Театр • 11 Шілде, 2023

Дара бишілеріміз – Үлкен театрда

213 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ресейдің Үлкен театрының тарихи сахнасында «Benois de la Danse» халықаралық балет фестивалі аяқталды. Халықаралық маңызы бар мәдени шарада Абай атындағы ұлттық опера және балет театрының жетекші балет солистері Малика Елшібаева мен Богдан Вербовой айтулы балет фестивалі сыйлығының дипломанттары атанды.

Дара бишілеріміз – Үлкен театрда

Театрдың балет труппасының көр­кем­дік жетекшісі, Қазақстанның ха­лық әртісі Гүлжан Түткібаева Милан­да­ғы «Ла Скала» театрының және Үлкен театрдың прима балеринасы Светлана Захарованың шақыртуымен осы фестивальдың қазылар алқасының мүшесі ретінде қатысты.

«Benois de la Danse» – 1991 жылы 29 сәуірде халықаралық хореографтар одағының ұйытқы болуымен би күніне орай ұйымдастырылатын дәстүрлі балет фестивалі. Алғашында түрлі балет мектептері мен заманауи бағыттағы бидің үздік өкілдерінің басын қосатын, әлемдік қойылымдар өткі­зетін балет өнерінің гала-кон­церті ретінде ойластырылған еді. Биылғы номинанттардың қатарында классикалық бағыттағы алты жетекші ұжым және әртүрлі елдің заманауи би солистері қатысты. Фестивальде Ресейдің Үлкен театры, Санкт-Петер­бургтегі Мария театры, Қытай ұлт­тық балет театры, Абай атындағы Қа­зақ ұлттық опера және балет театры, Сеулдегі Юниверсал балет театры, Новосібір опера және балет театрының солистері өнер көрсетті. «Benois de la Danse жұлдыздары» атты әр жылдардағы лауреаттардың гала-концерті өтіп, кеш бағдарламасы би өнеріндегі түрлі стиль мен бүгінгі сахнаның сұранысына сай ең ерекше би туындыларын қамтыды. Бұл кеште Малика Елшібаева мен Азамат Асқаров Тимур Мыңбаевтың «Фрескалар» балетінен адажио, ал Богдан Вербовой мен Жанел Түкеева Сергей Прокофьевтің «Ромео мен Джульетта» балетінен адажио орындады.