Қоғам • 26 Маусым, 2023

Опа бермес ойынқұмарлық

1690 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Дүниежүзілік денсау­лық сақтау ұйымы ойын­­құмарлықтың адам­­затқа тигізіп отыр­ған орасан зор зардабын пайымдай келе, оны «лудомания» деген ауру деп атауды ұйғарған. Осы әлеу­меттік дертпен күресті кү­шейту мәселесі біздің елі­міз үшін де маңызды.

Опа бермес ойынқұмарлық

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Бас прокуратураның де­рек­­теріне қарағанда, өткен жы­лы тіркелген 157 мыңнан астам қылмыстық құқық бұзушы­лықтың 31 мыңнан астамы, яғни 20 пайызы – құмар ойындардың салдары екен. Бұған қоса, былтыр жасалған 3 676 суицидтің де әрбір бесіншісі ойынқұмарларға тиесілі. Құмар ойындар мен букмекерлік кеңселер арқылы ұсынылатын бәс тігулер талай тағдырды тас-талқан қылып, талай шаңырақты ортасына түсіріп, қаншама адамға қайғы-қасірет шектіріп жатыр. Ойынқұмарлық дерті асқынып, сұрағанында ақша тауып бермеген ата-анасы мен жақынына қол жұмсаған, тіпті оларды мерт қылуға дейін барған жап-жас адамдар түрмеге тоғытылып, ақыл-естерін темір тордың арғы жағында ғана жиып, өзектерін өкініш өртеп, өксіп жүр.

Букмекерлік кеңсе арқылы бәс­ тігудің зардабы құмар ойындар­дан­ кем соқпайтын, тіпті кейде асып түсетін болып шықты. Мы­салы, былтыр Алматы қала­сын­дағы бір жауапкершілігі шек­теулі серіктестіктің қаржы дирек­то­ры үш жылда 467 млн тең­ге­ні жымқырып, соның бәрін бук­мекерлік кеңседе бәс тігуге жұм­са­ғаны үшін сот үкімімен 7 жыл мер­зімге бас бостандығынан айы­рыл­ды.

Ойынқұмарлық емі табыл­ма­ған­ қатерлі індет секілді, мемле­кет­ тарапынан қолданылған шек­­теу шараларын елең қылмай, тіп­ті ерегісе түскендей болып, жыл­дан-жылға өршіп барады. Мә­се­лен,­ 2007 жылы көптеген қала мен ірі елді мекендегі казинолар жа­бы­лып, құмар ойын орындары тек Ал­маты облысының Қапшағай қаласы мен Ақмола облысының Бура­бай курортында ғана қалды­рыл­ған болатын. Алайда құмар ойын­дардың қырсығы тигендер­ са­ны азаймақ түгіл, одан әрі кө­бейіп, қоғам наразылығы арта түсті. Сол себепті 2020 жыл­ғы­ 2 шілдеде қабылданған «Қазақ­стан Республикасының кейбір заң­на­ма­лық актілеріне ойын бизнесі мәсе­лелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға сәйкес ойын автомат­тары залдары, букме­кер­лік­ кеңселер мен тотализаторлар да Қапшағай су қоймасының жаға­ла­уына жəне Бурабай ауданына көшірілді. Бірақ бұл шараны да заманауи ақпараттық технология­лар мен Интернеттің көмегіне сүйенген ойын бизнесімен айналысушылар да, ойдағы-қырдағы ойынқұмарлар да бөгесін санап отырған жоқ. «Жарнама туралы» заңда казино мен интернет-казино қызметтерін жарнамалауға ғана тыйым салынғандықтан, букмекерлік кеңселер жұртты бәс тігуге барынша көп тарту үшін жарнамаға миллиондаған теңге қаражат жұмсап, оны, әсіресе телеарналар жұрт қызыға қарайтын спорт жарыстарын көрсеткен кезде жиі жариялатып отыр. Салдары сан соқтырарлықтай.

Ұлттық статистика­ бюро­сы­ның­ мәліметіне жүгінсек, құмар ойын­дарды ұйымдастыру және бәс тігу бойынша көрсетілген қызмет­тердің көлемі 2020 жылы 89,7 млрд теңгені құраған болса, 2021 жылы 501,2 млрд теңгеге жет­кен, ал 2022 жылы 600 млрд теңге­ден асып түскен. Бұл сома елі­міздегі бірқатар облыстың жыл­дық бюджетінен әлдеқайда көп. Осы орайда «Amanat» пар­тия­сының Қоғамдық саясат институты жүргізген әлеу­мет­тік зерттеу халықтың 73,7 пайызы лудоманияға үлкен алаң­дау­шы­лық білдіріп, букмекерлік кең­се­лердің жұмысына қатаң тыйым салуды құптайтынын көрсет­кен. Ал Мәжіліс депутаттары құмар ойындарға байланысты кейінгі уақытта Үкіметке бір­не­ше депутаттық сауал жолдап,­ қоғам­ды толғандырып отырған келең­сіз құбылыспен күресу жолда­рын ұсынды. Соның ішінде бұқара­лық ақпарат құралдары мен сыртқы жарнама арқылы букме­кер­лік кеңселердің қызметін жарна­малауға, банктік карталар, POS-терминалдар, ұялы байланыс операторлары арқылы ойын шоттарының төлемдерін қа­былдауға, алған несиесі бойын­ша­­ 3 айдан астам уақыттан бері тө­­лем жасай алмаған адамдардан­ онлайн және офлайн бәс тігуді қа­был­дауға заңнамалық деңгейде ты­­йым салуды енгізу шаралары бар.

Президент Қасым-Жомарт То­қаев бұрынғы Ұлттық қоғам­дық­ сенім кеңесінің 2021 жылғы 25 ақпанда болған отырысында кейін­гі кезде жастар арасында құмар ойындарға тәуелділік белең алып бара жатқанына алаң­даушылық білдіре келіп: «Бук­ме­керлер мен казинолар интернетте толас­сыз жарнама жасап, жұртты ерік­сіз еліктіруде. Мемлекет бұған шектеу қою үшін бірқатар ма­ңызды шараны қабылдады. Бірақ бұл шаралар, әрине, жеткі­лік­сіз. Жас ұрпақты құмар ойын­ның зиянды ықпалынан жан-жақты қорғауымыз керек. Балаларды және кәнігі құмар­паз­дарды ойынға тартқан немесе сондай жағдайға жол берген заңды тұлғалар әкімшілік жа­уапкершілікке тартылуға тиіс.­ Қажет болса, оларды лицен­зия­сынан айырамыз. Қазір осын­дай заңсыз қызметі үшін жеке тұлғаларға 200 айлық есеп­тік көрсеткіш көлемінде ғана­ айыппұл салынады», деген еді. Осыған орай, жетінші шақы­­рылымдағы Парламент Мәжі­лісінің бір топ депутаты «Қазақ­стан Республикасының кейбір заң­на­малық актілеріне ойын бизнесі, лотерея және лотерея қыз­меті мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгі­зу туралы» және «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақ­стан Республикасының Кодексіне өзгерістер мен толық­ты­рулар енгізу туралы» заң жобаларын әзірлеген болатын. Бұл заң жоба­лары аясында шетелдіктер ойын бизнесін заңсыз ұйым­дас­тыр­­ған кезде олардың қаржы опе­рацияларын жүргізуіне жол бер­меу, бұқаралық ақпарат құрал­дарында букмекерлік кеңсе­лер мен тотализаторлардың жарна­ма­сын­ шектеу, ақпараттық-теле­ком­­­­­­му­никациялық желілерді, соның ішінде Интернет желісін, бай­ла­ныс құралдары мен лотерея­ тер­­ми­налдарын пайдалана отырып,­ лотерея билеттерін таратуға тыйым салу, 21 жасқа дейінгі адам­дарды құмар ойындарға және бәс тігуге тарту үшін заң­ды тұл­ғалардың әкімшілік жауап­кер­ші­лігін белгілеу қарас­ты­рыл­ған. Қазіргі уақытта осы заң жобалары бойын­ша Үкімет қоры­тындыларын Мәдениет және спорт министрлігі мүдделі мемле­кеттік органдармен бірле­сіп­ пысықтау үстінде.

Әлбетте, құмар ойындар мен букмекерлік кеңселер арқылы бәс тігудің халқымызға келтірген зала­лы мен төндіріп отырған қау­пі хақындағы негізгі әңгіме атал­ған заңдардың жобалары бойын­ша ­Үкімет қорытындылары Мәжі­ліске жолданғаннан кейін өрбуге тиіс. Алдағы талқылауға қоғам қайраткерлері, тәуелсіз сарап­шылар, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкіл­дері, ойынқұмарлықтан зар­дап шеккен жандар мен олар­дың ата-аналары кеңінен қатыс­ты­рылса, құба-құп. Осы орайда мәжілісмендер өздерінің депу­­­таттық сауалдарында халық­ара­лық тәжірибеде бук­ме­­керлік кең­селер мен тота­ли­за­тор­лар­дың­­ қызметіне тыйым салу бар еке­ніне де назар аударғанын айта­ кеткен жөн. Мұндай қатаң шара көршілес Қырғызстан мен Өзбекстанда енгізілген. Қы­тай­да құмар ойындарға тыйым са­лынып қана қоймай, оларды­ өткі­зетін интернет-сайттар тү­гел­ бұғатталып тасталған. Егер онлайн-казино ойыншылары әшке­реленсе, онда олар бас бостан­дықтарынан айырылып, темір тордың арғы жағына аттандыры­лады. Тіп­ті­ демократия­сы дамыған Ко­рея­ Республикасы да өз азамат­та­рының құмар ойын­дарға қаты­суы­на тыйым салып, ойын меке­ме­лерінің есіктерін басқа мемле­кет­терден келген меймандар үшін­ ғана ашып қойған.

Алайда біздің елдегі ойын биз­­несін ұйымдастырушылар өткен жылы 109 млрд теңге салық төлегенін және спорттық іс-шараларға ұдайы демеушілік жасап жүргенін, сондай-ақ жүз­деген адамды жұмыспен қам­тып отырғанын уәж ететін мемле­кет­тік органдарымыз құмар ойын­дар­ мен бәс тігуден бас тарту тура­лы ұсынысты қолдай қоюы неғай­біл.

Бұл ретте Мәжіліс депутаты Руслан Берденовтің: «Бір адамға шақ­қанда лудоманиядан емдеу кур­сы орта есеппен 400 мың тең­ге­ні құрайды. Елімізде осындай 350 мыңға жуық адам бар еке­нін­ ескерсек, оларды емдеуге жұм­­са­латын шығындар 140 млрд тең­ге­ге дейін жетеді. Сондықтан біз Қа­зақ­станға дені сау ұлт керек пе,­ әлде букмекерлік кеңселер керек­ пе­ деген сауалға жауап іздеп, ба­сым­дық­ты анықтайтын болсақ, онда таң­дау айқын болуға тиіс. Біз балаларымызды, отбасымызды,­ дос­­та­рымызды тәуелділіктен қор­ғау­ үшін бірігуіміз керек. Сонда ғана­ елі­мізді құмар ойындардан босатып, оны қауіпсіз және бақытты мекенге айналдыра аламыз», деген сөзі кімге болсын ой салғандай-ау.