Пікір • 16 Мамыр, 2023

«Табыс» пен намыс

445 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік алып, ға­сырлар тоғысында елдігіміз айқындалған кезеңдегі еркін күрестен өткен байрақты бәсекелерде Қазақ елі намысын жалғыз ғана қан­дасымыз қорғады. Ол – Мәулен Мамыров. Бұл есім жанкүйерлерге жақсы таныс. Алаштың алтын асықтай ұлы Олимпия ойындары мен әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азия ойындарының же­ңімпазы, құрлық чемпионы және сол секілді толып жатқан тағы басқа атақ­тары бар. Сол Мәулен бір сұх­батында «Мен кей кездері өзімді Ресей құ­рамасы сапында жүргендей сезінемін» деп ашына айтқан еді.

Даңқты балуанның осылай қынжылыс білдіруі тегін емес. Өйткені дәл сол кездері ұлттық құраманың негізін легионерлер құрады. Барлығы да жан-жақ­тан келгендер. Команда сапында өз өрендеріміз жоқтың қасы еді. Мәселен, 1996 жылы Атланта, 2000 жылы Сидней Олимпиадасында жалғыз қазақ Мәулен Мамыровтың өнер көрсетуі көп нәрсені аңғартса керек. Бұл – қандастарымыз осал деген сөз емес. Ол кезде Мұрат Мәмбетов, Берік Деңгелбаев, Мадияр Құрамысов, тағы басқа дарынды әрі жалынды жігіттер жұлқынып тұрған. Бірақ бапкерлер бұл балуандарға қырын қарады. Өз өрендерімізді өзекке тепкен олар көбіне-көп келімсектерге арқа сүйеді.

Жоғарыдағы жағымсыз үрдіс көпке дейін жалғасты. Сөз жоқ, легионерлердің біразы байрақты бәсекеде жеңіс тұғырына көтеріліп, туымызды көктен желбіретті. Оған дән ризамыз. Мәселен, Олимпия ойын­дарында еліміз еркін күрес шеберлерінің жеңіп алған алты жүлдесінің тең жартысы солардың еншісінде. Отандастарымыздың арасынан Мәулен Мамыров (1996), Ислам Байрамуков (2000), Ақжүрек Таңатаров (2012) озса, ле­гио­­нерлер қатарынан Геннадий Ла­лиев (2004), Марид Муталимов (2008) және Нұрислам Санаев (2021) дараланды.

Олимпия ойындарында грек-рим күре­сінен ел құрамасына бар-жоғы бес жүлде бұйырды. Оның иегерлері – Юрий Мельниченко (1996), Мкхитар Ма­нукян (2004), Георгий Цурцумия (2004), Нұр­бақыт Теңізбаев (2008), Даниал Гад­жиев (2012). Солардың арасынан тек Теңізбаев қана – өзіміздің төл түлегіміз. Ал Мельниченконың Қырғызстаннан, Ма­нукянның Армениядан, Цурцумияның Грузиядан, Гаджиевтің Дағыстаннан келгенін жанкүйерлер жақсы біледі.

Әйелдер күресінен қоржынымызда Олим­пиаданың бес жүлдесі бар. Оның ал­ғашқысын Ресейдің Кемерово өңірінің тумасы Елена Шалыгина (2008) олжалса, екеуін мордовиялық Гузель Манюрова (2012, 2016) иеленді. Өз түлектеріміздің арасынан Екатерина Ларионова (2021) мен Елмира Сыздықованың (2021) бағы жанды.

Басқа спорт түрлеріне зер салсақ, Олим­пия ойындарында атой салғандар арасында легионерлер барын байқаймыз. Атап айтсақ, 2008 жылы Бейжіңдегі ауыр атлеттер сайысын­да Алла Важенина күміспен күптелді. Бірақ арада біраз уақыт өткеннен кейін оның басты қарсыласының допинг қолданғаны анықталды. Нәтижесінде, Алла­ның мойнында алтын медаль жарқырады.

2012 жылы Лондонда Қазақстанның атынан сынға түскен қытайлық Зүлфия Чин­шанло мен Майя Манеза және ресейлік Светлана Подобедова әнұранымызды шырқатты. Алайда бұл қуанышымыз ұзаққа созылмады. Үш зілтеміршіміз де допинг да­уына ілігіп, алтыннан айырылды. 2016 жылы Рио-де-Жанейро Олимпиадасының жеңімпазы, ауыр атлет Нижат Рагимов те дәл сондай жағдайды басынан кешірді. Дәл сол жарыста моңғолиялық дзюдошы Отгонцэцег Галбадрах пен қытайлық зіл­темірші Фаркад Харкидің қола медалі Қазақ­станның қоржынына түсті. 2021 жылы Токио Олимпиадасында Зүлфия Чиншанло қолаға қол созды.

Жоғарыда біз тек Олимпия ойындарында жеңіс тұғырына көтерілген саңлақтар жайында ғана баяндадық. Одан бөлек, әлем чемпионаты және басқа да халықаралық жарыстарда атой салған легионерлер жетерлік. Әрине, Қазақ елінің әнұраны шырқалып, туының биікте желбірегеніне біз ризамыз. Бірақ ондай «табыс» бізге қажет пе? «Дайын асқа тік қасық» деген осы емес пе? Егер шет мемлекеттерден лек-легімен спортшылар шақыртып, солардың арқасында ғана жеңіске жетуді мақсат тұтсақ, онда еліміздегі мыңдаған спорт мектептерінің не керегі бар? Оларды мемлекеттің есебінен қаржыландырудың қажеті қанша?

Міне, ел спорты басшыларын осы мәселе қатты ойландыруға тиіс. Тіптен, жүлдесіз қалсақ та, кең-байтақ Қазақ елінің намысын өз өрендеріміз қорғауға тиіс!