Мәселе • 30 Мамыр, 2023

Жылу мен су тапшылығы шуға айналды

431 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Өркениет көшіне ілескен қоғам үшін бірінші кезекте инфрақұрылымның қызметіне деген сұраныс жылдам артатыны түсінікті. Әлем табиғи таза энергия көздерінен жылу мен жарық алып отырғанда, еліміздегі біраз ауылдың әлі де темір пеште тезек тұтатып, білтелі шам жағып отырғанына күлеміз бе, қынжыламыз ба?

Жылу мен су тапшылығы шуға айналды

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Өкінішке қарай, бұл жағдай алыс ауылдағы тіршілікті сипат­тауға қолданылатын әдеби шендес­тіруден гөрі реализмге жақын. Өйткені, елдегі жылу, жарық өн­діретін аса маңызды нысандар тозып, тоқтаудың алдында тұр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеу­мет­тік-экономикалық дамуы жөнін­­де өткен кеңейтілген кеңесте: «Жы­лу электр орталықтарының жар­тысынан көбі қауіпті деңгейде, кей­бір қалаларда тозу деңгейі 80 па­йыздан асқан. Елдегі жылу желіле­рі­нің орташа тозу көрсеткіші 54 пайыздың төңірегіне жеткен. Ал орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етілген 80 қалада бұл көрсеткіш 75-тен 92 пайызға дейін жеткен. Коммуналдық саланы жаңғырту мақсатында мен «Инвестиция орнына тариф» сая­сатына көшуді қамтамасыз етуді тапсырдым. Қазіргі жағдайда Үкімет жылдар бойы қордаланған мәселелерді шешуге мәжбүр болады. Басқа жол жоқ», деп қадап тұрып айтты. Яғни, коммуналдық инфрақұрылымды одан əрі дамыту жөніндегі жұмыстың өзіне жаңа көзқарас қажет болып отыр.

Бір қызығы, кейінгі кездері жылу мен суға деген зәрулік аймақ­­тарды былай қойғанда Аста­на­ның өзінде сезіле бастады. Оған бірер ай көлеміндегі суға қатысты шудың көптеп шығуы дәлел болады. Мұны атқарушы билік те растап, ахуалдың күрделі екенін мойындайды.

Қалыптасқан жағдайды Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек: «Қаланың өсу қарқыны жылдам, әсіресе, соңғы 2-3 жылда айтар­лықтай күрделене түсті. Қала тұр­ғындарының саны, әсіресе құры­лыс кезеңінде, 1,5 миллион адамға жетеді, 1,3 миллионы қалада ресми тіркелген, жыл сайынғы өсім – 70-80 мың, демек, инженерлік инфрақұрылымға деген сұраныс та өседі деген сөз. Осыдан барып қа­ланың тұрғындарды қажет­ті су қорымен толыққанды қамту мә­селесі туындайды», деп түсіндірді.

Қазір бұл мәселені шешу үшін жанталас жүріп жатыр десе де болады. Яғни, Астанада үшін­ші сорғы-сүзгі стансасының құры­лысын аяқтау күн тәртібінде тұр. Стансаны іске қосудың бірінші кезеңі енді жүзеге аспақшы. Ал толық қуатында іске қосылуы тамыз айына тура келеді екен.

«Бірінші кезең мамыр айының соңында немесе маусым айының басында аяқталады. Біз қаланы қосымша сағатына шамамен 100 мың текше метр сумен қамтамасыз етеміз. Қазір тапшылық шамамен 30 мың текше метрді құрайды. Сондықтан бұл станса бізге су тапшылығы мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Алдағы бірер жылда біз осыған ұқсас төртінші стансаның құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз», дейді Жеңіс Қасымбек.

Жөн-ақ. Алайда, елорданың жы­лу-энергетикалық орталығына қатысты тағы бір күрделі мәселе туындап отырғаны айтыла бастады. Әсіресе, орталықтандырыл­ған жылу желісімен қамтуға қатыс­ты жағдай ушығуы мүмкін. Мәсе­ле­нің мәнісі мынада: 2010 жылы Астананы жылумен қамтамасыз ету үшін үшінші орталық «ЖЭО-3» құрылысы басталды. Ал межелі мерзім жақындаса да, әлі күнге дейін жылу орталығындағы құ­рылыс жұмысының бітер түрі кө­рінбейді. Бітпек түгілі, уақты өт­кен сайын құрылысқа қажетті қар­жының құны жоғарылап, бюджетке өтінім беру жиі қайталана бас­таған. Енді бұл мәселеге «Amanat» партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жө­ніндегі республикалық кеңес назар аударып отыр. Аталған кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров жылу электр орталығын салуға алдымен 86 млрд теңге жұмсалғанын, содан кейін бұл сомма 120 млрд теңгеге дейін өскенін, ал қазір Астана қаласының әкімдігі құрылыс құнын 170 млрд теңгеге дейін арт­тыру мәселесін қарастырып жат­қанын айтады.

«Игерілген қаржы бар, жылу электр орталығы жоқ. Құрылыс­тың бас мердігері – «Центр­каз­энер­гомонтаж» акционерлік қо­ғамы. Ал құрылыстың жобасын жа­сап, жабдықтармен қамтамасыз ету жұмысымен «ЦАТЭК» АҚ-пен үлестес компаниялар айналы­сып жатыр. Сарапшылар бұл ком­паниялардың барлығы оли­гарх Алек­сандр Клебановқа тиесілі деген пікір айтады. Мердігер нысан­ды биыл жаздың соңына дейін аяқтауға уәде беріпті. Бірақ көріп отырғанымыздай, бұл мүмкін емес, өйткені олар бюджеттен қо­сымша қаражат сұрап отыр. Егер нысан уақытында салынбаса, елордада жылу энергиясы тапшылығы туындауы мүмкін», дейді Ерлан Сайыров.

Депутаттың уәжіне құлақ ас­сақ, «ЖЭО-3» нысанына арналған жабдықтар құрылыс жұмыс­та­рының бастапқы кезеңінде сатып алынған көрінеді. Яғни, он­да­ған жыл бойы тұрып қалған құрыл­ғылар ескіріп, одан мүлдем істен шығып, тұтынбай жатып тозығы жеткен болуы мүмкін.

«Осы фактілер бойынша ке­ңес­тің атынан Бас прокуратура, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне хат жолдап, «ЖЭО-3» құрылысын жүргізу­ші мердігерлердің және Астана қаласының құзырлы органның жұмыстарын жіті тексеруді талап етеміз. Егер әкімдік қызметкерлері, мердігерлер халықтың қаржы­сын талан-таражға салғаны анық­тал­са, қылмыстық жауапкер­ші­лікке тартылуы қажет. Ал «Центр­казэнергомонтаж» акцио­нер­лік қоғамының қожайыны Алек­сандр Клебановтың өзі мемлекет­тің қар­жысын заңсыз шетелге шығару, бюджет қаржысын жымқыру күдігі бойынша жіті тексерілуі керек», деген пікірде екен кеңес төрағасы.

Жалпы, елдегі жылу-энергетика саласының негізгі бөлігі же­ке компаниялардың қолында. Ал олардың арғы жағы­нан олиго­по­лияның құлағы қылтиятыны жасырын емес. Депутат Ерлан Сайыров сөз еткен Александр Кле­банов та сол тізімде.

Айтпақшы, өткен қыста Клеба­новтың иелігіндегі компа­ния­ның біріне тиесілі «Екібастұз жылу-энерго» орталы­ғында апат болып, тұр­ғындар қақаған күндерінде суық үйлерін паналауға мәжбүр болған. Сол кезде Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Скляр «Бұған кім кінәлі?» деген сұраққа: «Екібастұз қаласындағы апатқа олигарх Клебанов та, мәселені жылы жауып келген облыс басшылығы да айыпты емес, жылу орталығының қызметкерлері кінәлі» деп жауап берген еді...