Театр • 03 Шілде, 2023

Жаңарған «Жизель»

225 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Адольф Аданның «Жизель» балеті – әлем сахнасының жауһарына айналған ең көп орындалатын туындының бірі. Романтизм дәуіріндегі балет шығармашылығының шыңы. Екі жүз жылға жуық театрлардың репертуарын безендірген әлемдік хореографияның інжу-маржаны. «Жизель» балетінің сахналануына Генрих Гейне қағазға түсірген көне вилисалар туралы аңыз-әңгіме арқау болды.

Жаңарған «Жизель»

Суретті түсірген Қайрат ҚОНЫСПАЕВ

Ертеде үйлену тойына дейін өмір­­ден өткен қалыңдықтарды «Вилис­тер» деп атаған. Аңызға сүйе­­нер болсақ, түнгі уақытта өмір­­ден өткен қалыңдықтар қабір­­ден тұрып билейді екен. Қабір маңынан өтіп бара жатқан жо­лау­шы әдемі көрініске куә бо­лып,­ вилистердің биіне қосы­лып ке­теді. Ол әлсіреп, қол-аяғы­нан­ жан­­ кетіп, әлі құрығанша би­лей­­ді,­­ ал вилистер оны қамқор қор­­ша­­уына алады...

Оқиға Тюринги деп аталатын ша­ғын елді мекенде өтеді. Қара­па­­йым шаруа отбасынан шыққан Жи­­зель есімді ару Альберт деген жі­гі­т­ке ғашық болады. Алайда Аль­­­берт ақсүйек отбасынан шық­қан,­ қалыңдығы бар жігіт. Мұны біл­­ген Жизель есінен адасып, қайтыс болады.

Балет премьерасы 1841 жылы 28 маусымда атақты театрлардың бірі Париж қала­сындағы Grand Opera сахнасын­да өт­кен.­ «Жизель» балеті бірден кө­­рер­­­мен­дердің жүрегіне жол тауып,­ тұсаукесерден кейін бір ай­дың­ ішінде жеті рет көр­сетіліп, жыл­дың соңына дейін 26 рет қо­йылған болатын. Сұлулық, ма­хаббат, Құдай заңы секілді ұлы­ идеяны көтеріп, тірі­лер мен әруақ­тар әлемін бай­ланыстырған мис­­тикалық сарынға құрылған «Жи­зель» балетінің мазмұны шы­мыр болмаса, ол екі ғасырға жуық­ ғұмыр арқа­лап, әр кезеңнің көрер­ме­ніне таңдай қақтыра алмас еді. Аңыз желісімен сахналанаты­н «Жизель» балеті қою­шы режис­серлердің қиялын шар­та­рапқа шарықтатып, жүздеген нұс­қаны дүниеге әкеліп, әлі күнге де­йін көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп келеді.

«Жизель» балеті Абай атын­да­ғы Ұлттық опера және балет театры сахнасында алғаш рет 1943 жылдың 27 шілдесінде КСРО халық әртісі Галина Уланованың жетекшілігімен Қазақ еліне таныстырылған еді. Жизельдің партиясын да ұлы актриса өзі ойнаған болатын. Кейінірек, 1978 жылы Қазақстанның балет мектебінің негізін қалаушы Александр Селезнев, ҚазКСР халық әртісі және кеңесші – балетмейстер, КСРО халық әртісі Наталья Дудинская, суретші, ҚазКСР еңбек сіңірген өнер қайраткері Анатолий Ненашев театрда қызмет еткен жылдарында балеттің екінші редакциясын қолға алып, шеберлер қойған шығарма 45 жыл бойы үздіксіз ұлттық театр репертуарының көшін бастап келді.

Ұлттық театрда 80 жыл бұ­рын­ сахналанған «Жизель» ба­леті биыл үшінші мәрте жаң­ғыр­тылып, жаңа кезеңдегі сахна­ идея­ларына сай жанданған нұс­қа­да көрерменге тарту етіліп отыр. Алматылықтар мен қала қонақ­тары балеттің үшінші қойы­лы­мын әлемдік классикалық өнер­де ­есімі құрметпен аталатын Ресей­дің еңбек сіңірген әртісі Юрий Васюченко және Ресейдің халық суретшісі Вячеслав Окуневтің қойылымында тамашалайды. «1940 жылдары өнердегі көркем образдың бәрін Станиславский қалыптастырған ере­жемен қабылдау дәс­тү­рі болды. Ол кезеңдегі хорео­гра­фияның техникалық мүм­кін­дігі де қазіргі талаппен салыс­тырғанда төмен еді. Әлем­дік­ балеттің бестселлеріне айнал­ған «Жизельді» уақытқа сай безен­ді­ру жоспарын театр әкімшілігі бір­та­лай жылдан бері көздеп келеді. Міне, сол мақсатқа қол жеткізіп отырмыз», дейді театрдың балет труппасының көркемдік жетекшісі Гүлжан Түткібаева.

 

АЛМАТЫ