Пікір • 03 Мамыр, 2023

Баланың хақы

559 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ата-ананың перзент алдындағы жауап­кершілігін ауқымды міндет, парыз деп түсін­геніміз жөн. Алайда осынау парыз-міндет­тің түпкі мәніне жіті көңіл аударыла бер­мейтіндіктен көптеген ата-ананың ұрпақ тәрбиесіндегі рөлі әлсіреп кеткені жиі айтылып жүр.

Бүгінде балаларымыздың алдындағы жауап­кершілігімізді тек киіндіру, тойындыру, оқыту тәрізді игіліктермен қамтамасыз ету деп, тар шеңберге «қамап» қойғандаймыз. Шын мәнінде аталған борышымызға қандай қажет­тіліктерді өтеу жататынына тереңі­рек үңілсек, соған қарай амал етсек перзен­тіміздің, одан арғысы ұлтымыздың алдындағы парызымызды дұрыс орындауға тырысқан болар едік. Аталған мәселеге терең бойласаң айтылар жағдаят өте көп. Дегенмен, солардың ішін­де қоғамда көзге жиі көрініп, жүйкемізге сал­мақ түсіретін бір жайтқа аз-кем тоқтала кетсек.

Бүгінде өмірді смартфондар мен планшет­терсіз көзге елестету қиын. Басқасын айтпа­ғанда, бұларды байланыс, ақпарат алу үшін ғана емес, ес тоқтатпаған баланы жылағанда алдаусырататын, жұбататын ойыншық ретінде де жаппай қолданатын болдық. Мұның мысалын алыстан іздеудің қажеті жоқ, айналаңда «өріп» жүр. Көптеген ата-ана үшін кез келген жастағы баласының қыңқыл-сыңқылынан құтылудың таптырмайтын тәсілі – оның қолына іші жарқ-жұрқ еткен ойынға толы смартфон ұстата салу. Сонымен шаруа бітті.  Ең бастысы – мазаны алмаса болды.

Бір келіншек кетіп барады. Соңынан екі баласы ерген. Үшеуінің де көздері қолдарындағы смартфондарына «жабысып қалған», өзге дүниені ұмытқан. Бір жігіт бесік арбадағы баласы жылай бастап еді, оған қолындағы құрылғысының экранын ашып бере салды, анау мәз. Бір әже смартфонға үңіліп, оның ішіндегі ойынға берілген немересінен «болды, жетеді, көзің ауырады», деп әлгі құрылғыны алып қойып еді, анау баж ете қалды да, бақырып-шақырып жылауды үдетті. Болмаған соң әлгі әже немересіне смартфонды қайтарып беріп жұбатып алды. Міне, біздің қоғамдағы ата-ана мен баланың арасындағы қарым-қатынастың сұрықсыз бір көрінісі осы ыңғайда. Олардың арасында мәміле, өзара сөйлесу, тіл қатысу үзілгендей. Бұл үзіліс жүре келе, ата-ана қартайып, бала өскенде де жалғасуы әбден мүмкін-ау. Тас бауыр ұрпақ осы іспеттес келеңсіздіктерден пайда болады.

Бала жыласа, әлденені сұрап қыңқылдап-сыңқылдаса ата-ана оған мейіріммен үн қатып, айналып-толғанып жұбатуы, сұра­ғанына қарай жауап беруі қажет. Жыла­ған, мазасызданған бала ата-ананың мейірімі арқылы жұбанбаса, қажетін алмаса, Құдайдың құдіретімен түзілген арадағы сезім семеді, жүректер қатаяды. Бұл олардың бір-біріне деген көзқарасын салқындатып, көзге көрінбес жіпсіз байланыс­ты аяқасты етеді. Баласына салқын ата-ана, ата-анасына деген жүрегі тас, мұздай бала өсіп шығады. Ең өкініштісі сол, біз бала тәрбиесін көгілдір экрандар мен смартфон, планшеттерге «сеніп тапсырып қойдық». Перзенттеріміз біздің өздеріне арнауымызға тиіс уақытын әлгі құрылғылардың алдында өткізіп келеді.

Баланың ата-анасында хақы бар. Сол хақын дұрыстап беруде үлкендер жағының салғырттығы, жауапсыздығы, білімсіздігі бүгінде асқынған жара секілді көрініп тұр. Бұл келеңсіздіктің салдары күндердің күнінде алдымыздан атойлап, шешімі қиын түйткіл болып шығуы әбден мүмкін. Баланың аты – бала. Ол – қауқарсыз, ата-анаға мұқтаж. Баланы жас кезінде тезге салып, жөнге келтіру оңай. Ал балаң сенің кесіріңнен болмысы, мінезі қисық-қыңыр, жан дүниесі жадау болып өссе, оны қайта реттеу өте қиын. Сондықтан, ұрпақ тәрбиесіне қатысты әрбір қадамымызға байыппен қарап, жіберіліп жатқан қателіктерімізді түзеуге осы бастан күш салмасақ опық жейміз. Бар кінә, күнә ата-ананың мойнында қалады. Оның азабын басқадан емес дәл өз перзентіңнен тартсаң, өз обалың өзіңе, ешкімге өкпелеме.

Өмір есігін жаңадан ашқан ұл-қызыңның алдындағы негізгі парызын адал өтеген ата-бабаларымыз перзенттеріне қажет жерінде қатал, қажет жерінде жұмсақ бола білген. Міне, бізді сол бабалар жолы адастырмайды. Соны түсінейік.

Атақты Стив Джобс бір сұхбатында қойыл­ған сұраққа орай: «Үйде біз балалардың айпадпен отыру уақытына шектеу қоямыз», депті. Сол сияқты, технологиялық ірі компа­ниялардың көптеген басшысы, «Кремний» жазығының марқасқалары өз перзенттерінің электронды құралдармен өткізетін уақытына шектеу қоятын көрінеді. ІТ технологиямен шұғылданатын бұл тұлғалар аталған бұйымдардың біз ұға бермейтін құпия қауіп-қатерлері бар екенін білгендіктен әлгіндей шектеу амалдарына жүгінетін болса керек. Ендеше, біз де абай болып, смартфон және сол тәріздес құралдардың ықпалында түбегейлі қалып қоймаудың амалын жасағанымыз жөн. Бұл бұйымдарды адам өз ретімен қолданбаса, физикалық та, рухани да залал тигізері анық.