Туризм • 25 Шілде, 2023

Ендігі тренд – этнотуризм: Еліміз осы көшке ілесуге дайын ба?

196 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Америкалық «U.S.News» журналы жүргізген туризмді табыс көзіне айналдырған елдердің рейтингінде Қазақстан 85 мемлекеттің ішінде 84-орында тұр екен. Дерек бойынша біз Украина, Өзбекстан, Әзербайжан, Беларусь, Ресей елдерінен ғана емес, Замбиядан, Ливаннан, тіпті Мьянмадан артта қалып тұрмыз. Дегенмен Дүниежүзілік туристік ұйымның мүшелігіне кіргенімізге, міне, ширек ғасырдан асты. Бірақ бұл саладағы ілгерілеу әлі де баяу. Оған не кедергі?

Ендігі тренд – этнотуризм: Еліміз осы көшке ілесуге дайын ба?

Еліміз – Еуразияның жүре­гінде орналасқан, Шығыс пен Батыс дәстүрін байланыстырған біре­гей мемлекет. Жаһандағы тоғызын­шы территориядан шөлді аймақты, орманды, сулы-нулы өлкені кезіктіруге болады. Талай тарланның ән-жырына, өлең-шығармаларына арқау болған Алтайдан Атырауға дейінгі атырап кез келген жанды сүйсіндірмей қоймайды. Алайда пафосқа беріліп, жаңа индустрияның мықты мүмкіндігінен қағылып отыр­ғанымыз жасырын емес. Аң­ғар­саңыз, тәуелсіздікті қатар алған Өзбекстанмен, Қырғыз­стан­мен са­лыстырғанда туризм бойын­ша ай­тарлықтай кенжелеп қалғанымыз жасырын емес. Google ұсынған деректерге үңілсек, былтыр әлемнің түкпір-түк­пірінен Өзбекстанға 5,2 млн, Қырғыз­стан­ға 7,5 млн шетелдік келген. Ал Қазақ­станда небәрі 3,4 млн-нан аса шетел­дік ту­рист демалған. Сонда гео­гра­­фия­лық ландшафты, мәдени мұра­сы мен жауһар жәдігері бір бауыр­лас елдерді даралап тұрған не нәрсе?

– Туризм индустриясының дамуы бірнеше факторға тікелей байланысты екен. Оған көзтартарлық табиғат, шипалы, емдік су көздері, таулы аймақ, аңызға айналған орындар, тарихи-танымдық мекендердің көптігі және осы дайын туризм нысандарына адам шақырып, демалушылардың санын көбейту маңызды жұмыс. Мұның ар жағында сервис мәселесі бар. Жол қатынасы, қонақүй, тамақпен қамту, қыл аяғы әжетханаға дейін туристер сұранысына сай сапалы болуы үшін әлі көп нәрсе жасауымыз керек. Салыстырмалы түрде қарағанда, Қырғызстандағы туризм индустриясының жақсы жұмыс істеп тұрғанын мойындауы­мыз керек-ақ. Көршілер этнотуризмді дамытумен қатар, демалушыларға төл өнімін ұсынудың жолын тапқан. Мәселен, «Супара» жобасы арқылы саяхаттаушылар қырғыз халқының көшпелі өмірімен толық танысып шығады. Атауының өзі көне заманға шақырып тұр. Қырғыздар теріден жасалған жұқа төсенішті супара деп атайды екен. Келушілерге тек ұлттық асхана мәзірі ұсынылады. Мейрамханалары боз үйлерде орналасқан, іші-сырты ұлттық нақышта безендірілген. Бұл қырғыз этномәдениетін туристер назарына ұсынатын орта ғана емес, адам аяғы үзілмейтін табысты бизнес екеніне тәнті болдық. Қырғыздар бұл саланы тұтас кластерге айналдырыпты. Жаңа технологияны да өндіріске енгізіп үлгерген. Бұған қоса «Бір айыл – бір өнім» жобасы қазір қырғыз ауылдарын дамытуға арналған мемлекеттік бағдарлама ретінде қабылданыпты. Жоба аясында өндіруші белгілі бір кәсіппен айналысып, бір ғана өнім түрін шығарады. Мемлекет соған лайық қолдау жасайды. Мысалы, Ыстықкөл облысында бал арасын өсіру қолайлы болса, оны өндіріс ретінде жолға қойып, балдың түр-түрін дайындайды. Ыңғайлы ыдысқа салынған ара балының дәмін бір татқан адам, оны міндетті түрде сатып алады. Екінші бір аймақ сүт өнімдерін дамытқан. Кәдімгі құрттың бірнеше түрін жасап, әдемілеп қаптап келушілерге ұсыну үлкен үдерісті қамтитын жұмыс. Бұлардан жеңіл өнеркәсіп пен қолөнер бұйымдарын жасаушылар да қалыспайды. Менеджмент жүйеленген, сервис бар, туризм мәдениеті қалыптасқан, – дейді «Adal As» өндірістік компаниясының негізін қалаушы, кәсіпкер Ермек Мезібаев.

Кәсіпкердің туризм мәдениетін қалып­тас­тыру туралы ойы көп нәрсеге қозғау салады. Яғни ел ішінде қарапайым дема­лыс­ мәдениеті тұралап тұрғаны жасырын емес. Оған бірер жыл бұрын жария бол­ған, Астананың іргесіндегі қызғылт түсті Көбей­тұздағы тұзды әлеу­­меттік желіде халық­тың шелектеп, маши­на­ға­ салып алып бара жатқан бейнежазбалары дәлел. Бұған қоса кез келген елдің табиғатымен бәсе­кеге түсе алатын Бурабай көлінің қазір ластанып, курортты аймақтың қоқыс­қа тұншығып жатқанын айтсақ жет­кі­лікті шығар.

– Ел туризмін дамытуды ең алдымен­ жол жөндеуден бастау керек. Біздің ел­де­гі ең бірінші кемшілік – осы. Өйткені сая­хатқа шыққан кез келген адам діттеген жері­не жете алмай шаршайды. Ал адам сая­­хат­тан ләззат аламын деп жолға шық­пай­ ма? Тағы бір айта кетерлігі, біздегі көр­­некі орындар бірі-бірінен өте алшақ орна­­ласқан. Ол да туризмнің дамуы­на кедергі. Және байқағаным, керемет тарихи орындарымыздың насихаты аз. Этно­­туризмнің дамымай тұрған тағы бір себебі – тарихи құнды дүниелерімізді дұрыс сақтай алмай отырғанымыз. Қажетті ақпа­рат­тарды гидтердің өзі қызықты етіп жет­кізе алмайды. Тағы бір айта кетерлігі, этнотуризм – киіз үйіміз ғана емес. Ол – ұлттың барлық әдет-ғұрпы, салты, жөн-жоралғысы. Дәл қазір шетелдіктер тек осы дүниелерге қатты қызығады. Мәселен, өзге елдері осы тұсты ұтымды пайдаланып, ешқандай аңызға құрылмаған жерлерін әспеттеп, ойдан шығарса да тартымды етіп, жұртты өзіне шақырудың бар амалын қарастырып жатады. Біз бар тарихымызды көрсетіп, шынайы дерегімізді жеткізе алмаймыз, – деді ел аралап, жиһангез атанып жүрген блогер  Дана Ескендір.

Бұл ойдың да салмағы бар. Өйткені қазір әлем туризмінде этностиль тренд­ке­ айналды. Яғни саяхаттаушылар қаржы­сын ішіп-жеуден гөрі, халықтың көне салт-дәстүрін, мәдениетін, ұлттық тағам өнді­рісін, қолөнерін тануға жұмсай бас­та­ды. Туризмнің бұл жаңа бағыты әлі де әлем­ге есігін айқара ашып үлгермеген біз секілді елдерге үлкен мүмкіндік. Біз­дің мемлекет мінберіндегі жауапты­лар осыны ескерген болуы керек біраз іс-шаралардың жобасын бекітіп, қабылдаған-ды. Бұл туралы газеттің алдыңғы нөмірлерінде жазған едік. Оны қысқаша «Kazakh Tourism» ұлт­тық­­­ компаниясының баспасөз хатшысы Ернұр Кенжебековтің пікірімен келтірсек:

– Бізде курорт, жағажай туризмі енді-енді дамып келеді. Оның өзіндік себебі жоқ емес. Мысалы, Түркия мен елдегі климаттың айырмашылығы бар. Бізде жылдың тек екі айында ғана жағажай туризмі ашылады. Әрине, туристерді жыл бойы қабылдауға қолайлы орындар бар. Бірақ жағажай емес. Экотуризм, этно­туризм тиімдірек. Сол үшін де мем­лекет туризмді дамытуды көздеген кәсіп­кер­лерді әркез қолдайды. Жаңадан салынатын туристік орындардың жалпы шығынының 10 пайызын өтеуге мемлекет жәрдемдеседі. Туризм экономикамен тығыз байланыста. Қазір әлемде әрбір турис­ті елге тарту мақсатында үлкен бәсе­ке­ жүріп жатыр. Салаға қыруар қаражат жұм­сайтын елдер көп. Жуырда ғана Бер­лин­де ауқымды туристік көрме өткен еді.­ Сол көрмеге Грузия серіктес болып, 35 млн доллардан аса қаражат жұмсаған. Расы­мен де бұл – бір көрме үшін қомақты қара­жат. Бәсекенің қызып тұрғанын салыс­­тырмалы түрде осыған қарап бағамдай берсек болады, – дейді ол.

Мәдениет және спорт министрлігінің хабарлауынша, жыл басынан бері елімізге 2,5 мыңға жуық Түркия азаматы, 1,4 мыңға жуық Германия азаматы, 1,4 мыңға жуық АҚШ азаматы, ал Ұлыбританиядан 1,2 мыңға жуық азамат келген. Туристерге ең тартымды қалалар қатарында Алматы, Астана, Ақтөбе, Атырау, ал Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстары, Шымкент қаласы мен Қарағанды облысы бар. Өкінішке қарай, соңғы жылдары туризмнің орталығы болады деп, осы бағытта миллиардтаған қаржы жұмсаған Түркістан қаласы алғашқы ондыққа да іліге алмады. 2018 жылы Түркістан облысына тартылған инвестиция көлемі 288,1 млрд теңгені құраса, 2019 жылы ол 441,2 млрд теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 38,5%-ға артты. Ал 2020 жылы облысқа 703,3 млрд теңге инвестиция бағытталып, 2018 жылмен салыстырғанда 2,4 есеге өсті. Яғни әр жылдарда бөлінетін бюджеттің ұлғайғанын көруге болады. Бірақ «Керуен сарай», басқа да нысандар, орталықтар, қонақүйлер, мейрамханалар, форумдар мен жиындар Түркістанның туристік тартымдылығына әсер етпеген сыңайлы.

Негізі, Қазақстан – туризм индустрия­сын дамытуға ыңғайлы мемлекет. Оның ішінде этнотуризмге сұранып тұрғандай. Тарих­қа тұнып тұрған кең дала, біздің дәуірімізге дейінгі көне қалалар әлемге паш етуге тұрарлық мұра. Бүгінде елімізде 25 000-нан аса тарихи-мәдени мұра ескерткіші, 29 ерекше қорғалатын табиғи аумақ, оның ішінде 13 мемлекеттік ұлттық табиғи парк бар. Оның үстіне аdventure туризмге сұраныс жыл сайын 46 пайызға дейін артуда. Сондықтан бізге өлкені өрістететін танымдық, сауықтық, этникалық, экологиялық, шипажай-сауықтыру, аңшылық секілді түрлі туризм түрлерін көптеп ұйымдастыруымыз керек. Өйткені Дүниежүзілік Туристік Ұйымның есебінше, туризм әлемнің өндірістік-сервистік нарық айналымының 10%-ын иемденіп отыр. Демек туристер мемлекет қазынасының толуына ықпал ететін бірден-бір тиімді инвестиция.