Өнер • 31 Шілде, 2023

Қайта жаңғырған «Азия дауысы»

236 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алатаудың баурайында жиырма жылға жуық жым-жырт жатқан Медеу шатқалдарын қуатты музыка үнімен жаңғыртқан «Азия дауысы» халықаралық фестивалі қайта оралды. Алма­тылықтардың өміріндегі ең аяу­лы сәттер, жарқын естеліктер­дің бір парасы дәл осы «Азия дауысымен» байланысты өрбіп, он бес жыл бойы үздіксіз өткен дәстүрлі ән байқауы белгілі себеппен үзіліп қалып, көрермен ұзақ жылдар бойы көз жазып қалғанда елегізіп іздегенін жоққа шығара алмас.

Қайта жаңғырған «Азия дауысы»

«Азия дауысы» тәуелсіз Қазақ­станның алғашқы жылдарында ұлттық музыка өнерін басқа өлшем, жаңа деңгейге көтерген сапалы жобалардың бастауында тұрды. Тамыз айы туа сала тыңдаушысы тауға қарап, әуелеген асқақ ән іздеп тұратын белгілі ән байқауы осы уақыт аралығында отандық өнер бренді болып қалыптасып, көпшіліктің көңіл төрінен орын алып үлгерген еді. Алайда сұлу сазды сағынған тыңдаушысына ол бұрынғыдай орындаушылардың халықаралық ән байқауы болып оралмады, ұйымдастырушылар шартарапты шарлаған аңыз атымен қайта қауышқан фестивальді жаңа леппен жаңғырту мақсатында концерт түрінде сабақтастыруды қош көріпті.

28-30 шілде аралығында үш күнге жоспарланған фестивальдің алғашқы күні көрген адамның көңілінде ұзақ сақталатын дрон шоуымен басталып, тау бауырына төселген қызыл кілем үстімен көпшіліктің сүйікті әнші­лері қол бұлғап жүріп өтті. Салта­нат­ты іс-шараның беташар сөзін алған Қазақстанның Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов: «Түркі ел­дерінің мәдениет министрлері қазір­дің өзінде маған телефон шалып, «Азия дауысы» халықаралық орындау­шылар байқауы келесі жылы қашан өтетінін сұрап жатыр. Байқауға өзде­рінің үз­дік әртістерін жібергісі келе­тін ниетін білдіріп отыр. Біз байқауға қол­дау көр­сетеміз, өйткені бұл – тек музыка­лық емес, сонымен қатар туристік қа­дам. Алматының және біздің бүкіл өңі­­рі­міздің туризмін дамытатын әлеуеті бар», деді. Министрдің айтуынша, фес­тиваль алдағы жылдан бастап дәстүрге сай барлық талап-ережесін сақтай отырып, халықаралық ән байқауы болып қайта жалғасады.

Шаһардың күндізгі аптап ысты­ғынан кейін шатқалдың май тоңғысыз жанға жағымды қоңыр салқын кеші ән сүйетін қауымның көңіл күйін біртұтас толқында табыстырды. Өнер мерекесіндегі буын сабақтастығын аң­дамай қалу мүмкін емес. Алдымен 32 жылдан бері уақыт сынына тозбай, қиындық атаулыға төтеп беріп, еліміздегі ең ұзақ уақыт көшінде келе жатқан ұлттық музыкалық жобалар­дың бірі «Жас қанат – 2023» жас орындау­шылар байқауының әр жылдарда­­ғы жеңімпаздары өнер көрсетті. Олар­ды Байғали Серкебаевтың «Джу­лия» мюзиклінің үзіндісі жалғап алып, «А-studio» тобының әндері шырқалып, көрермен әлемдік хиттерді еске алды. Сондай-ақ 19 жыл бойғы үзіліс­те «Азия дауысы» фестивалінің тарихынан хабарсыз өскен жас көрер­мен­дер үшін арнайы жасалған блок болды. Онда фестивальді құрған ­Мұ­рат Ерғалиев, Александр Пономарев сияқ­ты ұйымдастырушы тұлғалар және сол жылдардардағы Алматының кел­беті көрсетілді.

Түн жарымына дейін созылған ән мерекесінде көрермендерге белгілі режиссер, продюсер Фархат Шәріпов түсірген «Солдат любви» мюзиклінің түсіріліміне қатысу мүмкіндігі туды. Олар фильмдегі басты кейіпкердің жұлдызға айналып, үлкен сахнаға шық­­қан кезінде басқан ізін аңдып жү­ретін табынушысы болып көпшілік сах­насында ойнады. Көрермендер телефон жарығын жағып, режиссер­дің тапсырмасын мүлтіксіз орындап, фильмнің маңызды сахнасын тас­палауға көмектесті. Осылайша, «Азия дауысының» алғашқы күні тарих­қа ғана емес, киноға да енді.

 ZAQ, RaiM, Ерке Есмахан, Мирас Жүгінісов, Молданазар, Мархаба Сәби, «Ирина Кайратовна», V $ XVPRiNCE сияқты бүгінгі эстраданың ең таны­мал әрітістері көпшілікті бірінші күннен-ақ баурап, қосыла шырқаған әннен тас оянып, тау жаңғырыққандай, та­биғатты әсем күйге бөледі. Алматыға «The Black Eyed Peas» секілді әлемге әйгілі америкалық топтың келуі – фес­тивальдің айтулы жаңалығы. Ал ән жәрмеңкесі жабылатын күні «Secret Service», «Ялла» топтары қырық минуттан өнер көрсетіп, Роза Рымбаева мен Нағима Есқалиева, Еркеш Шәкеев пен Медеу Арынбаев бастаған еліміздің белгілі музыка майталмандары әнмен шоу-шеру жасады.

«Азия дауысы – 2023» фестивалінің алғаш рет Үкіметтің ақшасына арқа сүйемей, атқарушы биліктің көмегінсіз тек қаржы ұйымдары мен отандық бизнес серіктестердің қолдауымен өткізіліп отырғанын баса айтқанымыз жөн. 30 шілдеге билет сатып алған көрермендер үшін ұтыс ойыны ұйымдастырылып, сәтті билет бұйырған бақытты жандарға жеңіл көлік, IPhone 14 Pro Max, IPhone 14, Apple Watch сияқты бағалы сыйлық тапсырылды. Алматы қаласының әкім­дігі тауға ағылған көпшілікті по­ли­­ция, жедел жәрдем, төтенше жағ­дай секілді қауіпсіздік шараларымен қам­тамасыз етіп, көлік қозғалысын реттеді.