Су тасқыны • 29 Наурыз, 2023

Солтүстіктегі қыстың соңғы әлегі

222 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Еліміздің оңтүстігінде күн жаздағыдай ыси бастаса, солтүстікте «сең енді қозғалып», көлкіген қар суы жайылудың аз-ақ алдында тұр. Наурыздың 25-нен бері күндізгі температура тұрақты түрде 10 градустық жылылықты көрсетуде. Күрт бұлай жылыну қарды тез ерітіп, ағын судың қатерін анағұрлым арттырары анық. Жердің тоңы әлі толық жібімегендіктен, қар суы топыраққа дұрыстап сіңе алмай, айналасына ен жайылып, өзен-суға жақын қоныстанған елді мекендерді басып қалу қаупін күшейтеді...

Солтүстіктегі қыстың соңғы әлегі

Суретте: мұзды қопарғыш заттармен жарудан көріністер

Облыс әкімі Айдарбек Сапаров осы мәселеге қатысы бар барлық құрылымдар мен аудан басшылары қатысқан облыстық кеңесте жағдайды жіті талқылап, қажетті тапсырмалар мен өкімдерін берді. Об­лыстың жағдайын өте жақсы білетін әкімнің назарынан ешқандай мәселені бүгіп қалу әсте мүмкін емес. Әсіресе, кезінде өзі қызмет атқарған М.Жұмабаев пен Есіл өзенінің бойында орналасқан Шал ақын аудандарындағы осал тұстарды тиісті әкімдерден қатаң сұрады.

Петропавл қаласы аудандарының ішінде қар суының қаупі «Жұмысшы кентінде» жоғарылау болып тұр. Тек қана жекеменшік үйлерден тұратын бұл ауданнан тәулігіне 618 текше метр қар шығарылуда. Аулалардан шығарылған қар көшеге үйіледі де әрі қарай коммуналдық қызметтер далаға тасиды. Барлық қар басатын мөлтек аудандарда ұзын саны 118 адам қар шығарып, ағын судың жолын аршуда. Олардың қолында 21 техника мен 34 мотопомпа бар. Бұлардан басқа 11 ауыр экскаватор мен 2 бульдозер де дамыл таппай қызмет етуде. Сонымен қатар жекеменшіктердің 27 экскаваторы мен 43 бульдозерін жалға алу туралы келісімшарт жасалған.

Осы жекеменшік компаниялармен қала әкімдігі жыл сайын келісімшартқа отырып, техникаларын жалға алады. Айдарбек Сапаров осынша техниканы қаланың коммуналдық қызметі өзі неге сатып алмайды, «кісідегінің кілті аспанда» емес пе, олар жыл сайын жалдау ақысын көбейте береді ғой», деп сұрады. Оған жауап беруге қала басшылығы дайы­н емес екен, барлық жоқ-барды сараптап, ұсыныс түсіретінін айтты.

Ағын су өтеді-ау деген 397 шақырым жол ашылған. Су өтетін 2051 құбыр аршылды. Сонымен қатар 130 шақырымдай арықтар тазаланып, судың ағысындағы кедергілер алынған. Қала ішінде 308 ауланың су жүретін жолдары тазаланған. 

Қазір Ш.Уәлиханов, Айыртау, Ғ.Мү­сі­репов аудандарындағы шағын өзен­дердің сіресіп жатқан мұздары қопарғыш заттармен жарылуда. Өйткені күрт тол­ған ағын судың барар жері болмай, тасқынға жол берілуі мүмкін. Бұл өзендер жаздыгүні еш зиянсыз бол­ғанымен көктемде осындай мінез танытады. Сондықтан соңғы күндері Ғ.Мүсірепов ауданы арқылы өтетін 3 өзен учаскесінде жарылыс жұмыстары жүрді. Күні бойы Аққанбұлақ өзенінде, Чистополье және Стерлитамак елді мекендерінің маңында және Раисовка селосының жанындағы Шарық өзенінде қолдан жарылыстар жасалды. Наурыздың 27-де Айыртау ауданындағы 3 учаскеде де жарылыс жұмыстары жүргізілді. Олар Гусаковка селосының маңында Бабық-бұлақ өзенінде, Жақсы-Жанғыстау елді мекенінің жанындағы Қарасу өзенінде және Имантау ауылының жанындағы Жыланды және Осиновка өзендерінің арнасында болды. Жақын елді мекендердің тұрғындары бұл туралы алдын ала хабарланып, құлағдар болып отырды. Жарылыс жұмыстарын жергілікті атқарушы органдардың қа­тысуымен облыстық ТЖД және Көк­шетау қаласынан алдырылған ма­мандандырылған ұйым – «Көкше-БУР» ЖШС жүргізді. «Біз жарылғыш заттармен бір жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеміз. Міндетіміз – су деңгейінің күрт көтерілуіне және кептеліске жол бермеу, егер су жолын осылай ашпасақ ол жақын маңдағы ауылдардың шеткі көшелерінің төмен орналасқан учаскелеріне қауіп төндіреді», деп түсіндірді Ғ.Мүсірепов атындағы аудан әкімінің орынбасары Ерлан Аманжолов.

Осы күнге дейін жарылыс жұмыс­тарының жалпы ауданы 2400 ш.м. жеткен. Бұл жұмыстар әлі де жалғасуда.

Ағын суды қарсы алуға Ақжар және Жамбыл аудандары сылбырлық танытуда. Облыс әкімі осы екі ауданның әкіміне нақты тапсырма беріп, жауапкершілік тікелей өздеріне жүктелетінін ескертті.

Облыстық гидрометеорологиялық қызметтің хабарлауына қарағанда Есілдің Сергеев су қоймасындағы толығуы биыл жобалық қуаттың 70 пайызындай ғана болмақ. Бұл былтырғыдан да 6 пайызға төмен. Ал Петропавл су торабында Есіл суы жобалық қуаттың 87 пайызын ғана толтырады деп күтілуде. Айта кетер болсақ, Сергеевка су қоймасының сыйымдылығы – 1296 млн. текше метр. Күтілетін су көлемі – 720-1080 млн текше метр.

Осы қызметтің болжауына қарағанда көктем сары майдан қыл суырғандай аса жайлы бола қоймайды. Алдағы күндерде күн райы күрт салқындап, қар аралас жаңбыр жауып, ауа температурасы 5-10 градусқа дейін төмендеуі күтілуде. Облыстық ТЖД қыз­меті мұндай тосын жайттарға да дайынбыз деп белді бекем буып отыр.

 

Солтүстік Қазақстан облысы