Саясат • 22 Маусым, 2023

Мәулен Әшімбаев: Сұйытылған газдың бағасына қатысты мәселеде әр өңірдің жағдайын ескеру керек

112 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сенат Төрағасы сұйытылған газдың бағасын өсіруге қатысты пікір білдіріп, бұл жағдайда мәселені жан-жақты зерделеп шешім қабылдау керектігін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мәулен Әшімбаев: Сұйытылған газдың бағасына қатысты мәселеде әр өңірдің жағдайын ескеру керек

«Тұтынушылардың көбеюіне, мемлекеттің жағдайына, өндіруші компаниялардың сұраныстарына байланысты сұйытылған газдың бағасын өсіру де керек шығар. Бірақ бұл мәселеде ақылдасып, жан-жақты пысықтап, әр өңірдің жағдайын ескеріп әрекет ету қажет. Орталықтан шешім қабылдай салып, өңірлерді туындайтын мәселемен бетпе-бет қалдырып қоюға болмайды. Сондықтан депутаттар осы мәселеге баса мән беріп отыр. Егер баға өсетін болса, ол жұмысты кезең-кезеңімен жүргізу керек. Ең бастысы, тыңғылықты зерттеп, жергілікті жерлердегі әріптестермен кеңесіп, азаматтардың пікірлерін ескеріп, әлеуметтік осал топтарға қолдау көрсете отырып шешім қабылдау керек», деді Мәулен Әшімбаев.

Айта кетейік, бүгін Сенат отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сұйытылған газ айналымын реттеу және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң екі оқылымда қаралып, мақұлданды.