Президент • 05 Шілде, 2023

2030 жылға қарай елорда тұрғындарының саны 2 миллионға жетеді

217 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өтіп жатқан Астананың 25 жылдық мерейтойына арналған бауырлас қалалар форумында айтылды, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 


2030 жылға қарай елорда тұрғындарының саны 2 миллионға жетеді

«Орнықты даму саласындағы БҰҰ мақсаттарының бірі қаланы дамытуға арналған. Бұл кездейсоқ емес. Қазақстанда біз осы бағытқа ерекше назар аударамыз. Әлемнің жылдам дамып келе жатқан астаналарының қатарына кіретін елордамыз басқа қалалардың дамуына үлгі болады. Өткен ширек ғасырда еліміздің бас қаласының аумағы 3 есе ұлғайып, халқының саны 4 есе өсті.

Сарапшылардың болжамы бойынша елорда тұрғындарының саны 2030 жылға қарай 2 миллионға жетеді. Ел астанасы мәртебесіне ие болған сәттен бері қаланың экономикалық әлеуеті 100 еседен астам артты. Қазір қала экономикасы елдегі жалпы ішкі өнімнің 10 пайыздан астамын құрайды», деді Мемлекет басшысы. 

Сонымен қатар Мемлекет басшысы  үлкен көрсеткіштер қаланың үйлесімді дамуымен үнемі сәйкес келе бермейтінін ескерді. Президенттің ойынша мегаполистердің табысты болуының басты көрсеткіші оның тұрғындарының тұрмыс сапасымен өлшенуге тиіс. Сондықтан елорданы дамыту және абаттандыру кезінде Қасым-Жомарт Тоқаев «адам қала үшін емес, қала адам үшін» қағидатын басшылыққа алатындығын айтты.

«Адамға бағдарланған мұндай ұстаным мүлде басқа стратегиялық мақсатты көздейді. Қала әкімдігі, ең алдымен, тұрғындардың мүддесі мен қажетін басшылыққа алады. Астананың барша тұрғыны мен қонақтары үшін қалада барынша қолайлы орта қалыптастыру – аса маңызды мәселе. Біз бәріне тең мүмкіндік берілетін қоғам құру жолын таңдадық және осы бағытта дамып келеміз. Сондықтан өзара жауапкершілік пен азаматтық ынтымақтастыққа негізделген инклюзивті дамуға айрықша мән береміз», деді Президент.