Сауда • 15 Маусым, 2023

Электрондық коммерция нарығының деңгейі

3074 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

ЕЭК Сауда жөніндегі алқасының мүшесі Андрей Слепнев 12 мамырда, Мәскеуде өткен брифинг барысында ЕАЭО елдері бірыңғай электрондық коммерция нарығын құруға қам жасап жатқанын хабарлады. «ЕАЭО-да бірыңғай электрондық коммерция нарығы болуы керек. Деректерді сақтауды қорғау, оларды стандарттау, тұтынушылар мен сатушылардың құқықтарын қорғау мәселелерін шешу қажет», деді ЕЭК министрі Андрей Слепнев.

Электрондық коммерция нарығының деңгейі

Сарапшылар ЕЭК министрінің мәлімдемесі 2016 жылдан бері айтылып жүрген әңгіменің жалғасы екенін айтады. Сыртқы әлеммен сауда кеңістігі шектеліп қалған Ресей ойыншыларының ендігі назары біздің елге бағытталары анық. Біздің нарықтың деңгейі IT-саласы дамыған елдердің нарық деңгейінен алшақ. Әзірге өз мүмкіндігіміз емес, шетелдік ойыншылардың мүмкіндігіне иек арту басым. Американың электронды коммерция нарығы шамамен 150 млрд долларға бағаланса, Ресейде бұл көрсеткіш шамамен 5 млрд доллар. Ресейде интернет-коммерция нарығының көлемі бір пайдаланушыға шамамен 100 доллар, біздің елде шамамен 42 долларды құрайды. Қытайдағы интернет-дүкендер көрші Ресейдің нарығын жаулап, дәстүрлі сауданы біртіндеп ығыстыра бастағаны осыған дейін айтылған. Ал біздің нарық әзірге Қытай мен Ресей дүкендерінің ықпалында.

Интернет-коммерциялық компаниялар қауымдастығының президенті Артем Соколовтың айтуынша, транс­шекаралық сауда қысқарды, шетелдік компания­лардың Ресей нарығынан кетті. Әлемдік деңгейдегі брендтердің ресейлік нарық­тан кетуі кәсіпкерлерді электронды ком­­мерция сегментіне белсенді түрде енуге итермеледі. Көптеген бренд Ресей Федерациясына тауар жеткізуден бас тартып, шетелдік сайттар ресейлік карталардан төлем­дерді қабылдауды тоқтатты, ал PayPal енді ресейлік тұтыну­шыларға қолдау көрсетпейді. Қысқасы офлайн сауданың кері кетуі электронды коммерция нарығының дамуына жол ашты. Бұл ретте Өзбекстан да осал емес. Сәуір айының бас кезінде Алматыда өткен Retail Central Asia PLUS форумында өзбекстандық «Uzum marketplace» бас директорының орынбасары Акмал Рахимов 2025 жылға қарай Өзбекстандағы электронды коммерция нарығының көлемі 12 есеге өсуі мүмкін екенін, үш жылда бөлшек сауда көлемі 52,5 млрд долларға жетсе, онда онлайн сауданың үлесі 13,1% немесе 6,88 млрд долларды құрайтынын мәлімдеді. А.Рахимов сол жиында Өзбекстандағы электронды коммерцияның дамуына кедергі келтіретін ықтимал проблемаларды зерттегенін де теріп өтіпті. «Бүгінде көршілеріміз 7-10 жылда өтіп кеткен жолды алдағы 3-4 жылда еңсеруге мүмкіндігіміз бар», дейді А.Рахимов.

ап

Ол сондай-ақ компанияның авто­паркті толықтырып, қатысу география­сын кеңейтуді жоспарлап отырғанын, автопарктерінде 56 вагон болатынын да айтып өтіпті. 2023 жылдың соңына дейін тауарды адресатқа жеткізетін көліктер санын 160-қа, ал 2024 жылы 300-ге жеткізуді жоспарлап отыр. Ташкент, Ферғана, Наманган, Әндіжан және Қоқан қалаларында тапсырыс қабылдау бекеттері жұмыс істеп тұр. Жыл соңына дейін Самарқанд, Бұхара, Қарши және Науаи қалаларында, сондай-ақ Ташкент облысының, Қазақстанның Түркістан облысының бірнеше қаласында сауда алаңдарын ашуды жоспарлап отыр.

Сауда және интеграция министр­лі­­гі­нің мәліметінде 2019 жылы Қазақ­стан­­­дағы электрондық коммерция на­­ры­­­ғының көлемі 1,5 млрд доллар, 2021 жылы ол 2,5 млрд-тан асып, жалпы бөлшек сауданың 9,7 пайызын еңсерді. Тауарлардың сапасы белгіленген талаптарға сәйкес болуы, кедендік төлемдердің жасалуы, адресатқа – жеке тұлғаларға сатып алған тауар­дың жылдам жетуін де қамтамасыз ету маңызды. Сауда және интеграция министрлігі дайындаған Onay Bazar және HappyFood.kz электрондық платформалары тұтынушыға үйден шықпай, тауар сатып алуға және ақша үнемдеуге мүмкіндік беріп, делдалдардың тізбегін азай­туға ықпал етеді. Қазіргі уақытта 22 қазақстандық компания Aliexpress-те мәміле жасасуда, онда олар жылдың аяғына дейін 28 млн долларға тауарлар сату­ды жоспарлап отыр, 21 отандық ком­пания ЕАЭО елдеріне 594 тауар түрін Wildberries платформасы арқылы сатуда және ЕО кеңістігіне кіруден үміттеніп отыр.

KPMG Caspian сараптамаларында 2026 жылы бұл көсреткіштің 5 млрд долларға жететіні айтылады. «2022 жылы әлемде орын алған саяси және экономикалық турбуленттілік электронды коммерцияның даму болжамын бәсеңдетуі мүмкін, сонымен қатар саланың көрінісін өзгертуі мүмкін», дейді KPMG Caspian сарапшылары.

Шағын бизнестің алдында жаңа мін­дет­­тер тұр, Ұлттық экономика министр­лігі­нің мәліметінше, 2025 жылы 10 мың­ға жуық интернет-дүкен ашу жоспар­ла­нуда. Бұл электронды коммерция және онымен байланысты салаларда қосымша 200 мың жұмыс орнын құруға, халық­а­ралық сауда үдерісіне қосылуға және отандық тауарларды сыртқы нарыққа шығаруға мүмкіндік береді. Қазақстандағы кеңсе тауарларын сатуға арналған ірі онлайн-платформаның бас директоры, Office Expert Руслан Мұқашевтың айтуынша, онлайн-сауданы дамытуға кедергі келтіретін тағы бір аспект – ШОБ үшін BNPL (Қазір сатып ал, кейінірек төле) қызметінің жоқтығы. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл несие немесе бөліп төлеу жоспары бойынша сатып алу – B2C сегментіндегі дамудың негізгі қозғалтқышы. «Әзірге қазақ­ста­н­дық кәсіпкерлер үшін тауарларды немесе қызметтерді сатып алудағы ша­ғын операциялық қажеттіліктерді өтей­тін «жеңіл» несие өнімдері жоқ. Егер нарықтың осы сегментті ассор­ти­ментті әртараптандырса, электронды коммерцияның өсуі жалғасады. Ассор­ти­менттің кеңеюімен электронды ком­мерция нарығы алдағы екі жылда 30 па­йыз­ға дейін өсуі мүмкін», дейді Руслан Мұқа­шев.

Шағын қалалар мен ауылдардағы өсім қалааралық жылдам және тегін жеткізудің және тұрақты шектеліп отырғаны осыған дейін талай рет айтылған.

Р.Мұқашев айтып өткендей, электронды құжат айналымы тек қана дамып келеді. Ол ШОБ субъектілеріне тез арада келісімшарттарға, жүкқұжаттар мен тауарларды алуға сенімхаттарға қол қоюға және алмасуға мүмкіндік береді. Жалпы, электронды коммерция нарығы туралы айта отырып, Руслан Мұқашев банктерде овердрафт алу шарттары жетілдірілмеуі экономиканың дамуы­на кедергі келтіретінін айтып берді. «Электрондық коммерцияның пайда болуымен әлеуметтік әділеттілік деңгейі көтеріле бастады. Біздің клиенттік базамызда 25 000 ұйым бар. Бұл фактор бізге кейбір ақпараттың репрезентативті үлгісін жасауға және трендтерде кейбір өзгерістер бар екенін жауапкершілікпен жариялауға мүмкіндік береді», дейді Р.Мұқашев.

Сарапшының айтуынша, нарық қа­лып­­тасты. Онлайн-сауда жалпы халық­тық­­ сипат алмаса да қызметтің бұл түрін қол­­данатындар қатары көбейіп келе жат­қа­ны байқалады. Себебі тауарлары – дәс­түр­­лі сауда желілеріндегі тауарлармен са­­лыстырғанда арзан. Ішкі нарықта ше­тел­­­дік ойыншылар басым болса да ойын тәр­тібі біздің елдің ережесімен жүріп жа­тыр.

 Ендігі тренд мамандардың білік­ті­лі­гі. «Электронды коммерция секторы ЖОО-ның тренд бағыттарына әсерін ти­гізе бастады. Кейбір жеке-меншіктегі оқу орындарында осы бағытта маман­дар дайындауға ниеттеніп жатыр. Сау­даның осы сегментінің логистика, ақпаратты технологиямен интеграциялануы маңызды. Мысалы, ҚХР немесе Түркияға тапсырыс берген клиент интернет арқылы тауарының қандай уақытта қандай нүктеде келе жатқанын білуі қажет» дейді ол.

 Еліміздегі электрондық ком­мер­цияның негізгі драйверлері логистика­ны дамыту екенін, тасымалдау құны сатып алынған өнімнен жоғары болмауы маңызды екенін сарапшылардың бәрі айтады. Сатып алушының онлайн тапсырыс­тан алған әсері қаншалықты жақсы болса, оның келесі сатып алуды онлайн жасау мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады.

Finprom.kz елдегі электронды коммерция одан әрі дами бастағанын, енді екі жылдан Қазақстандағы бөлшек сауданың 15 пайызын еңсеруі мүмкін екенін айтады. Тек 2022 жылы ел тұрғындары интернетте киім, аяқкиім және түрлі аксессуарларды сатып алуға 423,9 млрд теңге жұмсапты. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 17 пайызға көп. Электронды сауда туралы әңгіме болғанда нарықтың мүмкіндігі мен тарлығы кедергілердің қатарында айтылатын. Қазір бұл мәселе кешегі күннің еншісінде қалды. Ақпаратты технологияның мүмкіндігі шекараны мойындамайды. Көрші Қаржы секторында біздің елге тиесілі дейтін 28 банктің үшеуінде интернет платформалар бар. Кейбір сарапшылар «Kaspi.kz» бастаған ЕДБ негізгі бағытынан ауысып, интернет компаниялардың қол салды» дегенді жиі айтып жүр. Ал екінші тарап керісінше. басқа компаниялардың жұмысына қозғалыс туғызды дегенге басымдық береді. Ал біз өз тарапымыздан қазақтың ішкі нарығына ЕДБ, Казтелеком немесе жекелеген компаниялардың бәрі мүмкіндіктерін біріктіргені маңызды. Ел тұрғындарының 20%-ы интернет арқылы сауда жасаса ғана «e-commerce» индустрияға айналатыны осыған дейін талай рет айтылған. Демек интернет сау­даны дамыту арқылы ғана орта табыс тұзағы деген шырмаудан құтыла аламыз.

ALPHALUX Consulting бас сарапшысы Сергей Полыгалов бізбен әңгімесінде интернет сауда ойыншыларының әлеу­­­меттік мәртебесі анықталмай бұл мәсе­­ле­нің шешілмейтінін айтады. Негізгі мә­­селе тауарды иесіне дер кезінде жет­кізу болса, одан кейінгісі салыққа ке­ліп тіреледі. Facebook пен Instagram қ­осым­ша­сында өз бизнесін дөңгелетіп келген биз­несмендердің біразы жеке кәсіпкер ретін­де тіркелсе, біразы көлеңкеде жүр. Ресми ақпаратқа сәйкес 500-ге жуық интернет-дүкен жұмыс істеп тұр. Көлең­ке­де жүргендердің қатары 1500-2000-нан­­ асып кетуі мүмкін. Сарапшы айтып өткендей, мемлекеттік тіркеуі жоқ жән­е салық төлемейтін «кәсіпкерлерді» қада­ға­лау да, интернет-дүкендердің қанша еке­нін анықтау да қиын.

«Осы сегменттінің өкілдерінің құ­қық­тық мәртебесі заңдастырылуы ин­тер­нет-дүкендер санының өсуіне ықпал етіп, шетелдік электронды коммерция өкіл­де­рі­мен бәсекелестікке түсуіне мүм­кіндік бе­реді.

Сол кезде олар бизнестің бір субьек­тісі арқылы банктерден несие­ алады, логистикалық мүмкіндігін әрта­рап­тан­дырады. Қазақстанның ақпараттық тех­но­логиялық мүмкіндігі интернет сауда­ның мүмкіндігін әлемдік алпауыт компа­ния­лармен интеграциялауға жетеді», дейді С.Полыгалов.

Сарапшы айтқан екінші кедергі – отан­­дық­ тауар нарығындағы қазақ­­стандық үлес­тің аздығы, ойын­шы­ла­ры­мыздың шетел­дік тауар нарығына деген тәуел­ді­лі­гі. Айталық, Amazon АҚШ заңы бойын­ша ол өнім қай жер­де сатылғанына қар­а­мастан, сату салығынан босатылған. Қазақ­стан­ға олар салық жеңілдіктерімен жұмыс істейді. Қытай заңында да онлайн сауда өкілдіктеріне жеңілдіктер қарас­­тырылған. Бізге де жергілікті ойын­шы­ларға салық жеңілдіктерін беруді жан-жағымыздағы елдердің заңымен үйлестіретін кез келді. Көрші елдерде аяғынан тұрып үлгерген компаниялардың өзі шетелдік ойыншыларға жұтыла бастады. Салық заңдары арқылы өз ойыншыларымызға басымдық бермесек, ойын ережесі шетелдіктердің пайдасына қарай бұрылып кетуі әбден мүмкін. «Интернет-сауданың көрігін қыздыратын топ 16-34 жас аралығындағы жастар екенін сарапшылардың бәрі айтады. Қазақстанда осы жастағы тұтыну­шылардың үлесі 12 пайыздан аспай тұр. Ал көрші Өзбекстанда жастардың үлесі 27 пайыздан асып кеткен. ЕО неме­се­ Оңтүстік Корея экономикасының же­ңіл индустрия, тұрмыстық техника сег­мен­ті Өзбекстаннан филиалдарын ашып жа­тыр. Бұрыннан саудаға бейім және же­ңіл индустриясын жолға қойып алған өзбек ойыншыларына тауарларын бізден тө­мен бағамен айналымға шығаруға мүм­кіндік бар. Ал біздегі артықшылық – ақпараттық мүмкіндік. Е-коммерция нары­ғында жаңа ойыншылар пайда болса, бәсеке болады. Бәсекеге басымдық бер­г­ен ортада дамуға кедергі жоқ», деп сө­зін түйіндеді сарапшы.