Көрме • 17 Шілде, 2023

Азаттық мұратына адал коллекционерлер

238 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Алматыдағы Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейі мен Астананың «Экзотика» арт-галереясы бірлесе отырып, Клара және Дана Исабаевалардың жеке коллекциясынан алынған «Тәуелсіздік бейнелері» атты көрмесін ұсынды. Көрмеге қойылған топтама ХХ ғасырдың 90-жылдары және 2000 жылдардың басында жаңа идеямен жазылған бірегей туындыларды қамтиды.

Азаттық мұратына адал коллекционерлер

Тоқсаныншы жылдардың аяғы мен екі мыңыншы жыл­дар­дың басын­да Қазақстан му­зейлерінде өнер туын­дыларын сатып алуға бөлінетін мем­ле­кет­тік қаржыландыруға шек­теу қойылды. Сол себепті бірқатар өнертанушының мо­йын­дауына қа­рағанда, осы кезең ара­лығында музейлерге өнер туындылары өте аз ұсынылған.

чс

Көрмеге Аркадий Горбатов, Нелли Бубэ, Бейсебек Ақанаев, Гүл­жамал Тағенова, апалы-сің­лілі ГаБо, Андрей Назаренко, Алек­сандр Ермоленко тағы басқа есімі елге белгілі отандық жә­не шетелдік суретшілер бейнелеген еліміздің ежелгі бай тарихы мен ғасырлар бойғы дәстүрін, ұлы кер­уен жолдарының жаңғырығын, замана сабақтастығын, туған жер мен оның таби­ғатын жырлайтын, оның тіл ­жет­­пес сұлулығына таңдану мүм­кіндігін сыйлайтын 40-тан ас­там туынды қойылған. Шетел­дік суретшілердің қата­рында қыр­ғыз­дың көрнекті су­рет­шісі Жырғал Матураиымов, сан­фран­цисколық суретші Карлос Кузьма, Гаитидің наив стилінде жұмыс істейтін Доминикан Рес­пуб­ликасының суретшілері бар. Қылқалам шеберлерінің шы­ғар­малары кескіндеме және гра­фикалық, сондай-ақ аралас ре­льеф­тік техникада орындалған кар­тиналарда көрініс тапқан.

чс

Клара Исабаева бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнермен елу жылдан аса уақыт әуестеніп, алдымен маркалар, содан кейін кітаптар жинап, кейін төлтума өнер туындыларына ден қойды. Сурет өнерінің бар байлығын ба­уырына басқан әлемдегі ең үз­дік музейлерді аралаған Клара ақырында өз коллекциясын жинақтау үшін Қазақстан мен Орталық Азияның бірегей әрі ерекше өнеріне таңдау білдіріп, өз топырағынан өніп шыққан төлтума бағытқа табан тіреген.

чсм

Аркадий Горбатов шығыс стилінде жазған «Отырар кера­микасы» атты натюрмортында Ұлы Жібек жолындағы ортаға­сыр­лық ең бай қаланың тұрмысын бейнелейді. Суретшінің өзі көпте­ген археологиялық экспедиция мен қазба жұмысына қатысқан, ол бейнелеген қыш бұйымның барлығы бүгінгі күні Астанадағы Ұлттық музейдің «Орта ғасыр­­лар бөлімінде» көрмеге қойылған, на­ғыз Отырар тарихының құмы­ралары мен тостағандары суретші шығармашылығының шырайына айналған.

сч

Көне дәуір стилінде салынған Нелли Бубэнің «Даланың ерке­лері» атты топтық портреті киіз үй­дің ішіндегі бейқам жастық шақ­­тың қуанышын кенеп беті­не қа­пы­сыз қондыра алған. Су­рет­ші қазақ қызының алуан реңк­ті әле­мін көптеген көмекші ұлт­­тық эле­мент арқылы – әйел­дер­дің әше­кей бұйымдарымен жә­не ру таң­баларымен, ыдыс-аяқ­пен: қазан, саптаяқ, үккіш, қор­жын, сандық, көздің жауын алар құрақ көрпелер және дастарқан­мен безендіре отырып, шебер жеткізеді.

см

Бейсебек Ақанаевтың «Пет­ро­глифтер әуені» (2001) атты шы­­ғармасы және «Қымыз құя­тын ыдыс­тардың жиынтығы» (2004) ат­ты натюрморты біздің тари­хы­мыздың маңызды ке­зең­дерін бейнелейді – қазақ даласының жартас жақтауларында мәңгілік қолтаңба қалдырған алғашқы түркі суретшілерінің өлмес туын­дылары заманауи өнер ті­лін­де қайта жаңғырды. Осы жар­тастағы суреттерден ұлт­тық кес­кіндемеміз, төл өнеріміз бас­тау алады. Бейсебек ежелгі пет­ро­­глифтерді бейнелеу арқылы қазақ елінің байырғы замандардан бері дарынды тұлғаларға бай екенін көрсете білді. Суреттің ор­тасында аты аңызға айналған музыкалық аспап – қобыз тұр. Оны бірнеше түркі халқының – қазақтардың, түрікмендердің, әзербайжандардың, түріктердің бабасы, Сырдария даласынан шық­қан X ғасырдың музыканты және сазгері Қорқыт ата жаса­ған. Ішектері жылқы жалынан жа­сал­ған аспаптың ерекше дыбысы бар, аңыз бойынша ол Қорқыт ата­­ның жанын алуға келген ажалды да қорқытқан. Дала болмысының ең айқын көрінісі, қобыз көпте­ген қасиетті мағынаға ие – бұл көшпелінің жан дүниесінің, қазақ музыкасының символы, виолончель мен скрипканың түп атасы, ата-бабаларымыз­дың өсиеті және ежелгі дәуірден келе жатқан көне мәдениетіміздің дәлелі. Бұл туынды ғарышы­мен астасып, ғасырлар қойнауын­да қалған ата-бабаларымыздың әуені мен олардың ғибратын қолға әкеліп ұстатқандай ғажап күй кештіреді.

Клараның қызы Дана Иса­баева да жастайынан коллекция жинаумен шұғылданып, оны өмірлік дағды-мұратына айнал­дыра бастаған. Бірақ оның кө­ңіл әлемі алысты барлайды. Вене­ция көріністері, Чех сарайлары, Венаның салтанаты асқан сән­ді үйлері секілді еуропалық пей­заждар көрменің түкпір тұсы­нан көз арбап, өзіне тартады. Жас суретшіге АҚШ-тың Сан-Францискосында тұратын белгілі қылқалам шебері Карлос Кузьманың қаланың аңызға айнал­ған көрікті жерлерін бейне­леген акварельдерінің әсер қалдырғаны сондай, ол Нью-Йорк пен Майа­миден графика тіліндегі бірне­ше туын­дысын өз еліне сыйға әкел­ген. Отандық суретшілердің арасында апалы-сіңлілі ГаБо­ның кескіндеме және графикалық жұмыстары да сезімтал Дананы кең тынысымен баурап, әлемді табиғи таза бейнеде қабылдай­тын талантты суретшілердің интеллектуалды иірімі мол шығармала­рын жеке коллекциясына алып, көрме мазмұнын ширата түсу үшін көпшілікке ұсынып отыр.

«Өнер адамды ішкі әлемімен байланыстыра отырып, өмірді өзгертетін және эмоционалды әл-қуатына ықпал ететін аса те­геурінді күшке ие», деп атап өтті Дана Исабаева.