Пікір • 09 Сәуір, 2023

Ғалым қыздың өнегесі

6894 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бізде өрескел түсінік қалыптасқан. Қазақша білмейтін, жатпен жұп құраған адамды ұлттың жауы, адамның соры санаймыз. Жуырда өзіміз куә болған бір оқиға әлгі түсініктің тас-талқанын шығарғандай болды.

Мерекелік нөмірдің біріне кейіпкер іздеп шарқ ұрған әріптесіміз Халықаралық бағдарламалар орталығына хабарласады. Бұл – баршаға белгілі «Болашақ» бағдарламасын ұйым­дастыратын, үйлестіретін мекеме. Жур­на­листің көктен іздегені жерден табылып, ор­та­лық әлемдік рейтингтің сарапшысы атанған, жа­с болса да тың жобаларымен жаһан наза­рында жүрген ғалымды ұсынады. Әлемдік рейтингті түзетін таңдаулы топтың қата­рында болу екінің біріне бұйыра бермейтін бақ­ екені белгілі. Бірақ әлгі ғалым қыздың бір­ міні бар екен. Қазақша білмейді. Біздің жур­налистің де бойында бір «кілтипан» бар. Орыс­шаға шорқақ. Қайтпек керек?

Қолға түскен кейіпкерді құр жіберу – жур­на­­лиске сын. Бас тарта­йын десе, бұдан артық кейіпкер табылмайды. Та­былса да, ол да осы секілді болуы мүмкін ғой­. Оның үстіне шетелде оқып, ғы­лым жолында жетістікке жеткендердің дені қа­зақшаға шорқақ келетіні тағы бар. Амал жоқ, ақыры екеуі ағылшын тілінде сөй­лесіпті. Екі қазақтың ана тілінде түсінісе ал­мауы үлкен қасірет, әрине. Ол аздай­ ғалым шетелдікке тұрмысқа шыққан екен.

Ана тілін білмейтіндігіне, жат жұртқа ұза­тыл­­­ғанына қаны қарайып, жаны жүдеп отырып­ мақаласын жазған әріптесіміз әне-міне газет бе­тіне түскелі тұрған дүниені кейіпкеріне оқы­тып­ алуды жөн көріпті. Хабарласса, жас ғалым «Ма­қалаңыздың бір жеріне анамның есімін кірік­тіре аласыз ба?» деген өтініш айтыпты. «Неге?» деп таңғалған журналиске: «Менің ғы­лым жолындағы алғашқы ұстазым анам еді.­ Ол – қазақ әйелдерінен шыққан алғашқы өнер­тапқыштың бірі. Әттең, ғұмыры келте бол­ды. Жетістікке жетіп, бақытқа бөленгенімді көре­ алмай кетті. Өтініш, ұмытылып бара жат­қан­ есімі қайта жаңғырып, аруағы бір аунап түс­сің, тілегімді орындаңызшы» деп қиыла жа­уап қайырыпты.

Мынаны естіген әріптесіміздің сол жерде­ буын-буыны босап, ұялы телефонын да өші­ру­ге шамасы келмей сұлқ түсіп отыра кетіпті. Ті­лін білмесе де, түбін ұмытпаған, жатпен жұп құраса да, дінін жоғалтпаған қарындасын іш­тей жазғырып, сөккені үшін Алладан мың мәр­те кешірім сұрапты. Сөйтіпті де, ғалымның ана­сына бір сөйлем емес, тұтас бір абзацты арнап­ты. Шынында да, анасы елге белгілі үлкен ғалым болыпты. Дәрінің бірнеше түрін ойлап тап­қан екен.

«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көре­­сің» демекші, таңғалғанның көкесін мақа­ла шыққан соң көрдік. Ғалым қыз өзі туралы келістіріп мақала жазған журналисті редак­ция­ға іздеп келді. Әдетте, мұндай жағдай сирек­ ке­з­деседі ғой. Қолында папкасы бар бір қыз, кі­лең жігіттер отыратын кабинеттің есігін ашып, рұқсат сұрап ішке енді. Бірден таныдық. Соның дәл өзі. Қазақшасы да тәп-тәуір екен. Тек «қате сөйлеп қоямын ба» деп қуыстанатын көрінеді. Сонда не айтты дейсіз ғой.

«Біріншіден, мақалаға анамның еңбегі туралы дерек қосқаныңызға ризамын, – деді әріптесімізге бұрылып. – Екіншіден, сізбен қазақ тілінде тілдесе алмағаныма кешірім сұрай­мын. Үшіншіден, қазақ газеттеріне деген­ көзқарасымды өзгерткеніңіз үшін алғыс­ білдіремін. Қысқасы, сізге жүзбе-жүз рах­ме­тім­ді айтып, қолыңызды алуға келдім», деді. Сөйтсе, ғалым қыз осы күнге дейін «қазақ тілді журналистер орысша білмейді, ағылшыннан мүлдем мақұрым» деген көзқараспен өмір сүріп келген екен. Орысшаны қойшы, газет журналистерінің арасында ғаламдық тілде де дидарласа алатын жаңа буынның қалыптасып келе жатқанын білмеген ғой.

Осы оқиғадан кейін әріптесіміз де ағы­нан­ жарылды. «Осы күнге дейін қазақша ұқ­пай­тын қандастарымды, жатпен жұп құраған жер­лестерімді ұлттың жауы санаушы едім. Қате­лескен екенмін және қателескеніме қуанып отырмын. Ғалым қыздан көп ғибрат алғандай болдым. Ана тілін білмейтіндер ұлтын сүймейді деген ұшқары ойдан енді аулақ боламын. Әлгі қызбен әңгімелесіп отырып аңғарғаным, нағыз қазаққа жаны ашитын ғалым екен. Жаны ашымаса, ғылыми жаңалықтары мен жобаларын шетелде жүзеге асырар еді ғой. Жоқ, игіліктің бәрі еліме болсын деп отыр. Анаға деген, аруаққа деген құрметі қандай? Мұндай қадам тамырынан ажырамаған қазақ қыздарының ғана қолынан келеді. Қазақ тілін білмегені үшін қаракөздерімізді бекер жазғырады екенбіз. Соны ұқтым. Ана тілін білгені жақсы, әрине. Бірақ ұлтқа қызмет етуге бұл да кедергі емес екен. Осыған көзім анық жетті», деді.

Бұл жағдай бізді де сан түрлі ойға жетеледі.

Айтпақшы, журналист әріптесіміз ғалым қыздың атақты анасы туралы мақала дайындап жатыр.