Пікір • 11 Маусым, 2023

Вейп пен бейнет

328 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгінде қай дүкенге кірсең де қапта­малары көздің жауын алатын, ата-баба­ларымыздың түсіне де кірмеген азық-түлік­тің түрі көп қой, шіркін. Алайда бір арба тамақ алсаң да берекесі, дәмі, нәрі жоқ. Тіпті көпшілігі денсаулыққа зиян екенін ішіміз біліп тұрады. Бұл аз десеңіз, қарның шұрқырағанда жылдам дайындалатын көше тамақтары толып тұр. Ал енді наны алты айға дейін ашымай тұра беретін фаст­фудтардың ағзаға зиян екенін әркім біледі. Біз де байқатпай фастфуд индустриясын бала­латып отырған елдің қатарына қосы­лып кеттік. Мұның нәтижесі көп күттірген жоқ, іркілдеген етжеңді балалар, аурушаң жастар көбейді.

Ал іскерлік әлемінде адам денсаулығына зиянды азық-түліктер, өндірістік майлар, түрлі қоспалар, вейптер, темекі-шылым өндіретін компаниялардың барлығы «этикаға жатпайтын» бизнес өкілдері деп есептелінеді. Өкінішке қарай, қайдан шыққаны белгісіз шылымдар: электронды темекі мен темекі қоспаларының зияны орасан бола тұра, оны жарнамалауға заңмен тыйым салынса-дағы, саудасы жүріп жатыр. Жасырын жарнаманың сырын әбден меңгеріп алған әккі компаниялар мұны қалай жасау керектігін де жақсы біледі.

Ал мамандар электронды темекі мен темекі қоспаларының құрамында тұтатқан кезде адамға қауіп тудыратын зиянды заттар түзетін сұйықтық болатынын, есірткі заттарының жаңа түрлері – шылым қоспалары немесе жасырын зертханаларда алынған синтетикалық есірткілер тәуелділік пен ағзаға келтіретін зияны жағынан героиннен асып түскенін айтудай-ақ айтып жүр.

«Қазіргі темекі қоспаларының қайдан шық­­қаны шынымен белгісіз. Біреулер мұн­дай қоспалардың рецептурасы АҚШ зертха­нала­рында жасалған десе, енді біреулер мұның тара­луына Нидерланд пен Ұлыбританияны кінәлайды, қалғандары осындай улы заттарды жап­пай жеткізіп отырған Қытай деп есептейді. Есірткіні тұтынушылардың негізгі бөлігі – жастар мен жеткіншектер. Темекі қос­па­лары немесе спайстар жастар арасында жыл­­дам тарап кетті», дейді Психикалық денсау­лық сақтау орталығының директоры Сапар Рахменшеев.

Керісінше, вейп шығаратын компаниялар өз өнімдерін денеге мүлдем зиянсыз хош иісті зат ретінде дәріптеп отырған жоқ па? Бірақ мамандар түгілі темекі қоспаларының барлы­ғында есірткілік (еліткіш) қасиеті бар екенін, ол физикалық және психологиялық тәуелділік ту­дыратын жасанды жолмен, психоактивті заттар­дан жасалғанын бәріміздің де ішіміз сезеді.

«Темекі қоспалары синтетикалық каннаби­ноидтер негізінде жасалады. Темекі қоспалары миға кәдімгі каннабис (анаша) сияқты әсер етеді, тек он есе күшті. Оны шегетін адам шынайы өмірмен байланысын жоғалтып, өзін-өзі сақтау түйсігі жиі өшіріледі, қозғалысын бас­қаруы қиындайды, мағынасыз сөйлеп, басқа­лар өзін түсінбейді деген желеумен тез ашуланады. Психозға жиі шалдығады», дейді С.Рахменшеев.

Осы мәселемен күнделікті бетпе-бет келіп отырған маман оның жастар арасында кең тараған есірткі түрлерін – JWH темекі қоспала­рын атады. Жастардың тілмен айтқанда, бұл жоспар, дживик, спайс, микс, шөп, көк шөп, кітап, журнал, бошки, палыч, қатты, жұмсақ, химия, пластик, жабысқақ, шие, шоколад, түтін деп шұбырып кете береді.

Мұндай заттарды қолданғаннан кейін энергия, эйфория, ұйқысыздық пенгаллю­цинация пайда болуы мүмкін. Есірткінің әсері тоқтағанда адамның дегбірі қашып, қатты үрей, өлім сияқты түрлі қорқыныш пайда болады.

«Химиялық препараттар орталық жүй­ке жүйесінің жасушаларын тез бұзады, интел­лектіге, ойлауға, зейінге, есте сақтауға кері әсер етеді», дейді дәрігер.

Сондықтан да мамандар үйдегі баланың тыйым салынған нәрсенің дәмін татып жүргенін тану соншалықты қиын емес, ең бастысы мұқият болу керектігін ескертеді.

Егер адамның өз қимылын басқаруы қиын­дап, көз қарашығының үлкеюі, сөзінің түсініксіз болуы, эмоционалды тұрғыда шамадан тыс қозу, терінің қызаруы немесе керісінше, қатты бозаруы сияқты белгілер пайда болса, онда ата-ананың алаңдауға негізі бар. Мұндай пациенттер көбінесе бас ауруына, бір нәрседен екінші нәр­се­ге күрт ауысу, есте сақтау қабілетінің құры­ғанына шағымданады. Мұның бәрі – үлкен дерттің басы ғана.

Егер бұл аз десеңіз, өткен жылы темекі пат­шала­рының лоббиіне қатысты дабыл қаққан «ҚазАлкоТемекі» нарықта контрафактілік темекілер пайда болып, шылымқорлар өздерін белгісіз нәрсемен уландырып жүргенін мәлімдегенін еске сала кетуге болады.

Ал бізге қалғаны – вейптер мен қыздыры­латын темекісі бар түтінсіз бұйымдар (ҚТБ), тағы басқасының айырмашылығын, зияндылық деңгейлерін зерттеп, жастардың санасына құя беру.

 

АЛМАТЫ