Кино • 27 Шілде, 2023

Көкпаршы қыз туралы фильм

250 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстанда көкпаршы қыз Ева Жигалина жайында «Ева. Батыр қыз» атты деректі фильм түсірілді. Бұл – бала кезінен сайын дала төсінде желмен жарысып, табиғаттан ескен еркіндікке еркелеп өскен табанды қыздың жаны қалаған сүйікті ісімен айналысу хақы үшін күресі туралы оқиға.

Көкпаршы қыз туралы фильм

Дәстүрлі қоғамда әйелге көк­пар­ға қатысуға қатаң тыйым салынған. Бірақ Ева қиындықтарға мойымастан табандылық танытып, қалыптасқан қасаң қағидаларды бұзды, әлеуметтік және мәдени тосқауылдарды еңсере білді. Ол «көкпар – тек ерлердің ойы­ны» деген мықтылармен текетіресте болды. Дегенмен Еваны қолдайтындар да табылып, оның жігеріне, арманына, адал мінезіне лайықты бағасын беріп, жігерлендіріп, тосқауылдарға төтеп беруіне көмегін аямады. Еті тірі Ева кәдімгі білек күшінен де, ептіліктен де кенде емес, ал оның ішкі тегер­шігінің мықтылығы, жалыны мен та­бан­­дылығы көрген адамның көңілін ерік­сіз қанаттандырады.

Фильм көрерменді эмоциялық саяхатқа үйіріп әкетіп, кейіпкер жолында кездескен қиындықтарды, оның сәйгүлікке деген махаббатын қызықты мысалдармен баяндай жөнеледі.

«Ата-анам көкпарға қатысуға ты­йым салған. Бірақ бір жерде көкпар болып жатыр десе, дегбірім қашып, делебем қозып, үйден қашып кететін­мін. Көкпарға алғаш рет 15 жасымда қатыстым. Шақырусыз барған едім. Өзім де таңғалдым. Атта отырып, ерлердің көкпарда жан алып, жан бер­генін көрдім. Оларға қосыла кетіп, сер­кені жұлып алыппын. Ерлер мені қуа жөнелді, бірақ ұстатпай кеттім. Қазір жұрттың көкпарға қызығуы арт­қанын көріп жүрмін. Маған ұлдар да, қыздар да хат жазып, көкпар тартуды үйретші деп өтініп жатады», дейді Ева Жигалина.

«Ева. Батыр қыз» деректі драмасы – Темірбек Аманжолдың алғашқы режиссерлік қадамы. Темірбектің өзі де тұлпармен туризмді насихаттап, атқа міну мәдениетін зерттеп жүр. «Еваның хикаясы – салт-дәстүр, жігер мен құрбандық шиеленіскен әлемге жетелейтін шытырман саяхат. Осындай қым-қуыт әлемде нәзік жан ағысқа қарсы жүзіп, махаббат пен жалынның алмайтын қамалы жоғын айшықтайды», дейді ол.

«12 жылдан бері жылқы жануарын фильмдерге түсіріп, атқа міну мә­дениетін, неономадизмді зерттеп жүрмін. «Ева. Батыр қыз» фильмінде қазақылықтың формуласын паш еткім келеді. Елі бөтен, діні бөтен басқа жұрт­тың баласы неліктен осы ойынға құ­мар болып, бар өмірін сарп етуге серт берді? Көкпар мен Қамбар ата жануары несімен тартымды? Бұл фильмді осы сұраққа жауап іздейтін зерттеу десеңіз де болады», дейді Темірбек Аманжол.

Фильмнің подюсері Думан Қожах­мет­тің айтуынша, бұл туын­дының ха­лықаралық деңгейге шы­ғуға әлеуеті мол. «Қазір бірнеше ше­телдік стриминг-сервистермен прокат туралы келіссөздер жүріп жа­тыр», дейді ол.

Деректі фильмді «Black & White Production» компаниясы Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы­­мен және Ұлттық киноны қолдау мем­ле­кеттік орталығының қолдауымен 2022 жылы түсірді.