Жастар • 13 Сәуір, 2023

Әлеуметтік карта не үшін керек?

394 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биыл жұмыссыз жастардың әлеуметтік картасы жасалады. Бастаманы «Amanat» партиясының «Жастар рухы» жастар қанаты қолға алды. Ұйым биыл 14 пен 35 жас аралығындағы азаматтар арасындағы өзекті мәселе – жұмыссыздықпен күресу жолында «Жастарға жұмыс» жобасын іске қосты. Бұл туралы «Жастар рухының» төрағасы Нұржан Жетпісбаев хабарлады.

Әлеуметтік карта не үшін керек?

Мамыр айынан бастап партияның жастар қанаты 20 аймақта заманауи жәрмеңкелер ұйымдастырып, азаматтардың нақты әлеуметтік картасын құрап шығарды. Бұл құжат жас азаматтың нақты тұрғылықты жерін, білімін, соңғы уақытта зейнетақы қорына қанша аударым жасағанын, қызығушылығын, соңғы рет қандай жұмыспен айналысқанын және оның өзге де сұраныстарын қамтиды.

«Жастардың өзекті сұрақтарына жауап беру – біз үшін өте маңызды. Мәселен жұмыссыздық мәселесіне байланысты біз жыл басында «Жастарға жұмыс» жобасын іске қостық. Биыл 100 мың жасты жұмыспен қамтуды негізгі мақсат етіп отырмыз. Өйткені жас­тар ауылдан қалаға келген кезде базардың төңірегін жағалайды, такси жүргізеді немесе жеткізіп беруші болып жұмысқа орналасады. Сондай азаматтардың кей кездері құжаттары дұрыс болмай жатады. Кейбіреуінің тұрғылықты мекенжайы жоқ болып шығады. Жалпы, мұнда қарапайым қағаздан бастап, сотқа дейінгі мәсе­лелер көптеп кездеседі. Әлеуметтік карта – осының бәрін айқын көрсететін құжат. Біріншіден, есігіміз жұмыссыз жастарға әрдайым ашық, біз олардан хабарлама күтеміз. Екіншіден, өңірлердегі мәслихат депутаттарына жол картасы аясында жергілікті әкімдіктермен бірлесіп, әлеуметтік картаны әзірлеуді тапсырып жатырмыз», деді Н.Жетпісбаев.

Осылайша, жастар қанаты аудандардағы екі қолға бір күрек таппай сенделген жастарды қызметке орна­ластыруды көздеп отыр. Бұған дейін олар «Сәтті қадам», «Жастар кадрлық резерві» сынды бірқатар жобаны іске асырған еді.

«Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды қоса есептегенде, жастар арасындағы жұмыссыздық 10 пайызға дейін жеткен. Жалпы әрине, 100 мың деген бұл көп емес, дегенмен де бұл біздің алғашқы қадамдарымыздың бірі. 100 мың жұмыс орны түрлі мамандықты қамтиды. Қазірдің өзінде тау-кен өндірісі бойынша 2 мың жұмыс орнын жұмысшылармен қамтамасыз ету бойынша келісімдер жүргіздік. Сондай-ақ қазір «Самғау» деген жоба қосылып жатыр. Бұл жоба Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп жасалған. Бағдарлама жас маманға Ұлттық компанияларда, ірі бизнес компанияларда тағылымдамадан өтіп, жұмысқа орналасу мүмкіндігін беруді көздейді. Осыған қоса 2,5 пайыздық несие беру арқылы 1-2 жасты жұмыспен қамту мәселесі де қолға алынады», деді «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы.