Қоғам • 03 Мамыр, 2023

Блогерлердің көпшілігі халыққа көмектескен сыңай танытып, «хайп» жасаумен әлек – депутат

377 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев әлеуметтік желіде блогермін деп жүргендердің «блогтың» не екенін де түсінбейтінін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Блогерлердің көпшілігі халыққа көмектескен сыңай танытып, «хайп» жасаумен әлек – депутат

Әлеуметтік желіде влог жүргізетіндерге «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» жоғы рас. Не жазып, не салса да әркімнің еркі өзінде. Халықтың қамын емес, қалтасын ойлайтындар көбейіп барады. Блогерлер кейде кейбір оқиғаларға өзінше долбар жасап, өзін бақылап отырған мыңдаған адамға өтірік ақпарат таратады. Өкініштісі, соған қалтқысыз сенетіндердің қатары көп. Мәжіліс депутаты өзінің  сауалында влог жүргізетіндерді жөнге салып, заңға арнайы бап енгізу керек деп дабыл қақты.

«Қазір өзін блогермін деп жүргендердің дені – ақпараттың рас-өтірігін тексермей, оңай жолмен баю мақсатында кез келген адамға жала жабудан тайынбайтын, бопсалап ақша табатын, атаққұмар, елдің берекесін бұзып, қауіпсіздігіне қатер төндіретін адамдар. Өзін блогер санап жүргендердің басым бөлігі шын мәнінде «блогтың» не екенін түсініп жүр деп айта алмаймыз. Көпшілігі ел алдындағы беделін, атақ-дәрежесін пайдаланып, халыққа көмек жасап жатқандай сыңай танытып, әлеуметтік желілерде түрлі «хайп» ұйымдастырып әлек», деді Мәжіліс депутаты.

Оның айтуынша, буыны бекімеген жас балалар да соларды үлгі етіп, теріс жолға кетіп бара жатыр. Депутат Қордайдағы жағдайды тілге тиек етіп,  бұл ғана емес, алаяқ блогерлердің сөзіне сеніп, жер сипап қалғандардың көп екенін, тіпті, өлімге дейін жеткен оқиғалардың да бар екенін атап өтті. 

«Сол алаяқтарға сеніп қалған қанша адам суицид жасады, қаншасы денсаулығынан айрылды, үйсіз-күйсіз қалып, қаңғырып кетті?! Олардың обалы кімге? Елде болып жатқан түрлі әлеуметтік жағдайларды өз ыңғайына бұрмалап, оған ұлтаралық рең беріп, елге жалған ақпарат таратқан блогерлердің де ісі майшаммен қаралуы керек еді. Жеке азаматтардың ішкен-жегенін, киген киіміне дейін аңдып, қоғамда кибербуллинг жасап жүрген блогерлер тобы тағы бар. Өкінішке қарай, өмірге деген көзқарасы енді қалыптасып келе жатқан жастарымыз осы блогерлерге еліктеп, жатыпішерлікке әуестеніп барады, олар ұлтымызға жат мәдениет пен теріс идеологияны бойына сіңіріп жатыр. Біз қысқа ғана уақыт ішінде сөзі мен ісіне жауап бере алмайтын блогерлердің отанына айналып кеткендейміз», деді Анас Баққожаев.

Мәжіліс депутаты таратқан ақпараты үшін жауапкершілік арқаламайтын блогерлердің әдебіне қатысты сын айтты.

«Кімнің болмасын алдында дікеңдеп, беттен алып, жеке басына тиіседі. Сөз бостандығы деген осы ма? Біз осылайша тұтастай бір мамандықты қор қылып отырмыз. Журналистердің көбі жұмыссыз жүр. Олардың білімі де, талабы да бар. Олар блогерлерге қарағанда өздерін әдепті ұстайды, сондықтан да жұмыссыз қалып отыр», деді ол.

Мәжіліс отырысында депутат жедел түрде БАҚ туралы заңға блогерлерге қатысты талап енгізіп, жауапкершілік жүктеуді сұрады.

«Тез арада БАҚ туралы заңды пысықтап, Мәжілістің ашық талқылауына енгізу қажет. Ақпарат саласындағы жауапкершілікті тек журналистер емес, блогерлер де сезінетін уақыт жетті. Бұл мәселені аталған заң жобасының аясында дереу қарастыруымыз қажет. Себебі жауапкершілікті түсіне алмайтын блогерлердің саны уақыт өткен сайын артып барады», деді ол.