Энергетика • 15 Маусым, 2023

Ақсу қаласының тұрғындары да жылусыз қалуы мүмкін - Мәжіліс депутаты

261 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевқа Ақсу қаласындағы жылу мәселесіне байланысты депутаттық сауал жолдап, Екібастұздағы жағдайдың қайталануы мүмкін екенін ескертті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ақсу қаласының тұрғындары да жылусыз қалуы мүмкін - Мәжіліс депутаты

Мәжіліс депутаты Ақсу қаласына жеке қазандық қою мәселесі қолға алынғанымен, істің аяғына дейін жетпей қалғанын айтты. Оған себеп қаражаттың жеткіліксіз болуы.

«Бүгінгі бізді толғандырып отырған мәселе – Павлодар облысына қарасты Ақсу қаласының жылу мәселесі. Атап айтар болсақ, 73 мыңдай халық тұратын шаһар бүгінде Ақсу ферроқорытпа зауытының қазандығы арқылы жылытылып келеді. Оның да қазандықтарының тозығы жетіп тұрғандығы жасырын емес. Оған қаланың ескірген ішкі жылу жүйесін қосыңыз. Алда-жалда апат орын ала қалса, Екібастұздың күйіне түсуі мүмкін екендігін ескертеміз. 2016 жылдан қолға алынып, 2017 жылдың  қалаға жеке қазандық салу жұмысы басталған. «Ақсу қаласының құрылыс бөлімінің» тапсырысы бойынша 10 миллиард 698 миллион теңге бөлініп құрылыс жұмыстары басталған. Алайда қаржы жекіліксіз деп танылып, осы уақытқа дейін жалпы алғанда 12 миллиардқа жуық қаражат жұмсалды», деді Жарқынбек Амантайұлы.

Депутат «Қыстың қамын жаз ойла» деп осы бастан дабыл қағып отырғанын жеткізді. Сондай-ақ құрылысқа жауаптыларды анықтау керегін де атап өтті.

«Енді, ел бюджетінен миллиардтаған қаражат жұмсалған құрылыс үшін кім жауап береді? Бұл арнайы тексерісті, жеке-дара қарауды қажет ететін сауал. Сондықтан ертең қыстың көзі қырауда Ақсу қаласының тұрғындары да жылусыз қалуы мүмкін деген қауіппен дабыл қағып отырмыз. Әрі арнайы шаралар қабылданып, мәселе шұғыл шешімін табуы керек», деді Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы.