Экономика • 12 Сәуір, 2023

Русиф ХУСЕЙНОВ, саяси сарапшы: Екі елдің қарым-қатынасы нығая береді

215 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Күні кеше Түркі және Кавказ елдерінің назары Қазақстан мен Әзербайжанға ауды. Өйткені Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев ресми сапармен елге келді. Осыған орай сарапшылар екі елдің қарым-қатынасын саралап, жоғары баға берді. Мәселен Әзербайжан саяси сарапшысы Русиф Хусейнов «осы кезге дейін саяси, экономикалық, мәдени салаларда тығыз байланыс орнатқан қос мемлекеттің арасына ешқашан сызат түскен емес» деген пікір білдіріп, «The Politicon» саяси-ғылыми журналында «Әзербайжан-Қазақстан қарым-қатынасы: қазіргі жағдайы мен болашағы» атты мақаласын жариялады. Мақалада сарапшы Кавказ елдерінің ішінде Қазақстанмен тығыз әріптес әрі дос елге айналған Әзербайжан ғана екенін айтады.

Русиф ХУСЕЙНОВ, саяси сарапшы: Екі елдің қарым-қатынасы нығая береді

Коллажды жасаған Алмас МАНАП, «EQ»

Сарапшы Русиф Хусейнов мақаласында екі елдің саяси, экономикалық, мәдени байла­ныстарының бастауын түп тарихынан жіті қарастырады. Оның мәліметіне сүйенсек, кеңес одағы ыдырамас бұрын Әзербайжан делегациясы Қазақстанға сапармен келген. 1991 жылдың 1 қазанындағы сапар нәтижесінде екі ел 10 жылдық келісімге қол қояды. Онда бір-бірінің аумақтық тұтастығын мойындап, қорғаныс пен қауіпсіздік салаларындағы ынтымақтастықтың перспективалары көрсетілген.

Алайда Қазақстан-Әзербай­жан қарым-қатынасы Каспий теңізінің әлеуетіне байланыс­ты тереңдей түседі. Өйткені Әзер­байжан Республикасы Қазақ­стан үшін Түркия мен Еуропаға шығатын көпір, ал Қазақстан Әзербайжан үшін Орталық Азия мен Қытайға жол ашады. Осындай перспективалардың негізінде елдер Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы келісімге тез арада қол жеткізді, ал мұндай ке­лісім жағалаудағы өзге елдерде әлі жоқ. Екі ел де континенттер арасында көпір бола алатын қолайлы геосаяси жағдайға ие бола отырып, Шығыс-Батыс көлік-энергетикалық дәлізін дамытуға мүдделі. Осылайша, екі елдің арасындағы экономикалық байланыс өркендей түседі.

2003 жылы Ильхам Әлиев Әзербайжан президенті болып сайланғаннан кейін эконо­микалық жобалардың ауқымы кеңейе түсті. Мұнай, энер­гетикалық және кө­лік дәлізін да­мыту екі тарап үшін де зор ма­ңызға ие болды. 2006 жылдың маусымда Ильхам Әлиев­тің Қазақ­станға жұмыс сапары бары­сында Қазақстан мұнайын Кас­пий теңізімен Әзербайжанға «Баку-Тбилиси-Джейхан» мұнай құбыры арқылы тасымалдауға қатысты екі негізгі құжатқа қол қойылды. Ал 10 жылдан соң екі ел арасында жасалған келісім 100-ден асты. Әрине, олардың ішіндегі Стратегиялық әріптестік және одақ­тастық қатынастар туралы келісім ең маңыздысы болып қала бермек.

Энергетика және көлік жобалары 1990 жылдардан бері Әзербайжан-Қазақстан қарым-қатынастарының негізгі бағыт­тары болды: Қазақстанның басты мақсаты – көмірсутегі ресурс­тарын экспорттау үшін Батыс нарықтарына қауіпсіз қол жеткізу еді. Осы бағыттағы транзиттік көпір бола алатын Әзербайжан өзін сенімді ел ретінде ұсынды. Ортақ энергетикалық жобаның алғашқысы 1997 жылы екі ел басшылары қазақстандық мұнайды әлемдік нарыққа тасымалдау бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған кезде жасалды. Бұл бастама Әзер­бай­жан-Грузия-Түркия мұнай құ­бырын салған кезде күшейе түсті.

«Көптеген сарапшы, әсіресе Әзербайжан тарапы, мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастарды стратегиялық деп есептейді. Қазақ­станды Әзербайжанның Орта­лық Азиядағы ең жақын одақ­тасы деп атауға да болады. Бұл байланыстар 30 жылда ешқан­дай құлдырау көрген жоқ, екі ел ара­сында айтарлықтай проблемалар да орын алған жоқ», дейді Русиф Хусейнов.

Екі ел арасындағы қарым-қатынас халықаралық ұйым­дар аясында да дамыды. Әзер­байжан мен Қазақстан – БҰҰ мен оның агенттіктері, ТМД, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақ­тастық ұйымы, Экон­о­микалық ынтымақтастық ұйымы және Түркі кеңесін қоса алғанда, бірнеше әмбебап және аймақтық құрылымдарға мүше және қаты­сушы мемлекеттер.

2010 жылы Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі «Еу­ро­паға жол» арнайы бағдар­ла­масын әзірледі, оның басым­д­ықтары ЕО-Қазақстан эконо­ми­калық ынтымақтастығы және қазақ­стандық басқару жүйе­сін же­тілдіру еді. Батыс елдері мен инс­титуттары өз кезе­гінде Қазақ­станға және барлық Ор­талық Азияға үлкен қызы­ғу­шылық таныт­ты. Себебі Батыс елдеріне Ре­сей немесе Иранды айналып өте­­тін жалғыз көпір Әзербайжан болды.

Осы орайда әзербайжандық сарапшы «Қазақстан Ресей бас­қаратын ұйымдарға қо­сылу ар­қылы еуразиялық инте­гра­циялық үдерістердің бір бөлігі бо­луды ұйғарғанымен, оның Әзер­байжанға қатысты саясаты түбегейлі өзгерістерге ұшы­рамады, өз кезегінде Әзербайжан да бірқалыпты қарым-қатынасты сақтауға ұмтылды», дейді.

Негізі тәуелсіз қос мемлекет арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар 1992 жылы 30 тамызда құрылды. Қазақ­стан­ның Әзербайжандағы елші­лігі 1993 жылы 9 қаңтарда, ал Қазақ­стандағы Әзербайжан елшілігі 2004 жылы 1 наурызда ашылды. 2008 жылы 6 қыркүйекте Ақтау қаласында Әзербайжанның бас консулдығы қызметін бастады.

Русиф Хусейнов сонымен қатар екі мемлекеттің түп-та­мырына үңіледі. Оның айтуынша, шын мәнінде Әзербайжан мен Қазақстанның титулды этностық топтары – әзербайжандар мен қазақтар үлкен түркі отбасынан шыққан. «Ділі бір, діні бір» немесе «тілдері бір, діні бір» деп аталатын әзербайжан-қазақ бауырластығы Алтай тауынан тараған және ислам дінімен ны­ғайған түркі халықтарының түп-төркінінен бастау алады. Әзер­байжан және қазақ тілдері түркі тілдерінің түрлі топтарына жататынына және бір-бірін түсінбейтініне, сондай-ақ әзер­байжандар исламның шииттік тармағын, ал қазақтар суннит­тік ханафилік мазхабын ұстаны­тынына қарамастан, екі елді көп­теген ортақ фактор байланыс­тырады. Олар бір-бірін серіктес ел болудан да артық санайды.

Қазақстан Әзербайжанның аумақтық тұтастығын мойындаған елдің бірі, ал бұл көрші Арме­ниямен қазіргі қақтығыс жағ­дайында Әзербайжан үшін ма­ңызды болып отыр. Оның үсті­не Қазақстанда кем дегенде 100 мың әзербайжан ұлты қоныстанған, олар да екі елдің бауырластық және достық қарым-қатынасын нығайтуға үлестерін қосып келеді.