Өнер • 27 Маусым, 2023

Колизейдегі күмбірлеген күй

216 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақтың аспаптық музыка өнері тарихындағы теңдесі жоқ, қайталанбас өз қолтаңбасы бар Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі Италия жерін күймен тербеді. Еуразия даласында ғасырлар бойы салтанат құрып, салиқалы ғұмыр кешкен, теңдесі жоқ төлтума туындылармен тарихын жазған халқымыздың күй өнерін көкке көтеріп келе жатқан ата оркестр 90 маусымының аясында Рим қаласындағы әйгілі Санта-Чичилия Мемлекеттік музыкалық консерваториясында алғашқы концертін өткізді.

Колизейдегі күмбірлеген күй

Ұлттық және әлемдік танымал клас­­­сикалық жауһар шығармаларды, қазақтың ән-күй өнерін әлем халық­тарына насихаттап жүрген ғасырға жуық тарихы бар оркестр Италия же­ріне жоспарлаған «Көшпелілер әуе­ні» атты гастрольдік сапарын аяқтады. Гастрольдік концерт Еуропаның мә­дени-тарихи орталығының Рим, Неа­поль қалаларында аншлагпен өтті. Рим қаласындағы әйгілі Сан­та-Чичилия Мемлекеттік музы­калық консерваториясында және Неаполь қаласын­дағы «Teatro Diana» ғима­ратына жиыл­ған қалың жұртшылық, италиялық талғампаз көрермен, өнер­сүйер қа­уым қазақ музыкасы мен ұлттық ас­пап­тардың сазды үніне тамсанып, таң­даныстарын жеткізді.

Концерттен бөлек Құрманғазы оркестрі әлемнің жаңа жеті кереметі­нің қатарына кіретін, Италиядағы ең ірі Колизей мұнарасының алдында жергілікті тұрғындарға қа­зақ­тың күйлерінен жинақталған шағын кон­церттік бағдарламасын ұсын­ды. Италия көгін әнмен әуеле­тіп, күй­мен тербеген Ұлттық оркестр Мәде­ниет және спорт министрлігі­­не, Қазақ­станның Италиядағы елші­лігі­не, Неа­поль қаласындағы Қазақстан кон­сул­дығына, Санта-Чечилия Мем­ле­кеттік музыкалық кон­серва­тория­сының ұжы­мына алғысын білдірді.

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің қазақ мәдениетін, төл музыкасын әлемге танытудағы ерен еңбегін еліміз мақтан етеді.