Қоғам • 08 Шілде, 2023

Ұлттық ұлан сарбаздары Әскери ант қабылдады

527 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

8 шілде күні Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 5573 әскери бөлімінің саптық алаңында әскер қатарына жақында қосылған сарбаздар Әскери ант қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz  ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Ұлттық ұлан сарбаздары Әскери ант қабылдады

Әскери рәсімге Ұлттық ұланның ардагерлері, Астана қаласы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары және елордалық жедел құраманың басшылығы, сондай-ақ сарбаздардың ата-аналары мен туыстары қатысты.

- Бүгін әскери бөлімде маңызды оқиға болып отыр. Жас сарбаздардың Әскери ант қабылдау сәті біз үшін мәртебелі күндердің бірі. Сондықтан бұл қуанышты жағдай естеріңізде ерекше сақталады. Сіздер ҚР Ұлттық ұланының сарбаздары қатарына ресми түрде қосылдыңыздар. Бүгіннен бастап ел тыныштығын сенімді қорғаңыздар!                                                                                 а

Естеріңізде болсын! Сіздердің борыштарыңыз – Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының атын, әскери дәстүрін абыроймен және намыспен ары қарай жалғастыру, - деді іс-шараның ашылуында сөз сөйлеген 5573 әскери бөлімінің командирі полковник Аян Есжанов.

Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап Ішкі әскерлердің құқықтық мирасқоры бола отырып, елдің қоғамдық қауіпсіздігі мен конституциялық құрылысын сенімді қамтамасыз етіп келеді. Жыл сайын еліміздің барлық дерлік өңірлері мен республикалық маңызы бар қалаларынан елордалық жедел құрамадағы жас жігіттер Отанды қорғаудағы өздерінің қасиетті борышын орындау үшін шақырылады. Мұнда оларға азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарын қорғау жөнінде зор жауапкершілік жүктеледі. Бүгін 5573 әскери бөлімінің 1-2023 жылғы шақырылымында келген 731 сарбаз Отан алдында Әскери ант берді.

Әскери ант әр азаматтың көкейінде мәңгілікке сақталып қалады. Өйткені, бұл нағыз жігіттер ғана арқалай алатын үлкен жауапкершілік. Ол ешқашан ескірмейді. Әскери ант қабылдаған азамат кез келген уақытта, кез келген жаста Отанын қорғауға даяр тұрады. Бүгінгі жерімізге ата-бабаларымыздың арқасында қол жеткіздік. Сол аманатты адал атқарайық, - деді көпшілік алдында сөз сөйлеген Ұлттық ұлан Ардагерлер кеңесінің төрағасы генерал-майор Қалиақпар Тоқышев.                                                                       а

Бүгіннен бастап Отан алдындағы борышын өтеуге келген және жас жауынгер курсынан өткен сарбаздар еліміздің заңды қорғаушыларымен бір қатарға тұратын болады.

- Өз атымнан және Қазақстан Республикасы генералдар мүшелері атынан сіздерді бүгінгідей ерекше күнмен құттықтаймын. Жас сарбаздар қолдарына қару алып, ұландықтардың қатарына еніп отыр. Бұл жердегі солдаттар әскери борыштарын ел астанасында өтеп жүр. Биыл − Астана қаласына 25 жыл. Бұл да бір керемет жағдай деп ойлаймын. Бүгіннен бастап қазақ еліне, қазақ жеріне абыроймен қызмет етесіздер деп сенемін, - деді Ұлттық ұланның ардақты ардагері генерал-майор Дәулет Салханов.

Мінберде сөз сөйлегендер арасында 1-оқу ротасының сарбазы қатардағы Хақназар Досымсейіттің әкесі Берік Досымсейіт және 5-оқу ротасының сарбазы қатардағы Мерхат Қантаевтың анасы Ақтолқын Демисинова жауынгерлерді құттықтады. Сондай-ақ әскери бөлімнің әскери қызметшілеріне алғыстарын білдірді. Жиында 2-оқу ротасының сарбазы қатардағы Рахат Тоқтарбаев та сөз сөйлеп, қаруластарына жігерлі сөз арнады.

Іс-шара барысында оқу пунктінің 5-оқу ротасының жауынгерлері саптық дефиле көрсетті. Сондай-ақ өзге де сарбаздар қару-жарақпен түрлі манипуляция орындады. Бұдан бөлек жиылған жұртқа жекпе-жек түрінен әдіс-тәсілдер ұсынылды.

а