Мәдениет • 31 Шілде, 2023

«Алтынай» әні қырғыз қызына арналған

2043 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Eqemen Qazaqstan» газетінің тілшісі Мұхтар Күмісбек көпшілік арасында кең тараған «Алтынай» әнінің шығу тарихы жайлы тың деректерді ұсынды. Оқырман назарына «Арман қуған Алтынай» мақаласынан үзінді ұсынамыз.

«Алтынай» әні қырғыз қызына арналған

Өткен жылы мақала авторы Шымкент шаһарына қонаққа барып, туындының авто­ры, ақын Хан­бибі Есенқа­рае­ва­мен кездескен еді. Арада «Алтынай» жайлы әңгіме өрбіді.

«1991 жыл. Ош қаласында қырғыз халқының айтулы тұлғаларының бірі – Құрман­жан датқаның 180 жылдығына арналған үлкен іс-шара өтті. Сол тойға Оңтүстік Қазақстан облысынан екі адам делегат ретінде шақырылдық. Бірі – мен. Екіншісі, облыстық атқару комитетінің хатшысы. Шынын айту керек, бұған дейін Екатерина, Елизавета деген орыстың қатын патшаларын білетінбіз.

Ал шығыс халқынан шыққан, оның үстіне қырғыз бауырларымыз ұлықтаған ханшаның тойы көңілімізге ерекше бір мейрам орнатқандай болды. Жан-жақтан қонақтар келгенде белгілі ғой, оларды әрі-бері алып жүретін бір адамды бекітіп қоятыны. Маған бекітілгені Қырғызстанның арақ-шарап зауытының директоры Алтынай Сулайманова деген келіншек екен. Өзі басшылық ететін зауытта 10 мыңдай адамды басқарады. Осыдан-ақ оның мықтылығын байқай беру керек шығар. Алтынай тек шенеунік қана емес, жүрегі жұмсақ, көзінен сағынышы төгілген, мейірімді, ба­уырмал, сондай бір әдемі жан болып көрінді маған. Ошта 3-4 күн болдық.

Бір-бірімізге бауыр басып қалыппыз, қайтатын кез жетіп, қоштасып жатқанда Алтынайдың көзіне мөлтілдеп жас келіп қалды. Жалпы, біздің табиғатымыздағы жоғалтқан нәрсе­міз – біреуді жақсы көру, қоштасарда көзге жас алу. Қазіргі заманда сирек кездесетін адами қасиеттер. Содан Шымкентке дейін 12 сағаттай жол жүрдік маши­намен. Жол бойы Алтынай көз алдымнан кетпеді. Қимас туы­сы­м­мен қоштасқандай сезімде келе жаттым. Ыстық та ізгі сезім­дер­­ге толы қимастық өлең­ жолдарына айналған-ды сол жо­лы», деп ақын Хан­бибі Есенқа­рае­ва­ еске алды.