Спорт • 30 Мамыр, 2023

Қазақ балуандары – Азия чемпионатының жеңімпаздары

275 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өзбекстанның Жизақ қаласында қазақ күресінен ересектер арасында Азия чемпионаты өтті. Онда 11 елден келген 100-ден астам спортшы бақ сынасты, деп хабарлайды Egemen.kz Qazaq Kuresi Ассоциациясы баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Қазақ балуандары – Азия чемпионатының жеңімпаздары

Дүбірлі доданың ашылу салтанатында Qazaq Kuresi Ассоциациясының бас директоры Ерлан Естек Жизақ төрін­дегі жарыстың маңызына тоқталып, балуандарға сәттілік тіледі.

«Қа­зақ күресі – ұлттық спорт түрлерінің ішінде өзіндік орны бар төл күресіміз. Қазіргі уақытта әлемнің бірнеше мемлекетінде қазақ күресінен федерациялар құрылып, жүйелі жұмыс атқарылы жатыр. Өздеріңізге белгілі, асыл күресіміз – қазақ күре­сінен Әлем, Азия және Еуропа чемпионаттары өткі­зіліп, дамудың жаңа деңгейіне көтерілді. Міне, бүгін Өзбекстанда ересектер арасындағы қазақ күресінен Азия чемпионаты өтуде. Бұл іс-шаралардың барлығы бұқара халық арасында салауатты өмір салтын насихаттауға, спорттық дәстүр мен әдет-ғұ­рып­тарды сақтауға өзіндік зор үлесін қосуда. Аталған бағыттардағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табады», деді Ерлан Естек.

а

Басшының айтуынша, қазақ күресін кең насихаттау мақсатында шетелде 50-ден астам Qazaq Kuresi федерациясы жұмыс істейді. Бүгінде елімізде осы спорт түрімен 120 мыңнан астам жас шұғылданады. Ал елімізде жыл сайын түрлі деңгейде 800-ден астам жарыс өткізіледі. Сонымен бірге халықаралық деңгейде Азия кубогы, Азия және Әлем чемпионаттары секілді турнирлер көпшіліктің көңілінен шығып жатыр.

Дүбірлі додаға ең мықты спортшылар қатысты. Олардың арасында қазақ күресімен қоса, басқа да күрес түр­лерінен халықаралық жарыстарда жүлде алып жүрген спортшылар бар. Еліміздегі ұлттық спорт түрін дамыту және қолдау мақсатында ұйымдастырылған күрес бәсекесі тартысқа толы болғаны сөзсіз.

а

Ал жарыс қорытындысына келер болсақ, Ернұр Сүлеймен (60 келі), Жұмажан Қожамбеков (74 келі), Марат Байқамұров (100 келі), Нұрдәулет Жарылғапов (+100 келі), Аружан Адасхан (52 келі), Рауза Нұрмахамбетова (56 келі), Роза Нысантайқызы (70 келі), Альбина Бақиева (+77 келі) алтын медальға ие болды. Дәулет Ниетбай (55 келі.), Аяна Зейноллақызы (48 келі) мен Зарина Сарипова (65 келі) екінші болса, ал Айдын Дартаев (82 келі), Гүлім Елубай (60 келі), Асылхан Ғайсаева (66 келі) және Аяла Мереке (77 келі) үздік үштікті еншіледі.

Сөйтіп, ұлттық құрама өкілдері жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды. Есеп төмендегідей: І орын – Қазақстан (8 алтын, 3 күміс, 4 қола), ІІ орын – Өзбекстан (7 алтын, 4 күміс, 4 қола), ІІІ орын – Тәжікстан (1 алтын, 5 күміс, 1 қола) алды.

а

Жарыс барысында мерейі үстем болған жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен, медальдармен және ақшалай сертификатпен мапапатталды.