Мереке • 20 Наурыз, 2023

Ұлттық тәрбиенің бастауы

160 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесінің табиғатынан ұлттық тәрбиеге қатысты көп игілікті көруге болады. Осынау мейрамда халқымыздың әбден сұрыпталған, ғасырларды көктей өтіп бүгінге жеткен салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, таным-түсінігі, ұстанымы жарқырай көрініп, санада жаңғырады. Наурыз мерекесі қарсаңында Табиғат-ананы аялаудың озық үлгілеріне жататын түрлі рәсім, жөн-жоралғыларымыздан, халықтың рухын көтеріп қана қоймай, жан мен тәнді тәрбиелеуде, бойды шынықтырып, ширықтырып, ептілікке баулуда таптырмайтын ұлттық ойындарымыздан ата-бабаларымыздың шежірелі өмір жолын, ұрпақ тәрбиелеудегі амал-тәсілдерін анық көресің.

Ұлттық тәрбиенің бастауы

Наурыз тойы бейнебір ізгілікке шақы­ру, жақсылықты насихаттау алаңы іспеттес. Бұл ұлы мерекеде дәстүрлі әде­бие­тіміз, мәдениетіміз, әдет-ғұрпымыз, салт-санамыз, діліміз, дініміз, тарихымыз ұрпаққа барынша насихатталады. Шын мәнінде, Наурыздың елге, болашаққа берер ең үлкен игілігі де осы болса керек. Бұл жерде баршаға насихат, кішіге кеңес сөзбен емес, нақты іспен көрсету арқылы жүзеге асырылатынын Наурыз тойының артықшылығы деп айтар едік.

Қыстан қысылыңқырап шыққан ж­а­ма­­ғат арық-атыздарды тазалап, бұлақ көзін ашып, ағаш отырғызып көктемгі тіршілігін игі іспен бастайды. Бұл деген нағыз тәрбие емес пе? «Бұлақ көрсең көзін аш», «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деген аталы сөздер осыдан қалған. Ал әйелдер қауымы ағарған қосып неше түрлі тағамдар, ас мәзірлерін жасап, дастарқан байлығын еселейді. «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын» деп шын ниетімен Құдайдан молшылық тілеген қазақ ақты дәулеттің, тоқшылықтың нышаны ретінде таныған. Ағарған төрт түліктен алынады. Демек, ақтың мол болуы мал-жанның амандығына тәуелді. Олай болса, ақтың мол болуын тілеу бір жағынан алғанда Тәңірден тек бақ-дәулет қана емес, тыныштық, татулық, бейбіт өмір сұрау.

Бұрынғы қариялар Наурыз мерекесі қарсаңында ырымдап бұлақ көзіне май тамызып, әйелдер жағы ерлердің еккен көшеттердің түбіне ақ құйып, ақ шүберек байлап жататын. Осылайша, атам қазақ «көк – құттың көзін ашу» рәсімін жасаған. Айналып келгенде осындай іс-әрекет арқылы қазақ қоғамының үлкендері кейін­гілерге табиғатты байлықтың, рызықтың бас­тауы деп тануға үгіттеп, туған жерді, туған елді сүю, құрметтеу, қорғау әр азаматтың басты парызы екенін ұқтырған. Осынау үлгі-өнегені бойы­на сіңірген бала көк шөпті жұла ма, ағаш бұтақтарын сындыра ма, жәндік атаулыға зиянын тигізе ме? Әрине, жоқ. «Ұят болады», «сауап болады», «обал болады», «жақсы болады», «жаман болады», «күнә болады» деген ескертпелерді естіп өскен ұрпақтан қандай да бір жаман­дық шықпасы белгілі. Бұл деген бойына ізгілікті қасиеттер тұнған, жақсылық жасауға асығып тұратын, жақсыға жанасып, жаманнан қашық жүретін, әлсізге қамқор, жоқ-жітікке болысқыш, жетім мен жесірге жанашыр болатын жанды тәрбиелеп шығудың керемет, баламасыз жолы емес пе.

Атам қазақ Наурыз күнін «ақ түйе­нің қарны жарылған күн» деп бекер айтпаған. Ұлыстың ұлы күні бата­гөй, әулие, көргені мен түйгені мол ақсақалдардан Наурыз бата сұралады. Қазақ қоғамында орны тек төр болған осындай қазыналы қариялардың берген батасы жамағат үшін қашанда қымбат. Бабаларымыздан қалған «Баталы ұл арымас, батасыз құл жарымас», «Батаменен ел көгерер, жаңбырменен жер көгерер» деген мақалдардан батаның қаншалықты маңызды екенін түсінеміз. Тәңірден тілек тілеудің, нығмет сұраудың түркілік классикалық үлгісі – бата беру, бата алу дәстүрінің тәрбиелік мәні өте терең. Наурыз күнгі тілек сөзсіз қабыл болады, жақсы адамнан бата алғанның жолы жақсылыққа бастайды деген ырым-наным бар. Бата жүрекке жылылық құяды, жүректі қуантады. Үлкеннен бата алған жас тек жақсылыққа ұмтылады. Мұның тәрбиелік маңызы да осында.

Тағы бір ерекше тоқтала кетер жайт, Наурыз мерекесінде араздасып жүрген адамдар төс қағыстырып, татуласуға тиіс. Өкпе өткен жылдың еншісінде қалуы керек. Мұның астарында ел ішінің татулығын, қоғамдық қатынастардың сыйластыққа негізделуін қалаған жама­ғат­тың ақ ниеті жатыр. Бірлікке шақыру, ынтымаққа үгіттеу – нағыз ұлы іс. Ұлыс­тың ұлы күнінде осынау ұлы іске баса назар аударылуында үлкен мағына бар.

Қазіргі заманауи өркениеттің сын-қатерлері әлемдік кеңістіктегі отбасы институтына өзгерістер енгізіп, дәстүрлі құндылықтар жойылып, рухани дағдарыс кеулеп келе жатқаны аңғарылады. Бұл дағдарыстан еліміз де шет қалмайды. Сондықтан мемлекеттің қолдауымен ұлттық педагогика мен психология саласындағы тәжірибелі мамандарды қатыстыра отырып, рухани саланы қамтитын бейнедәрістер, отбасылық құндылықтар туралы бейнероликтер тарату сынды тиімді жобаларды жүзеге асыру маңызды.

Осындайда артында аталы сөз қал­дыр­ған жазушы Әбіш Кекілбаевтың «Жал­пақ əлемді аузыңа қарату үшін рухани ерлік керек, жалпақ əлемге қысылмай, қымтырылмай қарау үшін рухани байлық керек» деген сөзі еске түседі. Бұдан біз руханияттың қоғам, адам үшін рөлінің аса маңызды екенін ұғамыз. Олай болса, рухани құндылықтарымыз жарқырай көрінетін, барынша насихатталатын Наурыз тойы қашанда маңызды болып қала бермек.