Сұхбат • 26 Сәуір, 2023

Түпнұсқадан тәржіме – уақыт талабы

697 рет
көрсетілді
39 мин
оқу үшін

Әдебиет пен руханияттың дамуы үшін аударманың, оның ішінде түпнұсқадан аударудың алатын орны ерекше. Біз сол арқылы өзге озық елдердің әдебиетінде қандай жаңалықтар мен өзгерістер болып жатқанын, олардың қаламгерлері қандай жақсы туындылар жазғанын оқып, сараптап, санада салмақтай аламыз. Қазір бізде түпнұсқадан аударатындар бар ма, олар не бітіріп жатыр деген сауалға жауап іздеу үшін осы салада еңбектеніп жүрген аудармашыларды сөзге тарттық. Кезекті дөңгелек үстелімізге аудармашылар – Мақсат Дүйісмағамбет (орыс тілінен аудармашы), Роза Мұсабаева (неміс тілінен аудар­машы), Досым Зікірия (түрік тілінен аудармашы), Динара Мазен (ағылшын тілінен аудармашы), Шолпан Қызайбаева (неміс тілінен аудармашы) қатысып отыр.

Түпнұсқадан тәржіме – уақыт талабы

Суреттерді түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

«Фаустың» қазақша нұсқасын қазір таппайсың

– Шыны керек, осыған дейін әлем әдебиетін және басқа танымал шығармаларды орыс тілі­нен­ аударып келдік. Қазір дүние жүзі­не кең тараған тілдерден (ағыл­шын, француз, испан, қытай) қазақшаға аударатын қосын­ қалыптасып келеді. Бі­рақ­­ сапалы аудармашыларды­ тәр­биелеу үшін мемлекет жағы­нан­ қолдау керек сияқты. Сіз­дер­ қалай ойлайсыздар?

 чпа

Мақсат Дүйісмағамбет:

– Иә, біз осыған дейін әлем әдебиетінің таңдаулы туындыларын орыс тіліне аударылған нұсқалары бойынша тәржімелеп келдік. Өйткені орыс тілі негізгі тіл саналған кеңес одағында шетел тілдерінен аударма жасаудың көп жыл бойы қалыптасқан жақсы тәжірибесі болды. Ең бас­тысы, мемлекеттік деңгейде ұйым­­дас­тырылған аударма мек­те­бі болды.

 1955 жылдан бастап Мәс­кеу­дегі Әдебиет институтында көр­кем­ әдебиет аудармашыларын­ жү­йе­лі түрде даярлау қолға алын­­ды. Болашақ аудармашылар­ Горький атындағы әдебиет инс­ти­тутының көркем аударма факультетінде бес жыл бойы іштей оқып білім алды. Көркем аударма ісін жаңа өріске шығару үшін бұрынғы одақтың осы тәжірибесін біз де өз елімізде жүзеге асыруымыз қажет деп ойлаймын. Қазір, өзің айтқандай, әлем әдебиеті туындыларын ана­ тілімізге түпнұсқадан тіке­лей­ тәржімелейтін аудармашы­лар­ қосыны қалыптасып келе­ді. Тек сол әлеуеті мықты шығар­ма­­­шылық күшті бір арнаға тоғыс­ты­ру үшін мемлекеттік тұрғыда қол­дау керек деген пікіріңе толық қосыламын. Бұл орайда мемлекет қолдауымен іске асырылған игі бастамалар болғанын да айтуымыз керек. Мәселен, 2017 жылы елімізде «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқу­лық» жобасын жүзеге асы­­­ру­­ мақсатында «Ұлттық ау­дар­­­ма бюросы» құрылды. Осы жоба аудармашылардың шығар­ма­шылық жұмысына жаңа сер­пін­ берді. Жоба аясында тарих,­ философия, социология, пси­хология, антропология, мәде­ниет­тану, дінтану, лингвистика, инно­вация, медиа, экономика,­ менед­жмент, кәсіпкерлік, кино­тану,­ театртану салалары бойын­ша әлемнің маңдайалды универ­си­теттерінде оқытылатын үздік оқу­лықтар қазақ тіліне аударылды.­ Алдағы уақытта «Ұлттық ау­­дар­ма бюросы» жұмысының ая­­сын кеңейтіп, көркем аударма­ саласын дамытуға толық мүмкіндік бар деп білемін. Сонда көркем әдебиет туынды­ларын түпнұсқадан тікелей аудару мәселесіне қатысты шаруалардың бірқатары оң шешімін табар еді.

 

гл 

Роза Мұсабаева:

– Мәдениеттің қай саласы­ бол­сын мемлекеттің қол­да­уын­­сыз өрге баспайды. Ра­сын­да, кезінде әлем әдебиеті орыс­ тілінен аударылып келді. Ал түп­нұсқадан тікелей аудару, дә­лірек айтқанда, неміс-қазақ­ көркем аударма дәстүрі аса та­лантты аудармашы, ақын Медеу­бай Құрмановтан бастау алады­. Медеубай Шаяхметұлы сек­­сенінші жылдардың басында неміс­тің ұлы ақыны И.В.Гётенің шедевр­ дерлік «Фауст» драмалық поэ­ма­сын түпнұсқадан тікелей аударып, айды аспанға шығарды. Былайша айтқанда, стильдік және ұлттық ерекшеліктерін сақтай отыра қазақша сөйлетті. Поэтикалық мазмұны шебер аударылған шығарманың толық нұсқасы 1983 жылы жарық көрді. Мұның өзі кезінде елеулі оқиға болғаны анық. Осылайша, Медеубай Құрманов немісшеден тікелей аудару жанрының жандануына зор үлес қосты. Өкінішке қарай, «Фаустың» қазақша нұсқасын қазір шаммен іздеп таппайсың. Егер де әлемдік деңгейдегі әйгілі туынды тағы бір рет басылып шықса, тек аудармашылар, оқырман қауым үшін ғана емес, тауқыметі мол көркем аудармаға бет бұрған студенттерге үлкен көмек, руха­ни азық болар еді. Ал сапалы ұлттық аудармашыларды даярлаудың тетігі ең әуелі сөздікке кеп тіреледі. Өйткені Тәттібаеваның немісше-қазақша сөздігі соңғы рет 1992 жылы шықты. Өмір ағып жатқан су секілді, бір ор­нында тұрмайды. Ендеше, уақыт өте келе белгілі бір сөздер қол­да­ныстан қалып, жаңа сөздер ене­ді.­ Яғни тілдік коммуникация ұдайы қозғалыста. Неміс тілінде қазір­дің өзінде бес мыңдай англи­цизм бар. «Үлкен неміс-қа­зақ­ сөздігі» мен «Үлкен қазақ-не­міс сөздігінің» әлі күнге басылып­ шық­­пағаны елдігімізге сын. Жо­ға­­ры оқу орындарындағы аудар­ма­ ісі мамандығына оқып жүр­ген­ студенттер қай сөздікке иек­ арта­ды екен дейсің осындайда. Өйт­кені кез келген тәуелсіз ел ең­ әуелі ұлттық аудармашыны­ қа­жет­сінеді. Біле-білгенге, мәдени алмасуда аудармашы – екі ел арасын жалғайтын алтын көпір.

Ширек ғасырдан бері елі­міз­­дегі мектептердің басым көп­­шілігінде тек ағылшын тілі­ ғана оқытылып келеді. Ал не­міс­ және француз тілдері алынып­ тас­тал­ған.­ Елімізде Л.Н.Гумилев атындағы Еур­а­зия­­ ұлттық университеті мен Көк­ше­тау­дағы Ш.Уәлиханов атын­дағы университетте ғана неміс тілі оқытылады. Бір айта кетерлігі, алдағы оқу жылында орта мектептерде неміс және француз тілдері екінші шет тілі ретінде оқытылады деседі. Бұл, әрине, құптарлық жайт. Бірақ қазақ мектептерінде бұл пәндерде маман жоқтың қасы. Бұл орайда көркем аударма мәселесін сөз ету тіптен ертерек сияқты. Сосын неміс тілі мектептерге енгізілген күнде, онда аударма үйірмесі жұмыс істеп, шағын әңгімелерді аудартып, байқау жарияласа, ынталандырса дейсің.

Немістер Орталық Азия әде­бие­тімен танысуға әрі өздерін таныс­тыруға асық. Бұл мақсатта, 2021 жылы Гёте-институттың арнайы жобасымен қазіргі заманғы поэзияны Орталық Азияның бес (қазақ, қырғыз, өзбек, тәжік және түрікмен) тіліне аударылып, «Simurgh» («Самұрық») антологиясына («World&Steppe» бас­пасы, Алматы, 348 б.) өлеңдер түпнұсқада, яғни неміс тілінде және аудармалары жоғарыда аталған бес тілде топтастырылды. Германияның қаржылай қол­­дауымен жарық көрген жыр жи­нағы сонысымен құнды. 2022 жыл­дың күзінде Ташкентте өт­кен «Неміс лирикасының халық­ара­лық­ фестивалінде» «Simurgh»/ «Самұрық» антологиясы таныс­ты­рылып, simurghpoesieraum.org вебсайты көпшілік назарына ұсы­нылды. Алматыдағы Гёте-инс­титут жер-жердегі көркем шы­ғарма аудармашыларының басын біріктіріп, олар аудармаларды өзара талқыға сала отыра, түрлі жобаны жүзеге асырып келеді.

 

оооо

Динара Мазен:

– Дәл осы мәселеде мемлекет­ қол­дауы өте қажет, тіпті бұл сала­ға бюджеттен аямай ақша бөліп,­ жан-жақты көмек көрсету керек­ деп ойлаймын. Отыз жыл­дан бері тіл мәселесі ақсап келеді­ деп бәріміз қапалымыз, бір жағынан әр адамның санасына байланыс­ты­ десек, екінші ұшы міндетті тү­р­де мемлекетке барып тіреледі. Билікте тілдің өркендеуіне мүд­де­лі­ адамдар болса, қолында барлық те­тік бар.

Ең бірінші, мектеп оқулық­та­­рын дұрыс жазудан бастау ке­рек, қазіргі оқулықтар сауатты­ адамды надан қылады десем, ар­тық айтқаным емес. Үш баласы мек­тепте оқитын анамын, қазақ тілін­де жазылған оқулықтарда жүйе де жоқ, сауат­ деңгейі де төмен. Жоғары сыныптағы күрде­лі­­­ пән оқулықтары көбіне аудар­ма­­,­­ олардың сапасын мұқият тек­се­­­ру керек еді. Оқысаңыз, бала­ тү­гілі өзіңіз шатасасыз. Жоғар­ы­­ оқу орындарын айтпай-ақ қо­­я­йық,­ біз оқыған 2000 жылдары қа­жет материалдың бәрін ау­да­рып оқыдық, әлі де сондай жағдай.

Ұлттық аударма бюросы­ құ­ры­лып, 100 оқулықты аударғанда сең­ қозғалды, бірақ бюро жұмысы тоқ­тағаны өкінішті жайт болды.­ Керісінше, сол бюрода шың­да­лып, төселген мамандарға жағ­дай­ жасап, бюроны аудармашы даярлайтын мекемеге айналдырып, барлық тілдегі мықты оқу­­лық­тар мен кітаптарды аудару­ ісін­ жалғастыру қажет еді. Қазір тілі­не жаны ашитын азаматтар жеке­ баспа ашып, кейбірі өз қаржы­сына, енді бірі демеуші тауып,­ әлем әдебиетін қазақшаға түп­нұсқадан тікелей аударып жатыр.­ Бұл сала өте жақсы дамып­ келеді. Мен білетін кей бас­па­ мемлекет қаржысына да­ кітап шығарып жатыр, бірақ олар­дың ұсынысы нарықтағы бағадан төмен екенін байқадым. Демек мемлекет бұл салада ақша үнемдейді. Бір сәт­тік арзан атақ шығаратын дүние­лер­ге қаржы аямайтын билік тілді өркендететін істерге баса мән­ берсе деймін. Мысалы, өзі бас­па ашып, аударма жасату жұмысын қолға алған баспагерлер­ аяғынан тұрып кеткенше қолдау жұмыстары болса, бұл салаға қызығатын, бірақ қаржы мәселесі қолын байлап жүрген мықты мамандар көбірек тартылар еді. Себебі нарықта қазақтілді кітап­тар­ үлесі салыстырмалы түрде әлі өте аз.

 

ооооо

Досым Зікірия:

– Екінші дүниежүзілік соғыс­ кезінде ағылшын үкіметі Уинс­тон Черчилльге мемлекет­ бюд­жетін қалыптастырып жат­қа­нын, осы орайда мәдениет қыз­мет­керлерінің жалақыларын төмен­дет­пекші екендіктерін айтады ғой.­­ Сонда Черчилльдің берген жа­уа­­­бы­­ «Онда біз не үшін соғысып жүр­міз?» болыпты. Мұны неге айтып отырмын? Себе­бі әдебиет – мәде­ниет­ті қа­лып­­­тастырушы басты сала­лардың бірі. Ал мәдениеттен қар­жы аяған ұлттың болашағы жоқ. Себебі мәдениеттің мәйегіне қан­ба­ған ұрпақтан ертең ел тізгі­нін дұрыс ұстайтын тұлға шық­пай­ды.

Біз бала кезімізде әлемдік клас­­­сиканы қазақ тілінде оқыдық. Мы­­салы, ауыл баласы Даниэл Дефо, Уалтер Скот, Александр Дюма, Сервантес және т.б. әлем­дік­­ классиктерді түпнұсқадан оқи­­ ала ма? Жоқ. Баланы былай қо­йып үлкендердің өзі оқи ал­май­­ды. Орыс тіліндегісінің өзіне екі­нің бірінің тісі батпайды. Сон­дай әлемдік жауһарлардан ауыл адамдарының хабардар болуы, сол қазынаға кенелуі әрине аударма, онда да көркем, жоғары деңгейдегі аударманың арқа­сы еді. Ол дүниелерді аудар­ған­ ағаларымыз да арамыздан­ кет­ті.­ Ендігі жерде кезек кезекті тол­қын­ға келді. Бүгінгі аудар­­машылар­ қо­сынының бір артық­шылығы бәрі дерлік тікелей түпнұсқадан аударады. Аудармада делдал тіл болмауға тиіс. Себебі әр аудармашы сол өзі аударып отырған орта­ға, ұлтқа бейімдеп, ол аз десе­ңіз өзі нәр алған ортаның түсі­н­ігімен аударады. Ал ол үшін­ші бір тілге аударылғанда өңі қалай өзгеретінін бағамдап отыр­ған боларсыз? Қазіргі таңда­ елімізде аудармашы­лар­ қосыны қалыптасып та қал­ды.­ Бір әттеген-ай дейтін тұсы, «Аударма бюросы» болмаса басқа жақтан тәржімелейтін аудармашылардың еткен еңбе­гі­не, төккен теріне, жұқарған жүй­кесіне алған қаламақысы татымайды. Неге? Себебі көбіне аудармаға тапсырыс беретін жеке баспалар, жеке тұлғалар. Ал бас­­паханасы болғанмен, онда­ғы қағаздан құрылғыға дейін шетел­ден алдыратын еліміз үшін кітап шығару ісі тым қымбатқа түседі. Осыдан келіп жаңағы жеке­меншік тапсырыс берушілер ақша­ны аудармашының еңбегі­нен­ (басқадан мүмкін емес) үнем­дейді. Аз ақшаға аударған аудар­машының өнімі сапасыз болып­ шығады. Болмаса мықты аудар­ма­шылардың сұраған баға­сын жеке­меншік иелері төлей алмай­­ды­ да, әуесқой аудар­­ма­шы­ға жүгінеді. Оның не болары бел­гілі. Мемлекет қол­дамайды емес, «100 жаңа оқулық» немесе тағы да басқа бағдарламалармен қолдап жатыр. Еліміздегі бүкіл аударма саласын қолдауға мем­ле­кеттің де қалтасы көтере бермес.­ Дегенмен бұл істі арнайы заң не­месе ережелермен реттеуге бо­лар еді.

 

аоп

Шолпан Қызайбаева:

– Аудармашылар әлем әде­биетінің жауһарларын түп­нұс­қа­дан­ тікелей аударып, қазақтілді оқыр­манға ұсынады. Олардың еңбегі­ ерен. Әсіресе заманауи қазақ­ әдебиетін әлемге танытудың мем­лекет үшін стратегиялық маңы­зы зор. Ендеше, сапалы аудармашыларды тәрбиелеу үшін мем­лекет жағынан қолдау керек. Ол қандай қолдау болмақ десеңіз, мынадай ұсыныс айтар едім: Аудармашы даярлайтын жоғары оқу орнын тәмамдаған маман кез келген мәтінді аударып қана жүре бермей, ізденуі, кәсіби тәжірибе алмасуы керек. Мысалы, ағылшын, неміс немесе басқа тілді елдерде аудар­­­­машылардың біліктілігін арт­ты­руға бағытталған мықты бағдарлама өте көп. Қазақ тіліне аударатын аудармашы сол іс-шаралардың бірін қажетіне орай таңдап алады. Міне, осы тұста шетелдердегі арнайы воркшоптар мен семинарларға мемлекет қаражатына сол маманды жіберіп тұрса. Жол қаражатын өтеп берсе болды. Ол мемлекет үшін көп шығын емес. Керісінше, мәдениетіміз бен әдебиетімізге мықты инвестиция болмақ. Бүгінгі күні аудармашыларға ондай мүмкіндік берілмеген. Шетелдік мәдениет ошақтарынан бөлінетін арнайы қаражат бәріне жете бермейді. Әрине, өз елімізде де ондай көркем аударма жасаудың техникасы мен түрлі әдісін үйрететін іс-шаралар бар болар. Болмаса, келешекте мемлекет тарапынан сондай арнайы бағдарламалар қолға алынар. Үміт үзбейік.

Сосын еліміздегі баспа ісін қолдау керек. Білуімше, елі­міз­де­гі­ баспалардың 90 пайызы жеке­меншік. Нағыз баспа автор­ мен аудармашыға, редактор мен иллюстраторға қаламақы төлеуі, қажет лицензияны сатып алуы керек. Одан басқа да баспа шығыны бар, жарнама, маркетинг, логистика деген сияқты. Сондықтан кейбір баспалар түрлі себеппен, қаражаты бар автор мен аудармашыға тек типографиялық қызмет көрсетумен ғана шек­те­ле­ді. Еліміздегі баспалар тіке­лей бас­па ісімен айналысатын уақыт­­та қа­л­ам­­­герлеріміз, әсіресе жас автор­лар, неше мыңдаған тираж­бен­ басылып, аудармашылар үл­кен­ тілдерден сапалы аударма жасап, қазақтілді оқырманға ұсына алады.

чсям

 

Тіл білгеннің бәрі аудармашы емес

 – Біз үшін түпнұсқадан ауда­ру ауадай қажет. Ал осы салада қан­дай маңызды мәселелер туын­­­­дап отыр?

 

Мақсат Дүйісмағамбет:

– Әрине, көркем шығарма түп­нұс­қадан тікелей аударылғанда ғана­ оқырманға бар бояуымен, бас­тапқы ажар-сипатымен жетеді. Әйтсе де әлемдік әдебиет туын­ды­­­ларын ағылшын, француз, неміс, испан, араб, қытай, жапон, түрік, т.б. тілдерден тікелей тәржімелеуге байланысты біраз қиындық туындайтыны анық. Түпнұсқа тілін жетік білетін және терең түсінетін аудармашылар даярлаудағы бас­ты салмақ – бұл арада, ең алдымен, осы сала мамандарын даярлайтын ең басты оқу орны Абылай хан атындағы Әлем тілдері университетіне, сондай-ақ шетел тілдері мамандарын даярлайтын басқа да жоғары оқу орындарына түседі. Бірақ... Осы оқу орындарын бітірген түлектер түпнұсқа тілін жетік біліп, терең түсінетін деңгейге жеткен күннің өзінде көркем аударма жасай ала ма? Үлкен мәселенің бірі осыдан туындайды. Өйткені аудармашы болу үшін әдеби дарын керек. Ана тілінің уызына жарып өскен, қазақ тілінің нәзік иірімдерін, алуан­ түрлі бояуын тап баса танып, өзі аударып отырған жазушының туын­дысын оқырманға қазақ тілінің төл туын­дысындай етіп ұсына білетін тәржімашы ғана көркем аударма жасай алады.Сондықтан аталған жоғары оқу орындары әдеби аудар­ма жасайтын маман­дарды бөлек даярлауы керек. Арнайы топ ашылып, бұған жоғарыда айтылған талаптарға жауап бере алатын дарынды студенттер ірік­теліп алынуға тиіс.

 

Шолпан Қызайбаева:

– Қазақтілді оқырманды әлем әдебиетінің керемет туындыларымен таныстыру үшін түпнұсқадан аудару қажет дейміз. Бірақ әдеби аудармамен айналысатын аудармашы аз. Себебі әдеби аударманы көз майын тауысып аударады, алайда еңбегіне лайықты еңбекақы төленбейді. Жақсы табыс табу үшін басқа мансапқа ауысып кетеді. Келесі үлкен мәселенің бірі – әлі күнге дейін қазақ тілінде сөздік жоқ. Тағы бір мәселе – әлем шығармаларының орыс тіліне аударылған нұсқа­сы­нан әлі де қазақ тіліне аударылып келе жатқаны. Ондай шығар­ма­ның­ көркемдігі түпнұсқасына қара­ғанда жұпыны күйге түсіп, бар бояуынан айырылады. Бұл  –қия­нат. Ең маңызды мәселе осылар. Басқа үлкенді-кішілі мәселе ниет болса, жеңіл түзеледі деп ойлаймын.

 

Досым Зікірия:

– Қандай да бір ұлттың әде­биеті, әсіресе бүгінгі жаһандану жағ­дайында сыртқы үдерістерден тыс қала алмайды. Ол әлем халық­та­рының әдебиеттерімен ықпал­да­са, бәсекелесе отырып дамиды. Бүгін­гі таңдағы әлемнің алдыңғы қатар­лы әдебиетінің көбі осы үрдіс­тен өтті. Тіпті қазақ ауыз әдебиетінің өзіне мұсылмандық шығыстың, парсы әлемінің ықпалы болғанын кез келген әдебиетші дәлелдеп бере алатын шығар. Дегенмен жоғарыда да айтып өттім, біз қазір кеңес одағы кезіндегі Қазақстан емеспіз. Ол кезеңге қарағанда шетелдердің тілін ғана емес, ділін де меңгерген жастарымыз көптеп шығып жатыр. Аудармашыға керекті ең басты қасиет осы. Ендеше, соларды неге пайдаланбасқа? Ал оларды пайдаланғанда да сөлін сығып алып, қабығын лақтырып тастайтын жемістей етіп емес, қанат байлап, шабыт беретіндей, әрі қарай да рақаттанып жұмыс істейтіндей болуы керек. Себебі аударма – оңай жұмыс емес. Бү­гін­гі нарықтық заманда басқа елді­ қайдам, біздің елде аудар­ма­ арқылы ырғын пайдаға кенелу­ мүм­кін емес. Дей тұрғанмен, алғаш­қы соқпақтар бар. Көптеген аудар­машы мұны кәсіп қыла бас­тады. Ол ұялатын нәрсе емес. Дегенмен кәсіптен пайда табам деп, сапа жағын ұмытып кетпеу керек. Аудармашының, онда да түпнұсқадан аударатын­ аудар­ма­шы­ның еңбегі бағалансын десек, мем­лекет ақша бөлмей-ақ қойсын, аудар­машы еңбегін бағалайтын нақты заң шығарып, аударылатын елдің тіліне және саласына (ауыр-жеңі­ліне) орай аударма құнын, аудар­ма жұмысындағы бет санының таңбасын белгілеп берсе тіпті құба-құп еді. Тіпті жеке­меншік компанияларға әлем­дік­­ інжу-маржандарды аударғаны үшін салықтық жеңілдіктер қарас­тыр­са да артық болмас еді. Жыл са­йын­ сапалы аударма өнім­де­рін­­ өндірген жекеменшік бас­па­ иелеріне арнайы гранттар та­ғайындаса. Себебі қазір аударма­ беруші компаниялар, әсіресе ау­сор­сингтік компаниялар бет санын­ да, бағаны да өз ыңғайына қарай қойып алады. «Келіспесең, басқасы бар» деген ұстаным. Мұның ар жағында көбіне сапасыз өнім жатады. Соған қарамастан өз еңбегін ешкімге бұлдамай, ке­рі­­­сінше нарық заманына ың­ғай­ла­­нып жатқан аудармашылар да бар. Соның бір мысалы, бел­гілі ау­­дар­машы, журналист – Шынар Әбілда қарындасымызды атап­ өтер­ едім. Ол жақында ғана өзі­нің­­­ біраз жылғы аударма ой-тол­ғау­­­ларының негізінде «Әлемді өз­­­герткің келсе, әйелді сүй» атты жи­­­нағын шығарды. Оқырман та­­ра­­пынан сұраныс бар. Яғни аудар­машыларға да нарықты зерт­­т­­еу, нарық сұранысына орай жұ­мыс істеу керек сияқты. Сонда ешкімге де жалынышты болмайды.

 

Динара Мазен:

– Түпнұсқадан аудару үшін алдымен сол тілді жетік білетін мамандар керек және (одан да маңыздысы) олар аударманы қызығып жасауы керек. Бізде қазір көп адам өзін аудармашы санайды, өйткені жұмыс барысында түрлі сала мамандары көп материалды немесе құжатты өздері аударуға мәжбүр. Олардың сапасын тексеріп жатқан адам жоқ. Кез келген мекемеге кірсеңіз қабырғада орысша мәтін мен қасында «ешкім түсінбейтін» қазақ тілінде жазылған аудармасы тұрады. Олар қазақшасы тұруға тиіс деген соң амалсыз шала-пұла аудара салады.

Ал өзім ішінде жүрген кі­тап шығару жұмысына келсек,­ бас­пагерлер үшін сауатты маман­ табу үлкен проблема боп отыр­ға­нын жиі естіп, көріп жүрмін. Былай қарасаңыз, қазіргі жас ма­ман­­­дардың көбі ағылшын тілі­н­ біле­ді, мектептен жақсы үйреніп шығады. Бұл жерде мәселе түпнұсқа тілден гөрі ана тілінің заңдылығын жетік білмеуде сияқты. Бірнеше тіл білетін адамның бәрі аудармашы бола алмайды. Ағылшын тілін жақсы біледі, оқығанда немесе естігенде түсінеді, ал соны қазақша жеткізу жағы қалай? Қалай естісең не оқысаң солай аударып беру екінің бірінің қолынан келер, ал қазақ тілінде жазылғандай етіп аудару – кәсіби маманның ісі.

 

Роза Мұсабаева:

– Германия, Швейцария, Аустрия сияқты немістілді елдерде аудармашылар, қаламгерлер шығармашылық тұрғыда мидай араласып жатады. Түрлі байқаулар, кітап жәрмеңкелері, шеберлік сағаттары өткізіледі. Халықаралық кітап көрмелері мен әдеби форумдарға белсене қатысады. Билік көркем шығармалардың оқылуына ықыласты. Оған қаржы салады. Баспадан шыққан әдеби шығармаларды жақсы жарнамалайды. Әдетте, олар кем дегенде бір әлем (испан, неміс, ағылшын, француз) тілінде сөйлейді. Өзара еркін түсініседі. Оларда мейлі ақын, жазушы болсын, стипендия ұтып алып, Шығармашылық үйлерінде жазумен айналысады. Бізде де сондай мүмкіндік туса ғой. Тек шет тілінен аударып қана қоймай, қазақ қаламгерлерінің туын­дыларын да өзге тілге тіке­лей аударуға мүмкіндік туар еді. Әде­биеттің бір парасы саналатын көркем аударма жанры дамыса, өзге ел де қаламгерлеріміздің тамаша туындыларымен танысу мүмкіндігіне ие болар еді. Бізде неге Аудармашылар ұйымын құрып, шеберлік сағаттары сияқты түрлі шараларды өткізбеске?!

Германияда жер-жер­де­ қа­лам­­­­герлер оқырманмен жүз­де­­­­сіп, жаңа шығармаларынан үзін­­­ділер оқып жатады. Ондай­ бас­­қосуларға төрткүл дүние­ден­­ кеп жататын көркем шы­ғар­­ма тәржімашылары арнайы­ шақырылады. Сол аудармашы­ бел­гілі бір шығарманы өз тіліне ауда­руға ықылас танытып жатса, қуана келіседі. Баспагерлер сол кітаптарды аудармашыға сыйға тартады. Оның осы жоба­мен алаңсыз айналысуына жағдай туғызып, грантпен Аудар­ма­шы­лар үйінде алаңсыз аударуына мүм­кіндік туғызады. Өзге тілге аударылған шығарманы баспа­дан жарық көруі үшін қаржы­лан­ды­ра­ды. Олардан үйренеріміз көп. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, дамыған елдермен терезе­міз­ді теңестірудің бір ұшы аудармада жатыр.

 

 Аудармашы – шығарманың екінші авторы

 – Еліміздегі кейбір университеттерде аударма ісі мамандығы бар. Бірақ солардың арасынан осы салаға өзін арнаған аудармашыларды кездестірмедік. Бұның себебі неде?

 

Динара Мазен:

– Мүлдем аудармашы шық­пай­ жатыр деуге болмас, қазір жақ­сы аударма жасап жүрген маман­дардың біразы Шет тіл­дері­ университеті сияқты белді оқу орындарын бітірген. Дегенмен мамандығы аудармашы болса да, болашағын аудармамен бай­ла­ныстыратын студенттер аз екені рас. Былтыр Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық уни­вер­ситетінің аударма кафедра­сын­да оқитын студенттермен онлайн кездесу өткіздім. Оларға «аудармашы болам деген жоспарларың бар ма?» дегенде «иә» деп жауап бергені аз болды. Абылайхан атындағы Шет тілдері университеті студенттерімен кездескенде де сондай жағдай болған еді. Байқауымша, көбі оқу бітірген соң шет тілінде сұраныс бар басқа салаға кетуді көздейді.

Бір жағынан, олар аударма­ қиын және төлемақысы төмен сала деп ойлайтын шығар. Екін­шіден, жалпы маман даяр­лауда кемшілік көп. Өзім магистратурада «аударма ісі» мамандығында оқыдым. Бірақ онда аудармашы емес, филолог оқытушы болуға дайындап жатқандай сезім болды. Практикада университетке сабақ беруге жіберді. Дипломымда «ауызша аудармашы» деп тұр, бірде-бір рет синхронист немесе ілеспе аудармашылар қасында болып, тәжірибеден өткен жоқпыз. Тіпті оған қатысты дайындық жұмыстары да болмады. Қазір мүмкін жағдай жақсырақ шығар. Арнайы ниеті бар адам интернет арқылы оқып, тіл үйреніп, дами­тын заманда отырмыз ғой. Өз байқауымша, аудармашы болуға да бейім керек, табиғи түйсік қажет. Мықты аудармашы болған химик, техникалық оқу орындарын бітірген таныстарым да бар.

 

Досым Зікірия:

– Себебі жоғарыда айтыл­ған­ аударма саласының тартым­сыз­дығында деп ойлаймын. Аудармашының халықтар ара­сын­дағы алтын көпір екенін нақты пайымдап, оны бағалаған кезде аудармашылар әдеби, көркем аудар­ма саласына бет бұрады. Жете түсінген адамға аударма жұмы­сы­ дегеніңіз – ел мен елді ғана емес, олардың мәдениеттерін, салт-дәстүрін бір-біріне танытатын, оқшырайып тұрған елдерді оқшауламай бауырға тартатын, елдер арасындағы қарым-қатынасты нығайтатын, былайша айтқанда бейресми дипломатия емес пе? Ал осы міндетті мойнына алған аудармашы – орасан зор жауапкершілік арқалайтын маман. Ал сол маманға жақсы ұсыныс болмаса, еңбегі жақсы бағаланбаса, ол елін, жерін, төл әдебиетін, салт-дәстүрін, тілін сүйетін қып-қызыл отаншыл болса да мұндай ауыр істі айлар бойы аш отырып істемейтіні анық. Әзірге көркем аудармадан гөрі сөзбе-сөз аударма немесе телехикаялар тәржімесі өнімдірек болып отыр.

 

Роза Мұсабаева:

– Меніңше, әдебиетке бейім балаларды шет (әлем тілдері) тілін меңгеруге бағыттаса, кейін ол прозаға мейлі поэзияға қалам тербесе де, міндетті түрде көркем аудармаға бір соқпай қоймайды. Әрі қаламгерлердің халықаралық деңгейдегі жиындарында өз ойын (аудармашының көмегінсіз) еркін жеткізуге, өзара түсінісуде еш қиындық болмайды. Сонда ғана әлемдік аренаға шығамыз. Яғни қазақ елі шетел әдебиетін, шетел біздің әдебиетті танитын, оқитын, бағдарлайтын, бағамдайтын болады. ХХІ ғасыр­­­да қазақ қаламгерлері өз қаза­­­нында қайнамай, әлемге таны­лу­­дың бірден-бір кілті осында­ жатыр. Ата-ана, мектеп болып­ баланы көркем шығарма оқуға ынталандырудың жолын қарас­тырса, сондай-ақ аударма ісі факуль­теттеріне оқуға түсуге көбірек грант бөлінсе игі. Әрі теория өз алдына дәріс беретін оқытушының өзі де іс жүзінде көркем шығарманы аударумен айналысып жатса, тіптен жақсы. Жыр құлагері Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасы (әдеби редакторы Герд Хайденрайх) неміс тілінде жарық көрген соң, Гер­ма­ниядағы Дюссельдорф теат­ры­ осы шығарманы сахналады.­ Белгілі аудармашы Әділбек Әлжанов Абайдың «Ескендір» поэма­­сын неміс тілінде сөйлетті. 2006 жылы қаламгер, аудармашы Кеңес Юсуповтың жетек­ші­лігімен жарық көріп келген «Әлем әдебиеті» журналында қаншама әлемдік деңгейдегі тамаша жауһар дүниелер жарияланды. Осы басылымнан Шолпан Байнешова немісшеден тікелей аударған И.В.Гетенің «Жас Вертердің басынан кешкен қасіреттері» шығармасының қазақшасы таңдай қақтырды. Бірақ сол басылымның жабылуы ақылға қонымсыз. Тізе берсе, аударылып жатқан шығармалар болғанымен, теңізге тамызған тамшыдай аз. Осы бір бағалы журнал кейін мемлекет тарапынан қаржы бөлінбегендіктен, жарыққа шығуын тоқтатты. Егер оқырман қауым әлем әдебие­ті­мен сусындасын десек, осы журнал мемлекет тарапынан қаржыландырылса игі.

Мейлі, дамыған, мейлі, дамуы кешеуілдеген ұлт болсын, табиғат қашан да ұлы жазушыларды тудырып отырады. Ал олардың асыл-жауһарлары өзге тілдерге тек аудармашының арқасында ғана танылатынын естен шығармасақ болғаны да.

 

Мақсат Дүйісмағамбет:

– Еліміздегі аударма ісі мамандарын даярлайтын факультет алғаш рет 1989 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде ашылды. Бұл заман талабына сай өмірге келген факультет еді. Өйткені ана тіліміздің мемлекеттік мәртебе алуына байланысты елімізде іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізу қолға алынды. Сондықтан Аударма ісі мамандарын даярлайтын факультеттердегі оқу бағдарламасы, ең алдымен, осы бағытты негіз етіп алған сияқты. Оқу бітірген соң да Аударма ісі факультеті түлектері көбіне-көп іс қағаздарын жүргізу саласында қызмет істеп, алған білімі мен тәжірибесін де осы бағытта шыңдады. Бұл факультетте көркем аударма шеберлігі пән ретінде жүргенмен, іс қағаздарын жүргізу жұмысына көбірек көңіл бөлінді. Аударма ісі мамандығы бойынша білім алған студенттердің көркем аударма саласына ден қоймауының бір себебі осыдан деп ойлаймын.

 

Шолпан Қызайбаева:

– Аудармашы дипломын алғанымен, аудармашы екенсің, мынадай уақыт арасында осындай шығарманы аудара ғой деп оны құшақ жайып ешкім шақырып жатпайды. Мемлекеттік мекеме мен баспалар арнайы жұмыс орнын ұсынбайды. Жас маман басқа саладан да өзіне жұмыс іздейді, компанияларға аудармашы, офис қызметкері болып орналасады, т.с.с. Тағы бір себебі – көркем аударма жасау өте күрделі іс, көбі бұған шыдамайды. Аударатын мәтінді оқып, түсініп қана қоймай, тіпті кей тұсында таза ізденіс жасауға тура келеді.

– Жақсы аудармашы өз саласында қандай шарттарды толық орындауы керек?

 

Мақсат Дүйісмағамбет:

– Жақсы аудармашы өз көңі­­­лінен шыққан, өзінің жан дүниесімен үндесетін туындыны аударуы керек. Өзі аударып отырған шығарма авторының көкейіндегі ойды терең түсініп, іштей ой елегінен өткізуі, шығарма мәтінінің ішкі астарын сезіне білуге тиіс. Түпнұсқа авторының жанына маза таптырмаған сезімдерді, оның жүрек лүпілін тап баса тануы қажет. Шығарма авторы бас­тан кешкен сан алуан сезімдерді аудар­ма­шы да өз басынан кешіруге тиіс. Жазушының өзіндік стилін, тіл өрнегін сақтай отырып аударуы қажет. Аудармашының көкейінде: «Бұл шығарманың екінші авторы –  менмін» деген сенім болуы керек. Аудармашы өзі аударып отырған шығарманың ажарын айшықтай түсуі, қажет десеңіз, түпнұсқа авторымен шығармашылық бәсекеге түсе отырып аударуға тиіс. Аударатын шығармаға аудар­ма­шы өзінің төл перзентіндей қарауы қажет.

 

Шолпан Қызайбаева:

– Ең алдымен, аударатын шығар­мамен өзі тыңғылықты таны­суы керек. Шала білетін дүние­ні аудару қиын. Ештеңені қалт жібермей, сапалы аударғаны жөн. Аударма лицензиясын анық­т­­­ауы қажет (ол лицензия аудар­­машыда немесе аударманы­ басып шығаратын баспада болуы мүмкін). Егер аудармашы автордың немесе баспаның тапсырмасымен жұмыс жасаса, олармен міндетті түрде келісім-шартқа отыруы керек. Ол құжатта екі жақтың келісімінен басқа, аударманың көлемі, қаламақы құны және аударманы тапсыру уақыты сияқты маңызды пункттері белгіленеді. Аударма жасауға жүрексінбегені абзал, мейлі, кей тұсын жымдастас­тыра алмай жатса да. Себебі аудармашының бәрі әдеби түрде аударуы шарт емес. Баспа редак­торы кейін жөндеп алады. Аудармаға кездейсоқ адам келе бермейді. Уақытпен санаспайтын, аударатын дүниенің өзіне ғана емес, оқырман мен баспаларға да берері мол екенін түйсінетін, өз ісіне жан-тәнімен берілген адамнан ғана мықты аударма күтуге болады.

 

Досым Зікірия:

– Меніңше, ең алдымен­ құш­тар­лық, ынта-жігер, қай­сар­лық керек. Жақсы аудармашы болып шығу үшін өзің үйренген шет тіліне бар ынтаңды салып, құштарлықпен беріле үйренуің керек. Үйренуің аз болады, оны да ана тіліңнен кем сүймеуің керек. Арнайы уақыт бөліп, сол тілде ән тыңдап, кино көріп, мақал-мәтелдерін оқып, зерттеп, этнологиясын, этнографиясын, ұлттық асханасын, тарихы мен географиясын да зерттеуің қажет. Сол тілдің өкілімен емен-жарқын сұхбат құрып, дос болып­ кетсең тіпті жақсы. Себебі осының бәрі аудармашының сөздік қорының молаюына керемет септігін тигізеді. Тіл үйрену дегеніңіз көлік тізгіндеуді үйрену емес. Оған қаншама жылдарың, тіпті бүкіл ғұмырың кетуі ғажап емес.

Сонымен қатар аудармашы­ өзінің ана тілінің қадір-қасие­тіне, бар бояуына, нәр-уызына то­лық жарыған адам болғаны өте дұрыс. Көркем шығарма аударатын­ адам ғалым болса, тіпті құба-құп. Аударманың бұл түрі – жан-жақты дайындықты талап ететін өте күрделі дүние. Сондықтан да­­ бұл саладағы ау­дар­­­­­­машы жан­-жақты, дүние­та­нымы кең, тәжірибесі мол болса, онда сапалы дүниелер ту­дыра алады. Сонда ғана өзің өкілі болып табылатын халқың сенің аударған еңбегіңді өз туын­дысындай қабылдап, төл әдебиетіндей сүйсініп оқиды.

 

Динара Мазен:

– Бұған дейін айтқанымдай, елімізде барлық салада құжаттар, материалдар көбіне орысша, оны сол мекеме қызметкерлері өздері аударып алады. Олардың көбі өзін аудармашы санайды. Кейде бір адамдармен танысқанда «фрилансер аудармашымын» десең, олар қызығып, «мен де жұмыста құжаттар аударып жүрмін, маған да тапсырыс алып берші, аударма жасай алам» деп жатады. Сол кезде аударма ісін екінің бірінің қолынан келетін оңай жұмыс санайтындарын байқап, таңғаламын.

Аудармамен кәсіби айна­лыс­қаныма он жылдан асты, оған­ дейін мен де журналист, оқы­ту­шы болғанда әуесқой аударма­ жасайтынмын. Жақсы аудар­ма­шы болу үшін бізге үнемі үйрену керек, аударма саласына­ қатысты әдебиеттерді оқып отыру, сын естуге даяр болу және сын­ды қабылдай алу керек. Аудар­­­ма­шы­ны шыңдайтын – сын. Аудар­ма­ жасап біткен соң редактордан өтеді, сосын тапсырыс берушіге жетеді. Ол екеуі риза болса, көңілің орнығады.

Сапалы аударма жасау – бас­­ты­­ міндет, оған қоса аударма­ны­­ уақтылы өткізу, межелі уа­қы­­тын сақтай білу де маңызды. Фрилансер жұмыс кестесін өзі бел­­гілейді, тайм менеджмент сақ­­тамаса жұмысы жүрмейді. Мықты, бірақ өте жалқау аударма­шы­­ таныс­­тарым бар. Тапсырыс беру­­шіге уәде берген уақыттан кешік­тіріп, шырылдатып қою адамгершілікке қайшы.

 

Роза Мұсабаева:

Өзінің төл әдебиетін бала күнінен оқып, өн бойына ұлттық болмыс, салт-санасын сіңіріп, ана тілін жетік меңгеруге күш салса болады. Тілдік қоры бай болуы үшін ұдайы көп ізденіп, өзін жетілдіріп отырса, өзге аудар­­машылармен тәжірибе алмас­­тырып отырса нәтижелі бол­мақ. Өз басым әлі жетілу үстін­де­мін. Аударылған белгілі бір шығарманың веб-сайты болса, оны өзге аудармашы да аударса, ең үздік аударма өздігінен танылмай ма?! Мысалы, немістің лирик ақыны Генрих Гейненің тамаша «Лорелея» өлеңін Жуковский, Блок, Маршак және т.б. орыс тіліне аударды. Бірақ бәрінен де ең сәтті шыққаны – Вильхельм Левиктің нұсқасы. Аударма – әде­бие­т­тің қан тамырындай қасиетті жанр. Аудармасыз әлем әдебиеті тұл.

 

Дөңгелек үстелді жүргізген

Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН,

«Egemen Qazaqstan»