Қоғам • 23 Шілде, 2023

«Қабыл алмау әдебі» қалай қалыптасады?

178 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қонаев қаласында жоспарланған Григорий Лепстің концертіне байланысты туындаған қоғам қарсылығы қазақ елінде енді қылаң беріп келе жатқан «қабыл алмау әдебі» деп аталатын жаңа құбылысты қалыптастыра бастағанын байқатты. Адамзатты бейбітшілік пен бірлікке алдымен үндеуге тиіс өнер өкілдері десек, Ресей әншісінің Украинаға қатысты астамшылықпен айтқан бір ауыз сөзі басына таяқ болып тиіп, әлеуметтік желінің бетін жайпап өткен қоғамдық пікірдің жойқын күші ақыры оны қазақ сахнасында ән айту құқынан айырып, ел шетіне аяғын бастырмай, қуып тас­тады. Жүрген жері лаң Лепс ендігіде абайлап сөйлеп, аяқты аңдап басу керегін көкейіне түйіп кеткен болар.

«Қабыл алмау әдебі» қалай қалыптасады?

Жалпы, Украинадағы со­ғыс­ Ресейдегі танымал медиа­ тұлға­лардың арасына жік түсіріп, «кімнің кім» екенін айқын­дауға келгенде таптырмайтын «құралға» айналды. Азаматтық ұстанымы мен құнды­лық қағидасы сәйкес кел­ме­гені үшін Отанын тастап кетуге мәжбүр болған орыстың әр танымал тұлғасының артында бір есекке емес, ғұмырына жетерлік айып пен қарғыс, қоғамдық қудалау мен материалдық шы­ғын­ еңсесіне салмақ салуда.­ Оның тағы бір мысалы, осы елдегі белгілі қандасымыз, көп­ші­­лік­тің сүйіктісіне айналған сықақ өнерінің саңлағы Нұр­лан Сабыровтың Украина тақыры­бындағы орынсыз әзілі үшін желі бетінде жүндей түтіліп, ақыры аккаунтын жауып, Америкадағы тур-сапарын тоқтатуға мәжбүр болды.

Салыстырмалы түрде алған­да, біздің елде жаңа үрдіс болып басталғанымен, сырт елдерде мұның сан алуан атышулы оқиғасы бар. Ар-намысты аяққа таптау, ұлтты қорлау, азаматтық, нәсілдік кемсітуге жол беру, айналасынан қысым көру, тілінен жазып, артық сөз айтудың соңын сипаттайтын «харассмент», «буллинг», «абьюзмент» терминдерімен қазір екінің бірі таныс. Абайламаған адам қасықтап жинаған абыройынан, денсаулығынан, отбасынан, қызметінен, миллион долларлық жарнама келісімшарттарынан бір-ақ мезетте айырылып жатыр. Соңынан тізерлеп тұрып кешірім сұрағанымен бәрі де кеш, елдің бәрі қанаты күйіп, күлдің ішінен қайта көтерілген Феникс құсы сияқты соттан сотқа жүгініп, сұм­дық­тың оты мен тозағын кешіп жүріп, әділдік пен абыройын ақтап алған атақты киножұлдыз Джонни Депп емес. Жеңіске қол жеткізіп, ақтал­ға­ны­мен алпауыт компаниялар онымен бұрынғыдай жұмыс істегісі келмейді, тиімді, қымбат жобаның бәрі одан қиыс кетіп жатыр.

Дүниежүзілік құндылықтарға шолу жасайтын WVS зерттеу жобасы жүргізген нәтижеге қара­ған­да,­ қазақстандықтар ұсақ құқық бұзу­шыларға әлі де болса көз жұмып қарайды екен. Тіпті 77 мемлекет тұрғындарының арасында жүргізілген «билетсіз жол жүруге қалай қарайсыз?» деген қарапайым сауалға Қазақстан респонденттері «қоянды» ақтап алу жағынан жетінші орынның нәтижесін көрсеткен. Осындай назар аударуға тұрмайтын ұсақ нәрсенің өзі уақыт өте келе зардабы ауыр соғатын ауқымды қылмыстарға ауысуы әбден мүмкін екенін біліп тұрып, кей адам жоқ жерден обал-сауапты ойлай қалады. Тіпті отбасындағы зорлық-зомбылық, тұрмыстық кикілжіңдерді талқылайтын елдегі ең ірі телеарналардағы ток-шоуларда екі тарапты­ тату­лас­­тырғысы келетін жүр­гі­зуші «кешіріммен қарайық па?» деп көрер­менге сауал тас­таса, Жұматай Сабыржанов айтқандай, «адам дейін десең, сияғы жоқ, мал дейін десең, тұяғы жоқ» зорлықшыл қыл­мыс­керге кешіріммен қарап, жақ­тасып жатады. Тек талантты болғаны үшін, ел алдында өнерде жүрген танымал тұлға болғаны үшін ғана қылмысын елеусіз қалдыруға тырысып, басынан сипап, жөніне жіберетін де біздің ел. Әрі қарай құдды ешнәрсе болмағандай, қолай­лы қызметке тұяқ іліктіртіп, жайлы өмір сүруіне жағдай жасап, лажы болса, өсіп, өркендеуіне де мүд­делес. Мемлекет қазынасын мил­лиондап жұтып жатқан жем­қор­лардың ілуде бірі қақпанға ілігіп, ісі сотқа дейін жетіп жат­қа­­нын көре тұра, абақтыға қимай, аяу­шылық білдіріп, ақтап алуға икем­деліп тұратынын өзіміз бол­­ма­сақ, өзге жұрт қауашағына са­лып­ қанша шайқаса да, қабылдай ­алмас.

Жеке тұлғаға тұтқиылдан жасалатын шабуыл кезінде өре түрегелетін, қаржы мүддесін көздеген «саудагер боттар тобы» кейінгі кезде белсенді күш алды. Азын-аулақ тиын-тебен, кейде қомақты ақша үшін заңға қайшы кез келген істі ақтап, әділдік, ақиқатты шімірікпестен аяқасты етіп береді. Қоғамға тікелей қауіп туғызатын осылардың кесірінен желідегі жеңіс, «қабыл алмау әдебі» толық қуатын танытуға қауқарсыз, қор болып жатады.