Саясат • 30 Мамыр, 2023

Сенаторлар босқындар мәселесін талқылады

220 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Асқар Шәкіров БҰҰ БЖКБ Азия-Тынық мұхиты аймағы бойынша бюросының директоры Индрика Ратваттемен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сенаторлар босқындар мәселесін талқылады

Тараптар келіссөз барысында Қазақстан мен БЖКБ-ның босқындар мен баспана іздеп жүрген адамдардың құқықтарын қорғау, сондай-ақ азаматтығы жоқтықты одан әрі болдырмау саласындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелері мен өзара іс-қимылының келешек бағыттарын талқылады.

Сенатор Қазақстан өзінің халықаралық-құқықтық міндеттемелерін ұдайы орындай отырып, бұл жұмысты жүйелі негізде жүзеге асырып келе жатқанын атап өтті.

Қазақстан аралас көші-қон саласындағы өңірлік ынтымақтастық пен үйлестіруді ілгерілететін 9 ел аясындағы Алматы процесіне қатысады.  Қазақстанда босқындарға берілетін жол жүру құжаттары ИКАО стандарттарына сәйкес олардың елімізден тыс жерлерде жүруін қамтамасыз етеді.

«Біздің еліміз адамдардың азаматтығы жоқ болуын азайту, босқындарды, ішкі қоныс аударған адамдарды, сондай-ақ азаматтығы жоқ адамдарды қорғау және гуманитарлық көмек көрсету бойынша белсенді іс-қимыл жасап келеді. Осылайша, босқындар мәселелері жөніндегі Жаһандық форумды іске асыруға нақты үлес қосылып отыр. Біз алдағы уақытта да өңірдегі БЖКБ-ның тиімді серіктесі болып қалуға және көші-қонның барлық түрлері саласындағы осындай өзара іс-қимылды кеңейтуге ниеттеніп отырмыз», деді Асқар Шәкіров.

Индрика Ратватте ынтымақтастықтың ағымдағы деңгейін оң бағалады және БҰҰ БЖКБ Қазақстан Республикасына, оның ішінде уәкілетті органдарға сараптамалық консультациялар беру, сондай-ақ ұлттық көші-қон заңнамасын жетілдіруге жәрдемдесуді жалғастыруға дайын екенін білдірді.

Қазақстан мен БҰҰ БЖКБ кездесу қорытындысы бойынша босқындардың құқықтарын қорғау саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Сенаторлар Мұрат Қадырбек, Алишер Сатвалдиев және Қайрат Тастекеев, сондай-ақ БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори және БҰҰ-ның Орталық Азия бойынша Босқындар жөніндегі Жоғарғы Комиссары басқармасының өкілі Ханс Фридрих Шоддер кездесуге қатысты.