Аймақтар • 17 Мамыр, 2023

Ұрпақтар сабақтастығын алқалаған іс-шара

285 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Төрткүл әлем түгел атап өтіп жатқан Отбасы күні ме­ре­ке­сі кеншілер мекенінде де атаусыз қалмады. Бұл күні Қарағандыда «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы ресми түрде ашылып, оның аудандық және қалалық кезеңдеріне қатысуға өтініш қабылдау басталды.

Ұрпақтар сабақтастығын алқалаған іс-шара

Жыл сайын 15 мамырда БҰҰ Бас Ассамблеясы 1993 жылы бекіткен Халықаралық отбасы күні мерекеленеді. Осылайша, біздің мемлекет те елдің тұрақтылығы мен әл-ауқатының кепілі – отбасы инс­титутына зор қолдау көрсетеді.Бұл орайда ел Президенті «Мықты және бақытты отбасы – еліміздің әл-ауқаты мен өркендеуінің негізі. Мемлекет отбасы институтын қолдап, кешенді отбасылық саясат жүргізетін болады» деген еді.

Ел арасында ерекше ықы­ласты иеленген «Мерейлі отбасы» он жылдан бері отбасының қоғамдағы орнын айғақтап келеді. Дәстүрге айналған ұлттық байқауда аудан-қала­лар­дағы өнегелі отбасылар өз ша­ңырақтарының шаттығын көпшілікке паш етпек.

Сән-салтанаты келіскен атал­­ған шарада облыс әкімінің орын­басары Ербол Әліқұлов жинал­ған қауымды мерекемен құттықтап, жүрекжарды лебізін білдірді.

«Отан – отбасынан баста­ла­ды». Сол себепті бұл – ерекше мереке. Себебі барлығының бас­тауында отбасы тұр. Адамның жақсы адам болуы – отбасынан. Барша жақсылықтың қайнар көзі – отбасы. Отбасы арқылы дүниені танимыз. Осыдан отыз жыл бұрын Халықаралық отбасы күні жарияланғаны белгілі. Біз жыл сайын осы мерекеде «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауын ашамыз, деді Ербол Шымкентбайұлы.

«Отбасындағы басты­ құн­­­ды­лық­ – тәрбие. Негізгі қай­­­нар көзі – ұлттық тәр­бие.­­ Соның арқа­сын­да бүгін­гі­дей күнге жеттік», дей­ді отасқандарына 50 жыл тол­ған Ахметовтер отбасы. Отағасы Нұрабай Ахметов – құры­лысшы, отанасы Бикен Ахме­това – Қазақстанның Құр­мет­ті журналисі. Игі шара­да ізгі тілектерін білдірген ал­тын­ той иелері бүгінде 3 бала тәр­биелеп, 5 немере сүйіп отыр.

Халықаралық отбасы кү­нін­де­ кеше ғана шаңырақ көтерген жас жұбайларға, алтын той ие­леріне, 8 бала тәрбиелеп отырған (оның 6-уы патронатты тәрбиедегі балалар) отбасыларына құрмет көрсетілді. Әрқайсысына 100 мың теңге көлеміндегі сыйлықты түрлі қоғамдық ұйым табыс етті.

Үйленгендеріне небәрі бір апта ғана болған Нұршуақ Алпыс пен Әсел Өмірзақ екі жыл бұрын танысып, отау құру­ға­ сөз байласыпты. Нұршуақ – полиция инспек­торы. Әсел – психолог. Жас жұбайлардың алға қойған мақсаттары айқын. Боса­ғасы берік, шаңырағы биік ордалы отбасы атану. Ұлтқа пайдасы тиер ұрпақ өрбіту.

«Біздің үйленгенімізге бір апта ғана. Оған дейін танысып, білісіп, содан соң барып осындай жауапты шешім қабылдадық. Өйткені «Үйлену оңай, үй болу қиын» екені анық. Отбасылық ғұмыр – өмірдегі ең маңызды қадам. Сондықтан жар таңдауда адам шатаспауы тиіс», дейді Нұршуақ.

Ерлі-зайыпты Еркебұлан Катаев пен Айзат Қа­лым­жанова – көпбалалы отбасы. Олар өз­де­рінің екі сәбиі­мен­ қатар, патронатты тәр­­биеге 6 баланы­ ал­ған. Олар­ды қанаттыға қақ­тырмай, тұмсықтыға шоқыт­тыр­май, 8 баланы мәпелеп келеді.

«Бізде сегіз бала бар. Үл­кендері Ә.Молдағұлова атын­дағы облыстық маман­дан­ды­рылған спорт мектебінде оқиды. Екеуі спорт шеберлігіне кан­дидат. Кенжелеріміз мектепте. 2020 жылы патронаттық тәр­биеге алған балалардың анасы қайтыс болған. Әкесі жоқ. Бала­лардың бәрі бір отбасынан. Рас, басында жүрексіндік. Өз балаларымыз біздің шеші­мі­мізге түсіністік танытты. Шү­кір, қазір бәрі тату», дейді Айзат Қалымжанова.

 

Қарағанды облысы