Заң • 23 Маусым, 2023

Сенатта тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі заң мақұлданды

252 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жоғары палатаның отырысында сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңды қарап, мақұлдады, деп хабарлайды Egemen.kz

Сенатта тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі заң мақұлданды

Бұл реформаның негізгі мақсаты - еліміздегі тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй-коммуналды шаруашылық салаларындағы қолданыстағы заңнаманы жетілдіру.

Мәселен, Мәжіліс депутаттары жылу беру маусымына дайындықты үзіліссіз жүргізу үшін, сондай-ақ жылжымайтын мүлікті басқарудың жаңа түрлеріне көшуге байланысты проблемалық мәселелерді ескеріп, пәтер иелерінің кооперативі, қарапайым серіктестік және т.б. басқару формаларының қызметін тоқтату туралы шектеуді алып тастауды ұсынған еді.

Осы ретте былтыр пәтер иелерінің кооперативтері мен тұтыну кооперативтерінің басқарудың жаңа тетігіне көшу уақыты 2023 жылдың шілде айына дейін ұзартылғанын айта кетейік. Қазір республикадағы тұрғын үйлерді басқарумен айналысатын ұйымдардың 97,3%-ы тың тетікке көшіп үлгерген.

«Заң аясында жүргізілген тәжірибелік мониторинг көрсеткендей, пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың барлық иесі меншігіндегі жылыжымайтын мүлікті басқаруға аса ынтасы жоқ. Бұған қоса осыған байланысты жауапкершілікті де алғысы келмейді», деді депутаттар.

Өз кезегінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі аталған бағыттағы жұмысты жалғастыратын болады. Бұл орайда осы жаңашылдық бойынша негізгі қағидаттарды сақтай отырып, кондоминиум нысанын басқарудың қазіргі жұмыс істеу тетіктері қайта қаралады. Сондай-ақ көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару бойынша кәсіби нарық субъектілерін тарту тетіктері пысықталмақ.

Халықтың өтінішін ескере отырып, депутаттардың бастамасымен мүлік иелерінің бірлестігімен қатар пәтер иелерінің кооперативтері де өз қызметтерін жалғастыра береді.