың өнерін бір деммен тама­шалап, шартараптан келіп бас қосқан шеберлердің өнеріне таңдай қақты. Almaty Sirkus Festival атты ірі өнер бәйгесіне дейін цирктің сиқырлы манежінде мұншама мықтының басы бұрын-соңды дәл осылай қосылған емес. Қазақстан, Қытай, Ұлыбритания, Чехия, Германия, Болгария, Украина, Ресей, Беларусь, Литва, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Якутия, Вьетнам, Эфиопия сияқты елдердің ең мықтысын бағалау 24 қазыға да оңай соққан жоқ.

Аттан түспегін, Алаш циркі!

Цирк өнерінің әлемдік бай­қа­уына бірінші рет жануарлар­ қа­тыс­тырылмады. Байқау шартын қабыл алған он бес мемлекеттің әрқайсысы хайуанатты қос­па­­ғанда, Қазақ мемлекеттік циркі­­нің манежінде бұл өнердің ба­р­лық жанрында – эквилибрис­тер, акробаттар, арқанмен жүру­ші­лер, сайқымазақтар мен жонглерлер орындайтын ең үздік номер­лерін ұсынды. Сондай-ақ іс-шара бағдарламасына каска­дерлік өнердің әлемдік жұл­дыз­дары болып саналатын және Netflix, HBO халықаралық жобаларына қатысатын теңдесі жоқ отандық «Nomad» ат спорты мектебінің ат акробатикалық номері фестивальдің салмағын арттыра түсті.

Шауып келе жатып, ат үстінен найза, қылыш, шоқпар сермеп, аттың бауырына түсіп, топырақ ішінен түймедей теңгені іліп алған, ат үстінде аударыспақ ойнап, көк серкені ортаға тастап, көкпар тартқан білекті һәм жүректі қазақ жігітінің тақымында ойқастаған тарпаң тұлпар тұрғанда, өзге өнердің шаң қауып шетте қалатынын дәл осы дода кезекті рет дәлелдеді. Заманауи цирк жарысында ат құлағында ойнаған Алаш бала­сы­ның алдына түсудің мүмкін еме­сін­ талай жылдан бері бас бәйгені бәсі­ресі етіп алған Қазақстанның «Nomad» каскадерлер тобының өнері дәлелдеп, нағыз сенсацияға айналды.

«Қазақ жерінде өткізіліп отыр­ған соң жүлдені өздері қан­жы­ғасына бөктереді де» деп біреу­лер ұшқары сөз айта салуы­ да мүмкін. Әттең, «тіл жоқ, сөй­ле­мейді» демесең, мынау аттар адамнан бетер ақылды. Қолтығы сөгіліп, бауыры жазылып шабатын даланың кең жазық атырабы емес, аядай жерді айнала шапқан төрт аяқты тұлпарлар тапсырманы мінсіз, сұлу орындағанымен қоймай, Отанын, ордасын, иесін сүйетін патриот қой, шіркін. Үстіне қазақы жабу жапқан жыл­қы­лардың жанарындағы жеңіске деген жігер жон терісінен жылт-жылт етіп талпыныс-тер болып төгіледі. Даңғырлаған музыка, шартылдай соғылған шапалақ, тұяғы тітіркенетін жұмсақ кіле­м­нен ара-тұра үріккендей құлағын оқыс қайшылап тіксініп қалатыны бол­маса, ат үстіндегі акробатиканы Альфия Күнғожинова сияқты қай­сар қыздар қылқұйрықты әртіс­термен тонның ішкі бауын­дай тіл табыса жүріп, әдемі орын­дап шықты. «Жігіттерге дес бермес арулар!» деген, міне, дәл осы қыздар.

Өзбек елі де ежелден цирк өне­ріне бейім халық. Екі адам­ның ауада асылып тұрып көр­сет­кен өнеріне жердегі адам аузын ашып, көзін жұмып, бірі арқанды тістеп тұрып, екіншісі сол арқанмен түрлі қимыл жасап жатқанда бойын қорқыныш билеп, тіпті кейде бір орында байыз тауып отыра алмай кетеді. Қаупі мол қатерлі орындау­дан кейін эфиопиялық кішкентай қара­сирақ баланың қапталдасып бірге шыққан ағасының аяғында допша домалаған өнері бүкіл залдың көңілін көтеріп, шапалақ көмген риза пейілге шомылып қалды. Мәскеудегі Никулин циркінен келген Антон Михеевтің аспанда­ жүріп доппен көрсеткен өнерін де өзінен басқа ешкімнің қайталай алмайтыны анық.

Қазақстанда үш цирк меке­ме­сі бар. Фестивальде Алматы циркі екі, ал Астана және Шым­кент цирктері бір-бір номер­ден көрсетті. Тек Алматы цир­кінде ғана 120 әртіс жұмыс іс­тей­ді. Қауіп-қатерге толы бұл маман­дық­ты екінің бірі игере алмайды. Меңгеруге талпынатындар да аз, себебі жалақысы тым мардымсыз. Құлап, жарақат алып, айлап, жылдап зардап шегіп жүрсе де, көрерменге қуаныш сыйлау үшін сүйікті кәсібін тас­тамай жалғастырып, керісінше жандандыруды ғана ойлайтын жанкештілерді нағыз елжанды, отансүйгіш азаматтар деп атауға болады. Ал дәл осындай еңбек шетелде өте жоғары бағаланады. Соған қара­мастан, қазақстандық цирк әртіс­те­рі қай қиырдың байқауына қа­тыс­са да, жүлдесіз, олжасыз орал­ған емес. Қаражат тапқысы келе­тін кәсіпкерлер қала ішінен қан­шама көңіл көтеру, сауық-думан кешендерін ашып, циркте көр­ген­дерін қайталағысы келе­тін­дерді жалдап, табыс тапқысы кел­ге­німен, нағыз цирк әртісінің өнерін бірде-бірі қайталай алмайды. Себебі бұл өнер – ешбір жерде баламасы болуы мүмкін емес дара өнер.

«Халықаралық деңгейдегі мұн­дай ауқымды іс-шараны өткі­зу­ге Алматы қаласының әкімдігі үлкен қолдау көрсетті. Бұл фес­ти­валь­дің жыл сайын өткізіліп тұра­­тынына және биіктеп, өсіп-дами беретініне сенім артамыз. Жүздеген шетелдік азамат қаламыздың сұлу көркіне там­са­нып, таңырқағанын жасыра алмай, сұхбат беріп жатыр. Қазақ елінің циркі – әлемдік цирк өнерінде өз орны бар керемет мәдениет ордасы. Фестивальге келген­ әр әртіс жеңімпаз атану үшін өз өмірін тәуекелге тіге отырып, қауіпсіздік шарасын қабылдамай өнер көрсету еді. Өнер жолында аянып қалмайтын нағыз жан­кеш­тілік бұл», дейді Қазақ мем­ле­кеттік циркінің директоры Мақсат Жайықов.

Almaty Circus Festival – Еуропа, Америка, Ресей секілді өзге елдерге ашылған терезе, жаңа жоба, тиімді келісімшарттар. Алматы төрінде өткен бес күндік фестиваль жаңа таныстықтың, достықтың, алдағы бірлескен жобаларға уәделескен биік әріптестіктің алаңына айналды. Мысалы, «Росгосцирк» компаниясы дәл осы алаңда қазақ цирк мектебі әзірлеген «Nomad» тобының әртістері мен Вьтнамның «Moment of Love» номерін және Қазақстанның «Hassak» тобын қыркүйек айын­да Петербургте өтетін «Без границ» атты цирк өнерінің фестиваліне шақырды. Сондай-ақ Ресей, Вьетнам, Тәжікстан және Беларусьтен келген мамандар да «Мамонтенок-2024» VII Халықаралық цирк өнері фес­тиваліне шақырылды, ал Лит­ва­­­дан келген әртіске Гер­ма­ния­дағы «Winterzauber Event UG» жаңажылдық цирк қойылымдарын ұйым­дас­тыру жөніндегі компания­ директорының шақыру-келісім­шар­ты берілді.

Almaty Cirkus Festival халық­аралық цирк өнері фестивалінің соңы гала-шоуға ұласып, аптаға жуық үздік өнер көрсеткен әртіс­тер­ марапатталды. Фестиваль ұйым­дастырушылары әртістер ара­сында үш жүлделі орын, сондай-ақ арнайы сыйлық – Гран-при тағайындады. Арнайы Гран-приді «Құрмет» орденінің иегері Қанат­бек Күнғожинов «Nomad» атты ат акробатикалық өнері үшін иеленді. Алтын жүлдені Вьет­нам, Якутия және Ресей цирк әртіс­тері өзара бөлісті. Күміс жүл­дені Өзбекстан, Қазақстан және Вьетнам цирктері жеңіп алды. Қола жүлде Германия, Бела­русь, Тәжікстан және Литва әртіс­теріне тапсырылды.

Алматыда Almaty Cirkus Festi­val бағдарламасы 27 тамыз­ға­ дейін жалғасын табады. Қойы­лымдар Қазақ мемлекеттік цир­кін­де өтеді.